Еңбекпен өрілген ғұмыр

0

Халқымызда еңбегімен еленіп, ғұмырын ғибратты өткізген жандар аз емес.
Үлкендердің жолын ұлылық деп ұғынатын ұрпақ алдыңғы буын өкілдерін әркез құрметтеп, төріне шығарады. Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел аузында жүрген, ауыз толтырып айтарлық азаматтарымыз баршылық. Осы азаматтарымызға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге ету біздің басты мақсатымыз.
Осындай жанның бірі –есімі елге елеулі Тойбала Запенова. Ғұмырының 40 жылын су шаруашылығына арнаған еңбек ардагерінің орны ерекше. Тойбала әжеміз жастайынан-ақ жасындай жанып, жұлдыздай жарқыраған жан. Бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған кейуана.
Кейіпкеріміз 1946 жылы Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Ленин (қазіргі Әйтеке би) атындағы орта мектепті аяқтап, сол жылы Жамбыл қаласындағы гидромелиоративті құрылыс институтына оқуға түсіп, білім ордасын 1971 жылы бітіріп шығады. Су шаруашылығы саласы бойынша білім алған жас маман 1971 жылы Сарысу ауданындағы Бүркітті су бөлімінде еңбек жолын бастайды. Осы жерде табан аудармай 2000 жылға дейін бөлім басшысы қызметін жемісті атқарады.
Амангелді Қасымбековпен 1972 жылы тағдырлары тоғысып, шаңырақ көтереді.
Жолдасы Амангелді Қасымбеков Жайылма совхозында қойма меңгерушісі болып қызмет етті.
Тойбала әжеміз бүкіл әулеттің, ауылдың ұйтқысы бола білді. Қасиетті қара шаңырағынан қонақ үзілмейтін. Үйінің іші үнемі тап-тұйнақтай таза, ошақ оты сөнбейтін. Тойбала әже мен Амангелді ата балаларын тазалық пен тәртіпке негізделген тірлігімен тәрбиелеп, ұлдарын жинақы етіп өсірді. «Тазалық – иманнан» дегенді айтып қана қойған жоқ, күнделікті өмірімен дәлелдеп өтті.
Алланың үкімінде шара бар ма, жолдасы Амангелді Қасымбеков келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды.
Тойбала әже қайғыға мойынұсынбай, белін бекем буып, болаттай берік болды. Өмір ол кісіні шыңдай түсті.
Сабырмен өмір сүріп, ұлдарының тілеуін тілеп, туған-туысқа пана болды.
Жұмысы далада болса да, бар көңілі бес баласында болды.
Ұрпақ тәрбиесінде балаларына өнегелі өмір сүріп, адал еңбек етудің жолын көрсетті.
Оларды оқытып, жеткізді. Бүгінде ұлдарын үйлендіріп, олардан 17 немере, 4 шөбере сүйді. Қиын шақтарда мойымай, тағылымды тәрбие берген әжені балалары ұстаз тұтады.
Сарысудағы қазақ қыздарының арасынан алғаш шыққан білікті су маманы өзі еңбек еткен жылдарда ауданның су саласы жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ұзақ жылғы адал еңбегі, қарапайым халыққа жасаған қызметі мен мінезінің кісілігі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалмады.
«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, мақтау грамоталарымен, 2016 жылы «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталған.
Бұл ел мүддесіне қызмет еткен қарапайым еңбек адамына берілген лайықты құрмет еді. Ол қарапайым қызметімен ел ықыласына бөленді. Биліктің емес, адамшылықтың биігінде жүрді. Жақсыны көрсе қолдап, жаманды көрсе, жақсылықпен түзеуге тырысатын. Кісі ақысы, ағайын арасы, көрші хақы бәрін елге жақсылық жасаушы кісілік өлшеммен өлшейтін, көптің адамы болды.
Маңдай терін сүртіп жүріп, адал еңбекпен өмір сүрген Тойбала әже: «Елдің амандығы мен халықтың бірлігінен артық тілегім жоқ», — дейді.
Жай қолыңды жамағат,
Алладан тисін шапағат!
Бергеніне Алланың
етіңдер, қалқам, қанағат.
Қастарыңнан достарың қалмасын,
Арттарыңнан дұшпан шалмасын!
Халыққа жаман нәрсе ешқашан болмасын.
Аурудан Аллам құтқарсын.
От пен судан, тіл мен көзден, ауру-сырқаудан, жол азабынан сақтасын.
Сендерге жасымды берсін!-деді әже бізге де батасын беріп.
Төккен тері мен еткен еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген Тойбала әжемізді сексеннің сеңгіріне шыққан сәтімен құтты болсын деп ізгі тілегімізді білдіреміз.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.