БІЗДІҢ МУСЯ АПАЙ
Муся. Муся апай- бұл жадымызда жатталып, жүрегімізде қатталып қалған есім. Тек қана мектеп емес бүкіл ауыл Муся дейді. Мектеп қабырғасында білім берген ұстаздардың атын атамай тек апай деп үйренген біздер үшін сүйікті ұстазымыздың Муся апай деген есімі жүрегімізге жақын болды. Осы апаймен алғаш рет қашан, қалай танысып едік осы. Өткен шаққа шолу жасап, жадымның жықпыл –жықпылындағы жасырынып жатқан мәліметтерді жаңғыртуға тырыстым. Жоғары сыныпқа көшкен кезіміз. Бүгін судай жаңа мұғалима апайдың келетін күн. Оны ойлап жүрген біз жоқ. Өйткені он бала он тоғыз қыздан құралған сыныбымыз мектептегі ең озат оқушылардың көшбасын бермейтін ұжым. Ол кезде әр сабақ кабинеттік жүйемен өтетін. Орыс тілі мен әдебиеті пәніне арналған кабинетте улап-шулап отырмыз. Бір кезде есік ашылып сыныпқа сұңғақ бойлы, қаққан қазықтай тіп –тік бір сұлу келіншек кіріп келді. «Менің атым Муся, бүгіннен бастап орыс әдебиетінен сабақ беремін» деді де сынып журналындағы тізім бойынша бәрімізбен танысып алып, әрі қарай сабақты бастап кетті. Орысшасы қазақшадан, қазақшасы орысшадан мықты. Екі тілде де төгіліп тұр. Жаңадан ашылған адам — жаңа ғана көз алдыңда һауыз жарған гүл сияқты. Муся апай біз үшін жаңа ғана бүршік атып, жапырақ ашқан гүл тектес болды. Білетінімізден білмейтініміз көп екен. Орыстарға Петр патшалары Европаның терезесін ашып берсе Муся апай бізге орыс әдебиеті мен әлем әдебиетінің қақпасын айқара ашып берді.
Осылайша біздің апай өмірлік таңдауы- орыс әдебиетінің мұғалімі болғандықтан осы қасиетті де ұлы мамандыққа қылау түсірмей, бәрімізді орыс әдебиетінің нәрімен сусындатып әдеиет пен мәдениеттің арқасында текті тәрбиенің бесігінде тербетті. Қазақ және орыс әдебиетін салыстыра отырып мектеп бағдарламасында қарастырылмаса да әлем әдебиетінің жауһарлары арқылы біздің жүрегімізге таңғы шықтай мөлдірлікті ұялатты.
Жалпақ жұртқа Муся атымен танымал болған апайымыздың шын аты — Мағи Асылханова. Апайымыз 1946 жылдың бiрiншi айының он алтыншы күнiнде жарық дүниеге келiптi. Кіндік қаны тамып, шыр етiп жарық жерге түскен жерi Буйнақ қаласы. Қарапайым етiкшiнiң қызы. Әкесi Мырзақажы Рейхстагқа ту тігіп. Берлинді құлатпаса да фашизмнің етек жаюына тосқауыл қойған екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Қан майданнан мүгедек болып оралған ардагер жанға сұрапыл соғыстың зардаптары кесірін тигізіп әкей 1952 жылы ақ кемесiне мiнiп, барса келмеске аттанып кеткен. Үлкен әпкесі Әнипа да Отан үшін қолына қару ұстап, тар жол тайғақ кешуден өткен жан. Ұлы Отан соғысы аталып келген қалтарысы мен бұлтарысы көп майдан жолында Әнипа өз махаббатын жолықтырды. Офицер шеніндегі қазақ жігітімен тағдыры табысқан әпкесі соғыстан кейін Байқадам селосына келіп тұрақтаған еді. Әкесінен кейін анасы қайтыс болған соң Муся апай Әнипа әпкесінің қасына көшіп келіп, аудан орталығы Байқадамға табан тірейді. 1965 жылы Байқадам қазақ орта мектебiнен кәмелеттiк аттестат алады. Қатал өмір ерте есейткен Муся апайдың алдында енді жоғары білім алу мақсаты тұрды. Армансыз мақсат бола ма? Сол кезеңге тап келген бала біткеннің балалығын ала қашқан сұрапыл соғыстың зардабын көріп, жоқшылықтың кермек дәмін татып өссе де рухы берік, арманы асқақ, мақсаты заңғар Муся апай тіршілік жолында тынымсыз еңбек етіп шыңдағы шынарға қол созды. Арманы орындалып Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтта орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білім алып мақсатына жетті.
Адами қасиетті өзіне қорек етіп, мейірімділіктің дәнмен көктеп өскен апайымыз мектеп қабырғасында бәрімізді жан жылуымен жылытып, бойымызға адалдықтың шуағын шашты. Муся апайдың басты кредосы адамдық пен адалдық еді. Өмір өзінің ұзақтығымен емес мән- мағынасымен өлшенбей ме? Өзгелерге шапағатың мен шарапатың тимесе өртеніп, күйіп өмір сүрдім деп айта аласың ба ? Осы орайда адамдығымен, адалдығымен адам жанына шарапаты мен шапағатын тигізген Муся апай біздің ұлық ұстазымыз деп нық сеніммен айта аламыз.
«Қара суды қайнатқанмен май шықпайды» деген тәмсілге құлақ түріп «Муся» деген есім немесе атау нені айшықтайды деп осы сөздің түп тамырына үңіліп көрейік. Көне тілде Муся дегеніміз даналық пен мейірбандылықтың белгісі екен.Түріктерше сөйлейтін болсақ нәзіктік пен махаббатты айшықтайды. Ал, ежелгі грекше әдеміліктің, шығармашылық шабыттың, поэзия мен музыканың Музасы.
Даналық пен мейірбандылықты, нәзіктік пен махаббатты бойына сіңіріп алдынан өткен шәкірттері үшін шығармашылық шабыттың музасы болған біздің Муся- Мағи Асылханова апаймыз сексен жасқа толып отыр. Сексеннің сеңгіріне сергек келген Муся апайымызды Байқадам қазақ орта мектебінің барлық түлектерінің атынан шын жүректен құттықтаймыз.
Шоқан Шөжеев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Журналист. Сценарист. Продюссер.