Татулық, бірлік және достық-ел дамуының негізі

0

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл-еліміздің тарихындағы маңызды белес, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ең үлкен жетістіктердің бірі. Ассамблея – этносаралық келісім мен қоғамдық татулықты сақтап, көпұлтты Қазақстанды бір мақсатқа жұмылдырып отырған бірегей институт. Отыз жылдық белесті артқа тастаған бұл ұйым бүгінде мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты құралға айналды.
Қазақстан-көпұлтты мемлекет. Ел аумағында 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысының өзіндік тілі, діні, мәдениеті, салт-дәстүрі бар. Бұл жетістіктің басты сыры- Қазақстан халқы Ассамблеясының жүйелі жұмысы.
Ассамблея-тек этномәдени бірлестіктердің басын қосатын ұйым ғана емес, ол -халықты біріктіруші, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға ықпал етуші үлкен институт. Оның қызметі еліміздің әлеуметтік, саяси және мәдени өмірінің барлық саласын қамтиды.
Жыл бойы ауданда халықтар достығын жырлаған бірнеше іс-шаралар болып өтті. Осындай ауқымды іс-шара осы аптаның сәрсенбісі күні Арыстанды ауылындағы Арыстанды орта мектебінің алдында «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жылдығына» тақырыбында болып өтті.
Іс-шара шымылдығы аудандағы этномәдени орталықтары-«Барбанг» (күрді), «Қазақ», «Манас» (қырғыз), «Өзбек», «Радонеж» (орыс), «Карио» (кәріс), «Возрождение» (неміс), «Сабантуй» (татар) этномәдени орталықтарының өнерлері, салт-дәстүрлері көрсетілді. Әр ұлттар өздерінің ұлттық тағамдарымен қонақтарды таныстырып өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов мерекемен құттықтады.
-Құрметті ауыл тұрғындары! Қадірлі ағайын!
Бұл-барша халқымыз үшін маңызды, тарихи мәні зор мерейтой. Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы-еліміздегі барлық этнос өкілдерінің басын біріктіріп, ортақ мақсат, ортақ мүдде жолында жұмыла еңбек етуге жол ашқан бірегей құрылым.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 30 жыл ішінде бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасқанын ерекше атап өтті. Президент Ассамблеяның қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақты нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын айтты.
Бүгінгі Ассамблеяның 30 жыл толуына орай өткізілген ХХХІV сессиясында мемлекет басшысы ауқымды әрі өзекті жайттарды шолып өтті. Атап айтатын болсақ: «Таза Қазақстан» жобасы, «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші және т.б. Бұл аталған жайттар еліміздің дамуы үшін үлкен рөл атқаратыны анық. 30 жылдық тарихы бар Ассамблея-жасалған қажырлы еңбек пен мол табыстың көрсеткіші мен жемісі дер едім.
Сіздер-осы ауылдың этнос өкілдері, біздің қоғамымыздың бөлінбес бір бөлшегі, елмен етене араласып, татулық пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп келе жатқан тұрғынысыздар. Сіздердің ата-бабаларыңыз осы қазақ жерін паналап келген сәттен бастап елмен бірге қиындықты да, қуанышты да бөлісіп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанды бірге құрып келесіздер.
Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 30-дан (8%-ы) астам этнос өкілдері тұрады. Қазақтар — 40 533 (93,2%), орыстар — 1 457 (3,4%), күрді – 463 (1,1%), өзбек – 93 (0,21%), неміс – 87 (0,20%), кәріс – 54 яғни (0,12 %), қырғыз – 114 (0,26%), татар – 147 (0,33%), басқа этнос — 527 (1,2%) құрайды.
Жамбыл облыстық этностар тығыз шоғырланған 25 елді мекеннің картасында Сарысу ауданы, Арыс­танды ауылы енгізілген. Қазіргі таңда Арыстандыда «Барбанг» этномәдени бірлестігі саяси науқандарға белсене атсалысып келеді.
Бүгінгі іс-шара-еліміздің бірлігі мен достығының нақты көрінісі. Қай этнос өкілі болмасын-бәріміздің Отанымыз бір, тілегіміз ортақ. Қазақстан- бәріміздің ортақ үйіміз. Бүгінгі мерейтой-өткенге тағзым етіп, келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік беретін ерекше сәт. Алда әлі де үлкен міндеттер тұр. Жастарды татулық рухында тәрбиелеу-біз үшін басты басымдық болуы керек.Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Елімізде ынтымақ пен бірлік әрдайым салтанат құрсын! Ортақ шаңырағымыз-Қазақстанның көк туы бейбіт аспанда мәңгі желбірей берсін! Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!-деді.
Сонымен қатар, ауданның, ауылдың өркендеуіне, рухани және қоғамдық өміріне үлес қосып жүрген азаматтарды «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Іс-шарада аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Бапашұлы Мұсабеков те құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше ауыл тұрғындарына аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов бірқатар ардагерлерге «Сарысу ауданының құрметті ардагері» медалін тапсырды.
Қонақтар мен ауыл тұрғындары этномәдени орталықтары ұйымдастырған көрмелерді, ұлттық нақышта жасалған бұйымдарды және ұлттық тағамдарды тамашалады. Сондай-ақ, ұйымдастырылған ұлттық ойындар көрермендердің бойына ерекше бір күш-жігер сыйлады.
Арыстанды ауылының аспанында жезтаңдай әншілердің әсем әндері қалықтады.

Камели Сүлейменова,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.