ХАЛЫҚ СЕНІМІН АРТТЫРУ — МІНДЕТІМІЗ

0

Аптаның жұмасында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихатындағы депутаттық фракция отырысы өтті. Жиынға фракция мүшелері, саяси кеңес бюросы мен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша барлық аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттарының халықпен кездесу кестесін бекіту және түсіндіру жұмыстары туралы фракция жетекшісі Мұратбек Есмұрзаев баяндама жасады: — Халықпен кері байланыс құру, олардың тілегіне құлақ асу маңызды әрекет болып табылады. Сонымен қатар, алдымызда келе жатқан үлкен реформаның кезінде фракция, саяси кеңес пен саяси кеңес бюросының мүшелерінің белсенді болуы тиіс. Біздің мақсат -қашан да сапалы жұмыс жасау екенін ұмытпайық! Осы ретте орталық аппараттың тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылдың сәуір – мамыр айларында әр фракция мүшелері өздері сайланған округ бойынша 5 кездесу өткізу қажет. Кездесу өткізу уақытын өздеріңіз белгілеп, ұйымдастырып, мәліметі мен суреттерін партияның аудандық филиалына жолдауларыңыз қажет, — деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Ауыл аманаты» жобасының ауданымызда іске асырылуы туралы аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ануар Қоянтайдың есебі тыңдалды: — «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша жыл басынан «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ауданнан шағын бизнесті дамыту 10 құжат өткізілді.
Оның ішінде 3 азамат 21,6 млн. теңге несие алды. Қосымша 11 млн. теңгеге 2 құжат мақұлданған. Қалған 6 азаматтың құжаттары қаралуда.
Бүгінгі күнде аудан бойынша 3 азамат құжаттары жинақталуда, құжаттар макеті толықтырылған соң «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өткізілетін болады.
*Анықтама ретінде: 2024 жылы 359,9 млн. теңге 47 жоба бойынша несие алынды. Оның ішінде 143,8 млн. теңге 14 жоба ауыл шаруашылығы бағытында, 93,9 млн. теңге 4 жоба қызмет кәсіпкерлік бағыттағы жобалар және 119,2 млн. теңге 19 жоба қызмет көрсету бағытында (СТО, вулканизация, техосмотр, мойка, тігін цехы, кілем жуу т.с.с.).
Осы жоба негізінде кооперативтерді қаржыландыруға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен келісіліп, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 8 жоба ұсынылды (2026 жылы 3 жоба, 2027 жылы 1 жоба, 2028 жылы 2 жоба, 2029 жылы 2 жоба).
2026 жылға ұсынылған 3 жоба ішінде 2 жоба сиыр сүтін жинақтап, өңдеу бағытында, 1 жоба бие сүтін өңдеп, ПЭТ ыдыстарға құйып шығару жоспарланған.
Бүгінгі күнге кооперативтер құжаттарын жинақтап, апта ішінде «Тараз» ӘКК-на құжаттарын ұсынады. Бұл бағыттағы жұмыстар бақылауға алынды, — деді. Күн тәртібінде сондай-ақ, «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктелді.

Самат Тоқбанов — «AMANAT» партиясы аудандық филиалының консультанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.