Бәрі де бюджетке байланысты
Егемен еліміз тәуелсіздік жылдарында ғасырға бергісіз ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Шекарамыз шегенделіп, мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Төл теңгеміз айналымға енді. Бұл әрине, айтуға ғана оңай.
Ұлттық валютамыздың тарихы тәуелсіздік жылдарымен тығыз байланысты. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалар біраз уақыт ортақ рубль аймағында болғаны белгілі. Алайда, экономикалық тұрақсыздық жағдайында өз ұлттық валютасын енгізу – елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы еді.
Сөйтіп, 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге ресми түрде айналымға енді.
Алғашқы теңге банкноттары Ұлыбританияда басылып шыққан болатын. Олар ұлттық нақыштағы бейнелермен, тарихи тұлғалардың суреттерімен безендірілді. Ал монеталар Алматы қаласындағы арнайы Монета сарайында соғылды.
Теңге атауы да тектен тек таңдалған жоқ. Бұл көне түркі сөзі «тең» немесе «теңгеру» ұғымдарынан шыққан.
Бүгінде теңге тек төлем құралы ғана емес, еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің нышаны. Қазіргі уақытта ұлттық валюта электронды жүйелерге бейімделіп, заманауи қауіпсіздік элементтерімен жетілдіріліп келеді.
15 қараша күні тек Теңге күні ғана емес, сонымен қатар Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде де атап өтіледі. Бұл күні еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып жүрген қаржыгерлерге құрмет көрсетіледі.
Осы орайда Сарысу ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің ұжымы да артылған сенімді ақтау жолында абыроймен қызмет атқарып келеді. Мекеме жергілікті бюджеттің атқарылу есебі және коммуналдық меншігін басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Сонымен қатар аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес бірыңғай мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырушысы болып табылады.
Мұндағы мақсат — мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру, адал бәсекелестік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы.
Ағымдағы жылдың басынан қаржы бөлімінің тарапынан 825,6 миллион теңгені құрайтын 35 мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен 26,5 миллион теңге үнемделді.
2025 жылдың 1 қарашасына Сарысу ауданы бойынша кіріс бөлігінің жоспары 7,0 миллиард теңге болса, нақты түскені 7,6 миллиард теңге, орындалу көрсеткіші 107,7 пайызды құрады. Оның ішінде бюджетке түсетін салықтық түсімдер 116,9 пайызға орындалды. Салықтық емес түсімдер 157,8 пайызға қамтамасыз етіліп, бюджетке 17,1 миллион теңге артығымен түсті.
Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер жоспардағы 57,2 миллион теңгенің орнына 97,3 миллион теңге түсім жасалынып, 170,1 пайызға орындалды. Артық түсімдер Жаңатас қаласындағы коммуналдық пәтерлерді жекешелендіру есебінен орын алды. Көптеген аз қамтылған отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері өз меншіктеріне алуға қол жеткізді.
Бюджеттің шығыс бөлігінің есепті кезеңге жоспары 7,3 миллиард теңге кассалық шығындар 7,3 миллиард теңге немесе 99,8 пайызды құрады. Бюджеттің шығыс бөлігіне мониторинг жүргізіліп, объективті және субъективті себептері анықталды. Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына сәйкес үнемделген қаржыларды жоспардан қысқарту бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне ұсыныстар беріліп, аудандық мәслихаттың шешімімен бюджетті нақтылау барысында кемітілді. Жыл қорытындысымен бюджеттің шығыс бөлігі толық қамтамасыз етілуі күтілуде.
Төртінші деңгейлі бюджетке тоқталсақ, Сарысу ауданы бойынша 1 қала және 9 ауылдық округтен тұрады. Салықтық түсімдердің 8 түрі, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер және шығындардың 8 бағдарламасы ауыл бюджетіне берілді. Нақтылай айтқанда, салық және салықтық емес төлемдер, яғни табыс көзінен алынбайтын жеке табыс салығы, мүлік салығы, жер салығы, көлік құралдарына салық, бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін алынатын төлемақы, сондай-ақ ауыл әкімдері салатын айыппұлдар, коммуналдық объектілерді сатудан түскен кірістер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер.
2025 жылдың 1 қарашасына бюджеттің IV деңгейіндегі салықтық түсімдер жоспары 108,9 пайызға немесе 136,9 миллион теңгеге артық орындалды.
2024 жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда IV деңгейіндегі бюджетке 200,0 миллион теңге артығымен қамтамасыз етілді, өсім 140,0 пайызды құрады. Бұл дегеніміз ауыл тұрғындарының және ауыл әкімдерінің жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге және олардың ауылдарын дамытуға мүмкіндік береді.
Даму бағдарламаларына ағымдағы жылы 837,2 миллион теңге қарастырылды. Атап айтқанда Жаңатас қаласы полигонына электр жүйесін салуға 120,0 миллион теңге қаралып, толық игерілді.
Сарысу ауданы Қаратас ауылына газ жүйесін тарту, Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасына блок модульді газ жүйесін салу, Шағалалы ауылындағы Шағалалы орта мектебіне блок модульді газ жүйесін салуға 64,0 миллион теңге қаралып, толықтай жұмыстар жасалынды.
Жаңатас қаласы 2 шағын аудандағы 90 пәтерлі №32 тұрғын үй ғимаратын қайта жаңғыртуға 170,6 миллион теңге бөлінді. Аталған қаржының 163,0 миллион теңгесі игерілді.
Соңғы бюджетті нақтылаумен Сарысу ауданында қуаты жылына 400 мың тонна кальцийленген сода өндіру зауытының шекарасына дейін Ақкөл көлінен су тартқышты салу нысанына 500,0 миллион теңге қаралды.
Сонымен қатар бірнеше бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қаралған. Мәселен, Сарысу ауданы, Байқадам ауылдық округіне қарасты «Өтес» каналын, Жайылма ауылдық округіне қарасты «Нижный Беркутты», Киров, Қызыл ту каналдарын, Жаңаталап округіне қарасты Дюкер, Кәрітоған, Кедей, Тасарық каналдарын, Игілік ауылдық округіне қарасты «Байшахан» каналын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамаға әзірленген өзгерістер мен толықтырулар енгізуге 22,4 миллион теңге қарастырылған. Жыл қорытындысымен аталған жобалардың құжаттары аяқталып, тиісті жоғарғы тұрған бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне өтінім берілетін болады.
2025 жылға аудан бюджетіне тұрғын үй сатып алуға құңды қағаздар шығару есебінен берілетін бюджеттік кредиттер 1,9 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаржыға жаңадан соғылған және қайта жөндеуден өткен 120 пәтер сатып алынып, Жаңатас қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасыларға берілетін болады.
Ерлан Имашев, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы