Мерейі үстем мұғалім
«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға»-деп һакім Абай жырлағандай, мәртебесі биік мұғалімдер қауымының өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянып қалмайтындығы ақиқат. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді сапалы біліммен, саналы тәрбиемен қамту жолында педагогтерге жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Мамандыққа адалдық танытып, абырой биігінен көрініп келе жатқан сондай ұлағатты ұстаздардың бірі Гүлнар Тоқмейілова.
Гүлнар Маркенқызы 1970 жылы 20 қаңтарда, Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. Дегенмен оның өмір жолы Әулиеата өңірімен тығыз байланысты. 1977 жылы Жаңатас қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, 1985 жылы Байқадам орта кәсіптік техникалық училищесін қызыл дипломмен аяқтайды. Мұнан соң Жамбыл педагогикалық институтына түсіп, 1992 жылы тәмамдайды.
Кейіпкеріміз алғаш ұстаздық жолын 1994 жылы Байқадам атындағы орта мектебінде өз мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Ал 2001 жылы Абай атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданады.
Бір айта кетерлігі, Гүлнар Маркенқызы ұстаздық жолымен қатар спортты да қатар ұштастырып келеді. Әсіресе, 2500 метр кросста алдына жан салған емес. Сонымен қатар «Бес асық», волейбой, тағы да басқа спорттық ойындарда жүлделі орындарды иеленді. Басқа жылдарды айтпағанда жан-жақты мұғалімнің биылдың өзінде қол жеткізген табыстары жетіп артылады. Атап айтқанда, «Пәндерді оқытуда белсенді әдіс-тәсілдерді пайдалану жолдары» тақырыбында аудан көлемінде іс-тәжірибесін таратқаны үшін, білім бөлімінің басшысы Ж.Жарықбасовтың Алғыс хатын иеленді. Сонымен қатар Ұлы жеңістің 80 жылдығы аясында «Бес асық» жарысында ІІІ дәрежелі дипломмен, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін ҚР-сы оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2025» атты республикалық байқауына қатысып, білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін Білім беру ісінің «Үздік педагогі» төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты. Марапаттау Астана қаласында, «Қазмедиа» орталығында өтті.
-Мұғалімдік -мәртебелі мамандық болғанымен, бұл саланы жетік меңгеру оңай емес. Әсіресе, жаңадан мектеп табалдырығын аттаған балалардың зейінін ашу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы орайда бастауыш сынып мұғалімдеріне көп тер төгуге тура келеді. Алғаш еңбек жолын бастаған жылдары қиналғаным рас. Кейін келе тәжірибе жинақтап, алдыңғы толқын ұстаздардың ізімен еріп келеміз. Оқу жүйесінде жаңа әдістер де енгізіліп жатыр. Соның барлығын меңгеріп, жеткіншектердің егемен еліміздің ертеңгі тірегі болатын тұлға болып қалыптасуына өз үлесімді қоса беремін, -дейді Г. Тоқмейілова.
Кейіпкеріміз балаларды өз перзенттерінен кем жақсы көрмейді. Бүгінде ол жылуы мол жанұяда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, 4 немере сүйіп отырған абзал ана. Қай кезде де қым-қуыт жұмысымен қатар отбасылық құндылықтарға да, салауатты өмір салтын насихаттауға да көңіл бөле білетін ұстазға біз тек сәттілік тілейміз.
«Sarysý»-АҚПАРАТ