ЕҢБЕК-ЫРЫС ҚАЗЫҒЫ

0

Ақ таңы арайлап атып, алтын күні күлімдеп батқан алтын бесік ауылдарымыз көпті көріп, көненің көзі болған қазыналы қарттарымыздан кенде емес. Сондай саналы ғұмырын, өнегелі өмірін, еселі еңбегін халқына қызмет етуге арнаған ойы орамды, сөзі уәлі қарияларымыздың бірі саудакенттік Елеубеков Мейрамбек ағамыз. Ақсары жүзді, ашаң бойлы, мінезі салмақты бұл ағамыз мен үшін бейтаныс, көлденеңді көк атты кісі емес. Ауыл аралас, қой қоралас, төскейде төл, төсекте бас қосылған дегендей бір ауыл аймақты мекен етеміз. Сәлемімізің сәті түскенде жиі кездесіп жүретініміз де бар. Көңіл жақын, сәлем түзу қариямен жуырда тағы да жолығысып қалғаным бар. Жылы шырайлы аман саулықтан соң күлім қағып:
-Зымыран уақытта тоқтау жоқ екен. Қүндер сырғып, жылдар жылжып өтіп жатыр. Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеген қарттықтың қыратына шықтық. Жаратқан иенің беріп жатқан сыйы шығар. Қараша айының басында 75 жасқа толады екенмін. Ауылшаруашылығы саласында азды-көпті еңбек еттік. Газетке мен жайлы мақала жазып жіберсең жөн болар еді,-деді.
Ел-жұртына қадірлі қарияның базыналық бұйымтайына қалайша қарсы уәж айтарсың. Сонымен жақсының жақсылығын айтайық, нұры тасысын деген ниетпен қолға қалам алдық. Ең алдымен үлкен өмірдің ұлы көшінде жүріп өткен еңбек жолдарына көз жүгірткеніміз де жөн болар.
Мейрамбек Елеубекұлы 1950 жылы «Коммунар» кеңшарында дүниеге келіпті. 1966 жылы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепті бітірген соң Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. 1970 жылы экономист-есепші мамандығын алған соң еңбек жолын Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» қой кеңшарында бухгалтер болып еңбек жолын бастайды. 1971-1973 жылдары «Түркістан» кеңшарының орталық бухгалтериясында, 1973-1975 жылдары «Байқадам» кеңшарында бас бухгалтердің орынбасары қызметтерін атқарған. 1975-1986 жылдары «Жайылма» кеңшарында бас есепші, 1986-1987 жылдары аудандық РАПО-ның аға ревизоры, есепші, 1987-1995 жылдар аралығында «Жаңатас» кеңшарында бас есепші, 1995-1998 жылдары аудандық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары, 1998 жылдан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман қызметін атқарады. 2011-2013 жылдары аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысының орынбасары, 2013 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінде бас маман болған.
Сол жолғы ыстық ықыласты кездесуде Мейрамбек аға үзік сырлы сұхбатын жалын атқан жастық шағынан бастаған еді.
-Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепті 1966 жылы тәмамдадым. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған кісі еді. Аттестатты алып келген күні ерекше көңілденіп сөзге келді.
-Жаратқан иенің шапағатына шүкір. Ат жалын тартып, азамат болды деген осы. Келешегіңді ойла, оқуыңды жалғастырып, жоғары білім ал,-деді.
Асқар тау әкемнің ақылын анам Аманкүл де қуана құптады. Әкемнің ақ тілекті батасын алған соң сол кездегі астанамыз Алматы қаласына жол тарттым. Жолым болды. Алматы халық шаруашылығы институтының күндізгі бөліміне оқуға түстім. Курстастарыммен бірге студенттік өмірдің қызықты сәттерін бастан кештім. 1970 жылы институтты ойдағыдай бітіріп, экономист-бухгалтер мамандығын иелендім. Сол тұста институт бітірген жастарға Ауыл шаруашылығы министрлігі жолдама беретін. Мен жолдамамен Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» қой кеңшарына бардым. Бухгалтер мамандығымен еңбек жолым басталды. Әрбір мамандықтың өзіне тән қиындығы болады екен. Ертелі-кеш табысы шаш етектен, іргелі шаруашылықтың әр саладағы кіріс-шығыс, есеп-қисабымен айналысу оңай шаруа болмай шықты. Институттан алған теориялық білімімді іс жүзінде практикамен ұштастыруға күш салдым. Үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Қызметтес, білікті мамандардан тәжірибе алмастым. Жақсы қызметің, жайлы тұрмысың болғанмен туған жер, өскен елдің жөні бөлек екен. Ауылға аңсарым ауа бастады. Оның үстіне жасы келіп қалған әкемнен «Көз алдымда жүргенің жөн. Еліңе қайт» деген хат та жиілей түсті. Бір күні кеңшар басшысы Олжас Жұмабековке қызметтен босату жөнінде өтініш жазып алдына бардым. Білімді де білікті, жақсы әрі іскер кісі еді. Ердің жасы елуді еңсеріп қалған директор қарсы болғанын жасыра алмады.
-Бізге өзіңдей жас кадр жұтар ауадай қажет еді. Мұның қалай, Мейрамбек? Жоқ, келіспеймін. Өтінішіңді алып кет,-деді.
Үнсіз қала алмадым.
-Солай етпеске болмай тұр, аға,-дедім.
-Құпия болмаса себебін айтсаңшы.
-Әкем елге қайт деп хат жазып жатыр.
-Әкең қанша жастағы кісі еді.
-Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елу жастан асты.
-Соғыс және еңбек ардагері екен ғой. Жарайды ол кісіні ренжіткенім үлкен айып болар. Амал жоқтан келісуге тура келеді екен.
Көңілім алып ұшып ауылға жеттім. Сол тұста тың жерді түлетіп, 22 ұлттың өкілдері еңбек бәсекесін ұстаның көрігіндей қыздырған «Түркістан» кеңшарының аты алысқа ұзап, дүрілдеп тұрған кезі еді. Жайқалтып егін өсірумен қатар төрт түлік мал да өсіруші еді. Тауарлы сүт фермасының балды бармақ сауыншылары табыстың тайқазанын қайнатып тұрған болатын. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Аманжолов Жақсылық ағаға сәлем бере барып, жұмыс сұрадым. Ол кісі көңілді қарсы алды.
-Сенің жоғары білім алып, сырт жерде жұмыс істеп жүргеніңнен хабардар едім. Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған ғой. Елге оралғаның дұрыс болған екен. «Түркістан» кеңшарының бухгалтериясына есеп-қисап мамандары жетіспей жатыр еді. Сол шаруашылыққа барасың.
Көсегенің көк жоны табиғаты ғажап, қысы қатал, жазы салқын өлке. Тың жерге түрен түскенде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Түркістан солай туған» очеркін шабыттана жазған құтты мекен. Бұл шаруашылықтағы еңбек жолымның тұсауын кеңшар басшысы Адамбаев Жұматай аға кесті.
-«Жас келсе-іске» деген. Сәттілік тілеймін,-деді.
Ауыл шаруашылығы саласында 40 жыл үздіксіз еңбек еттім. Осы жылдар ішінде жандары жайсаң басшымен де, қосшымен де қызметтес, дәмдес, тұздас болдым. Жақсы жандардың көңіліңе нұр сәулесін шашқан өмірлерінен, адамгершілік қасиеттерінен өнеге, іскерлік қасиеттерінен тәлім алдым. Жұматай аға өте сауатты әрі іскер адам еді. Орыс және қазақ тілінде іркіліссіз таза сөйлейтін. Қарамағындағы кадрлар мен қарапайым еңбек адамдарына қамқорлығы ерекше болатын. Жақсылық жасауға асығып жүретін.
-Сананы тұрмыс билейді деген сөз бар. Отбасылық жағдайларыңда жетіспеушілік болып жатса жасырмай, ұялмай айтыңдар. Бәріміз де бала-шаға, қара қазанның қамымен еңбек етіп, өмір сүріп жүрміз ғой,-деген сөзді жиі айтушы еді.
Арада екі жыл өткен соң «Байқадам» кеңшарының директоры Жұмабеков Жүніс аға бас бухгалтердің орынбасары қызметіне шақырды. Бұл шаруашылықта да екі жыл қызмет еткен соң аудандық ауылшаруашылығы басқармасы «Жайылма» кеңшарына бас есепші етіп жіберді. Директоры Сапар Төлегенов болатын. Бұл кеңшарда 11 жыл қызмет еттім. Аудандық РАПО-да аға ревизор, есепші боп жүргенімде «Жаңатас» кеңшарының директоры Мұханов Қоңырбай ағамыз «құда» түсе келді.
-Меселімді қайтара көрме, Мейрамбек. Біздің шаруашылыққа кел. Бас есепші боласың,-деді.
Бұл шаруашылықта өтпелі кезең келіп, кеңшар тарағанша сегіз жыл бас есепші қызметін мінсіз атқардым. Бұдан кейінгі еңбек жолдарым аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінде мемлекеттік қызметтермен жалғасты.
Оттағы қазандай қайнап жататын өмірде, қызмет бабында қызықты сәттер көп болады ғой. «Жаңатас» кеңшарында еңбек етіп жүргенімде мынадай оқиға болды. Көп күндердің бірінде шаруашылық басшысы Қоңырбай Мұқановтың қызмет бөлмесіне кірдім. Келген шаруа, бұйымтайымды айттым.
-Қоңқа, бізден басқа шаруашылықтың бас есепшілерінде жеңіл көлік бар. Маған да қызметке мінетін машина әперсеңіз қайтеді?-дедім.
Бүгінде өмірде жоқ, ауызын ашса жүрегі көрінетін марқұм Қоңқаң өз ойын бүкпесіз ашық айтушы еді.
-Мейрамбек, сен буынсыз жерге пышақ ұра көрме. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген. Саған машина әперіп сау басыма сақина тілеп алар жайым жоқ. Сен алсаң барлық бас мамандар машина сұрайды. Ең дауасы бәрің де ішіне сиятын автобус­ты мініп ал. Қайда барсаң да сенікі болсын.
Сөздің тоқетері айтылған соң іскер басшыны қайтып мазалағаным жоқ. Ол кісі де айтқан уәдесінде тұрды. Аудан орталығымен екі ортадағы шаруаға бас мамандар кеңшар иелігіндегі автобус­ты мініп жүретін болдық.
Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының отты жылдарында толарсақтан қан кешкен майдангердің ұлы Мейрамбек ағамыздың жүріп өткен өмір, еңбек жолдары осындай. Бір салада үздіксіз қызмет жасаған 40 жылда еткен еңбек, төгілген терге қаншама қажыр қайрат, күш-жігер, білім мен біліктілік, тегеурінді төзім жұмсалды десеңізші. Мұндай тектілік пен мықтылық елім деген ер азаматтардың ғана қолынан келетін ізгілікті іс екені айдан анық.
Дана халқымыз «Отбасы шағын мемлекет» деп бекер айтпаса керек. Еңбекпен ерлеген Мейрамбек ағамыз шаңырағы шаттыққа толы, берекелі отбасының жапырағын жайқалта жайған мәуелі бәйтерегі де болды. Құдай қосқан қосағы Беркімбаева Айсары екеуі 3 ұл, 1 қызды балапандай мәпелеп өсіріп, мақсаттарына жеткізді. Ұядан қияға ұшқан ұл, қыздарынан 16 немере, 5 шөбере сүйіп, бақыт құшағында тербелген ата, әже атанды.

Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.