жұмыс сапарымен келді
Өткен аптада «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ауданымызға жұмыс сапарымен келді.
Дауыл Ынтықбайұлы алдымен аудандық орталық ауруханада болып, биыл ғана іске қосылған компьютерлік томографиялық құрылғының жұмысымен танысты. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Тұяқбайқызы бірқатар мәселелерге тоқталды. Мәселен, аурухананың ғимараты ескі және гемодиализ аппаратын алу қажет. Аталмыш ұсынысты тыңдаған партияның облыстық филиалының төрағасы мәселені облыс деңгейінде көтеретінін айтты. Сондай — ақ, Дауыл Ынтықбайұлы «Аудандық орталық аурухана» бастауыш партия ұйымының кабинетін көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай — жапсарына қанықты. Аталмыш бастауыш партия ұйымында 349 мүше тіркелген. Жуырда аудандық «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауында жүлделі орынды иеленген болатын.
Мұнан соң аудандық «Коворкинг» орталығында партия төрағасы аудандық мәслихаттағы фракция, саяси кеңес пен саяси кеңес бюросы, партиялық бақылау комиссиясы және бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен жиында партияның алдағы мақсат-міндеттемелері талқыланып, партияның жұмысын жандандыруда белсене атсалысу қажет екені айтылды. Жиында «Игілік» бастауыш партия ұйымының төрайымы Ақнұр Маукенова партияластарға үндеу жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында туындаған міндеттемелерді іске асыра беретінін жеткізді. Жиыннан соң Дауыл Бейсенқұлов азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Келген азаматтар қаладағы ит мәселесі мен көпқабатты үйлердің ауласында қоқыстың шашылып жататыны айтылды. Аталмыш мәселелерге Заң аясында жауап берілді.
Жұмыс сапарымен келген Дауыл Ынтықбайұлын аудан әкімі Сәкен Мамытов қабылдап, жылы пікір алмасты. Аудан басшысы партияның жобаларын сәтті іске асыруда жан — жақты қолдаулар көрсететінін айтып, маңызды мәселелерді талқылады. Партияның облыстық филиалының төрағасы сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС-сі «Қаратау» ТКӨК кәсіпорнының директоры Әділхан Ералиевпен кездесіп, аудандағы ең ірі саналатын «Қаратау» бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысты. Бүгінде 770 мүшесі біріктірілген бастауыш партия ұйымының жұмысы жандануда. Кәсіпорын директоры Әділхан Шынайдарұлы бүгінде 951 азаматтың тұрақты жұмыс істеп жатқанын айтып, оларға қолдау көрсету, қаланың инфрақұрылымын дамытуға ықпал ете беретінін айтты.
Іссапардың соңында Дауыл Ынтықбайұлы қаладағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 2 шағын аудандағы 90 пәтерлі 32 тұрғынүйдің құрылысымен танысты. Мердігер бүгінде нысанның есік-терезелері толық ауыстырылып, едені жаңартылғанын, құрылысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғандығын айтты.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалы