Күйдің құдіретін сезіндірген ЖҰЛДЫЗ

0

Төрт мыңжылдық тарихы бар ең көне аспаптардың бірі саналатын киелі домбыра-ұлттық өнердің қайнар бұлағы. Қазіргі таңда домбыра үйренудің аясы кеңейіп, қай жерге бармасаңыз да өнер мектептері мен мұндалап тұрады. Жаңатас қаласының балаларын өнерге баулып, білгенімен бөлісіп жүрген сондай ұстаздың бірі, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Домбыра» класының мұғалімі–Жұлдыз Тұрарбекқызы Тұрарбек.

Жұлдыз ханым 2001 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінде қызмет етіп келе жатқан білікті ұстаз. Өз мамандығын жетік меңгерген шебер маман иесі.Ол шығармашылықпен жұмыс істейтін, өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, талай шәкірттерін жетістіктерге жетелеп,үздік оқушыларды тәрбиелеп жүрген тәлімгер ұстаз. Өнер саласында жүріп жиған тәжірибесі ұшан-теңіз. Енді, міне, өзі де ұстазының ізін басып шәкірт тәрбиелеумен айналысуда.
Жұлдыз Тұрарбекқызы сахна орындаушысы, дирижер немесе оркестр-ансамбль әртісі болудан гөрі домбыра пәні мұғалімі болуды құп санады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші өнер иесінің айтуынша, өзге балалардың бойындағы талантын ашып, артыңда із қалдыра білу де маңызды. Білгеніңмен бөлісіп, үйретіп отырудың өзі бір ғанибет.
25 жылдан астам уақыт ішінде көптеген шәкірт тәрбиелеген Жұлдыз Тұрарбекқызының жетістіктері де аз емес. 2020 жылы «Ғасырлар үні» атты I Республикалық фестиваль байқауына қатысып, жоғары өнер көрсеткені үшін оқушысы Ержан Нұрай арнайы дипломмен, сол жылы «Inspiration» Халықаралық «Осенняя сказка» атты фестиваль байқауында оқушысы Абдрахман Маликов бас жүлдені, Ержан Нұрай 1 орынға ие болса, «Өз Елім» атты республикалық байқауда шәкірттері Ержан Нұрай, Маликов Абдрахман, Жақсылық Айша жүлделі орындарға ие болды. Ұстазы Жұлдыз Тұрарбек Нұрғиса Тілендиев күйлерін насихаттаудағы шәкірт дайындауға қосқан шығармашылық еңбегі үшін Алғыс хатпен, «Жұлдызды Жаңа жыл» атты I Республикалық балалар байқауында шәкірттері топ жарып, өзі «2020 жылдың үздік ұстазы» дипломымен марапатталды.
Ал, 2021 жылы «Inspiration» атты халықаралық фестивальда және композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Алты алаштың күй анасы Дина» атты II Республикалық шығармашылық байқауда оқушылары Марат Асылай, Маликов Абдрахман 1 орынды, Жақсылық Айша бас жүлде және 1 дәрежелі лауреат атанды. Ұстазы Жұлдыз жоғары кәсібилігі және педагогикалық шеберлігі үшін, дарынды балаларға қолдау көрсетумен қатар шығармашылықпен жұмыс атқарып жүргені үшін арнайы дипломмен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы ұйымдастырылған ХVII облыстық жастар Дельфийлік ойындар, «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастырған Республикалық «Ақжелең» байқауларында да оқушыларының қанжығасы бос қайтпай, жүлделі орындарды иеленген.
Сонымен қатар, «Жас музыканттардың» 55-ші облыстық фестивалінде, «Дарабоз» атты V Республикалық байқауында, Түркияның Кемер қаласында өткен Халықаралық III International Art festival «Gold Art Fest», Болгарияда өткен Халықаралық «Утренняя Звезда», «Күншуақ» Халықаралық «Самғау» атты байқауларда шәкірттері жүзден жүйрік атанған.
Айта берсек шәкірттерінің өткен жылдарда жеткен жетістіктері өте көп. Оқушыларының жеткен жетістігінің арқасында өзі де көптеген марапаттарға ие болды. Жуырда ғана Тараз қаласында өткен ХV облыстық «Русская мозайка» атты байқауда «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша оқушысы Сәрсен Нұрислам, Нұрғиса Қуатбек бас жүлдені және «Атадан қалған мұрамыз» атты облыстық фольклорлық аспапта орындаушылық ансамбльдер мен оркестр арасында өткен байқауда «Дарын» ансамблі 2-орынды алды.
-Домбыра аспабының бір ерекшелігі оны ойнаған сәтте адам денесіндегі 12 мүшесінің барлығы да қимылдайды. Саусақтары, білезіктері қимылдап, орындықтағы отырысының өзіне дейін қадағаланады. Арқаны, мойын мен иықты тік ұстау сүйектің дұрыс қатаюына әсер етеді. Әр бала – жеке тұлға. Осынау ойды ұстанатын ұстаз баланың болмысына, мінезіне, икеміне қарай олардың домбыраға құлшынысын ашу үшін әртүрлі жол таба білу керек. Баламен тығыз қарым-қатынас орнатып, оның жан дүниесіне үңіліп, зерттеулер жүргізу арқылы бойындағы қабілетін ашамыз. Айта кетелік, Президент Қ.К.Тоқаев: «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құндылықтарымызды жастарымыздың санасына сіңіріп, насихаттау өте маңызды» деген болатын. Домбыраны жай ғана үйретіп қойсақ, оны аспап ретінде ғана ойнайды. Ал күйдің мазмұны мен мағынасын білмесе, ол терең түйсікке айналмайды. Сондықтан біз күйдің шығу тарихын, дәуірлік маңызын түсіндіре отырып үйретуге тырысамыз. Әрбір күйдің ар жағында тарихи негіз жатыр.
Қазақтың төл аспабы-домбыраға деген қызығушылық бүгінде жастар арасында қайта жанданып келеді. Күй мен ән арқылы ұлттың болмысын, рухани мұрасын дәріптейтін бұл аспап қазіргі заман жастары үшін тек өнер ғана емес, ұлттық сана мен тәрбиенің бір арнасы іспетті,-дейді кейіпкеріміз.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.