Ауыл халқының алғысы…

0
Бүгінгі күні Тәуелсіз ел атанып, Егемен Қазақстан болғанымызға да отыз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері қарқынды даму үстіндеміз. Біз-бақытты ұрпақпыз… Себебі, ата-бабамыз көрген шапқыншылықты, басқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай адамның жанын, жақынын алған сұм соғысты мына біздер, жас ұрпақ көргеніміз жоқ. Бейбіт өмірмен қатар, аталарымыз келер ұрпағы үшін найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған байтақ жерді, асыл қазынамыз ана тілімізді, ежелден келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды бізге аманаттап кетті. Біз Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан бақытты ұрпақтармыз.
   Түркістан ауылдық округінде де мемлекетіміз тарапынан жасалынып жатқан жаңа, жарқын істерді көптеп айтуға болады. Кешегі Кеңестік кезеңде де болмаған асфальтталған автокөлік жолдары, округке қарасты елді мекендердегі жаңадан соғылған ауыз су, көшедегі түнгі жарықшамдар т.б  көптеген ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарды тізбектей айта беруге болады.
Бұл жерде тоқталып айтайын деп отырғанымыз аймақтағы төрт ауылға қатынайтын автобус туралы. Мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдікпен ауыл халқын ауданымыздың орталығы Жаңатас қаласына апарып-әкеліп тасымалдайтын, жолақысы да төмен, жүрер уақыты да қолайлы автобусқа тұрғындар дән риза. Осы мемлекеттік бағдарламаны іске асырып, халыққа қолайлы жағдай жасап отырған түркістандық жеке кәсіпкер Мейрамхан Дүтбаев. Осыдан үш жыл бұрын адам тасымалдауға алынған автобус ескірген соң, жолаушылар өмірінің қауіпсіздігі үшін,  жаңадан автобус әкелді.
     Округтің қысы қатал, боранды-дауылды болады. Кейде тіпті қаламен арадағы жол жабылып қалуы да мүмкін. Осындай жағдайда жолаушыларды қауіпсіз тасымалдап, қыстың күні тайғақта, қар басқан жолда да үлкен жауапкершілікті мойнына жүктеп, тұрғындарды діттеген  жеріне жеткізу жүргізушілердің басты міндетіне жүктеледі. Автобус жүргізушісі болып, халық үшін жұмыс істеген алдыңғы жүргізуші Нұрланұлы Нұржан мен қазіргі автобус жүргізушісі Сайлауұлы Саматқа және жеке кәсіпкер  Аманбайұлы Мейрамханға ауыл халқы разы.
Ауыл тұрғындарының алғыстарын газет бетіне жариялап, халық игілігі үшін, жеңілдікпен түрлі бағдарламалар жасап отырған Мемлекетіміздің қарыштап, дами беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Жаныс Арыстанбеков,
Түркістан ауылдық округі

Leave A Reply

Your email address will not be published.