Таулардың тұрақты жүргізушісі

0

Ақтоғай ауылының тумасы Шаттық Ғалымбетұлы Сәулебеков бүгінгі күні еліміздің тау-кен өндірісіндегі нағыз еңбек адамының жарқын үлгісі.

Қарапайым ауыл баласының жолы ауыр еңбектің, отансүйгіш­тіктің және отбасылық құнды­лықтардың үлгісі. Шаттық Ғалымбетұлы жастайынан еңбектің тайқазанында шыңдалып өскен. Әкесі жүргізетін ауыр жүк көлігінің тізгініне алғаш рет отырған сәттен бастап ауыр жүк көліктеріне деген қызығушылығы оянған. Сол құштарлық оны бүгінгі күнге дейін таулардың қиын жолдарында жүріп келе жатқан «БелАЗ»-дың тізгініне әкелді.
Қазіргі таңда «ЕвроХим» тыңайтқыш тау-кен өндірісінде 12 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Оның негізгі міндеті тау ішіндегі тас, руда және доломитті кендерді тасымалдау. Бұл жұмыс талап ететін жауапкершілік, төзімділік пен кәсіби шеберлікті Шаттық Ғалымбетұлы толық меңгерген. Тау жолдарының қиындығына қарамастан, ол әр күні өзінің ауыр жүк көлігімен өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне үлес қосуда. Оның еңбегі-ел экономикасының негізі болып табылатын тау-кен саласының дамуына тікелей арналған нақты істердің бірі.
Өмір жолы да еңбекпен өрнектелген. Ауылда сауатын ашқан ол Байқадам ауылындағы СПТУ-124 училищесінде білім алып, мамандық иесі атанды. Отан алдындағы борышын Алматы облысының бұрынғы Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласында өтеді. Әскерден оралған соң да еңбек жолынан айныған жоқ.
Бүгінде Шаттық Ғалымбетұлы 4 баланың әкесі. Өзі бала кезінен еңбек етуді үйренгендіктен, өзінің ұл-қыздарын да кішкентайынан еңбекке баулып, жауапкершілікке тәрбиелеп отыр. Жұбайы екеуі ауыл­да мал ұстап, қолдан құрт, май жасап, дәстүрлі шаруашылықты жалғастырып келеді.
Бұл олар үшін қарапайым күнкөріс көзі емес, ұрпаққа қалдыратын үлгі.
Ең бастысы, кейіпкеріміз туған Ақтоғай ауылында, балалық шағы өткен жерде су жаңа жер үйдің іргесін қалап, отбасы үшін берік қара шаңырақ орнатты. Бұл үй оның жылдар бойғы маңдай терінің, адал еңбегінің нәтижесі. Мұндай азаматтар еліміздің іргесін нығайтып, жастарға нағыз еңбек адамының үлгісін көрсетеді.
Шаттық Ғалымбетұлы секілді қарапайым, бірақ қайсар, төзімді және отбасына берілген азаматтар көп болса, еліміздің болашағы әлдеқайда жарқын болары сөзсіз.
Еңбек адамы – елдің тірегі!

Анель СПАН, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 3- курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.