ОНОМАСТИКАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Қайратұлы Әтеннің қатысуымен өткен аптаның жұмасы күні «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында аудандық орталық кітапхананың «Coworking» білім орталығында облыстық «Семинар-кеңес» шарасы болып өтті.
Облыстық семинарға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов және аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топтың мүшелері, Жаңатас қаласы және ауылдық округ әкімдері, «Ономастика» саласына жауапты мамандар қатысты.
Семинарда облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Атен ономастика саласының заңнамалық актілерге және әдістемелік ұсынымдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында ономастика саласының Заңнамаларын, бекітілген жол карталарын, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру, қайта атау, мағынасы жағынан ескірген атауларды қалпына келтіру мәселелері түсіндіріліп, объектілерге, көшелерге кісі есімін бергенде өте мұқият болу, үлкен жауапкершілікпен қарау керек екендігі айтылды.
«Ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінеді» деген бөлім басшысы ономастикалық атауларды бір жүйеге келтіруде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін алға тартты.
Кездесу барысында ономастикаға қатысты қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»