Ерке Есілдің бойында
Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Астана қаласы туралы сөз қозғағанда тебіренбеу мүмкін емес. Алаштың олжасына, қазақтың ордасына айналған, керегесіне құт қонған осынау біздің сайын сахарамыздың төсінде алтын жүзіктей жарқыраған шырайлы шаһар кім-кімнің де еңсесін тіктеп, еңбекке деген құлшынысы мен ертеңге деген ұмтылысын нықтай түсетіндей. Мен де бас қалаға саяхаттап барып, осындай сезімді бастан өткердім.
Күн өткен сайын гүлденіп, ай өткен сайын түрленіп келе жатқан елордамыздың өзіне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Мысалы атап айтар болсақ, қалаға келген адамның бірден көз жауын алып, таңданысын тудыратын Ханшатырының өзі Астана қаласының ажарын ашып, айбынын кіргізіп тұрғандай. Алып шатырға ұқсайтын бұл бірегей кешен 2010 жылы ашылғаннан бері Қазақстанның мақтанышына айналды. Ол Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен «шатыр» ретінде енгізілген, биіктігі 150 метр және Forbes Style журналының әлемдегі ең жақсы экожүйелердің ондығына кірді.
Ханшатырда қазір 200-ден астам дүкен, мейрамханалар, кафелер мен ойын-сауық орындары орналасқан. Бірақ Ханшатырдағы ең таңғажайып орын – жасанды құмды жағажайы бар Sky Beach Club жабық курорты. Оның климаттық бақылау жүйесі жыл бойы +35 градус температураны ұстап тұрады. Бұл жылдың кез келген уақытында жағажайда демалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Есілдің сол жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры өзінің әсемдігімен таң қалдырады. Сәулет шеберлігі жағынан ол әлемдегі әйгілі опера театрларынан кем түспейді. Театр 9 гектарға жуық жерде орналасқан. Ғимараттың өзі 64 мың шаршы метрді құрайды. Оның шамамен 3000 шаршы метрін сахналық аймақ алып жатыр. Ол әлемдік сәулет өнерінің үздік классикалық дәстүрлерін ескере отырып салынған. Негізгі кіреберіс мүсіншілер М. Мансұров пен Т. Ермековтың «Қобызшы» және «Жетіген қыз» композицияларымен безендірілген. Театр ғимаратына орнатылған Квадрига-сақ патшайымы Томиристің басқарушы арбасының бейнесі. Бұдан басқа да «Бәйтерек» монументі болсын, «Абу-Даби плаза» сияқты биік ғимараттары болсын бәрі де жұрттың назарын бірден аудартатын бірегей сәулет құрылыс өнері болып саналады деуімізге болады.
Астана –қазір жастардың қаласы. Қазақтың небір кеудесінде оты бар қыз-жігіттерінің бірі бас қаладан білім алып жатса, енді бірі елге қызмет етуде.
Кейбір тарихи дерек көздерінде іргетасын сонау ғұндар қалаған делінетін бұл Астананың алғашқы Ақмола атауы ғұндардың тілінен аударған кезде «ақ» – батыс, «мола» – қамал деген мағынаны береді екен. Яғни, Ақмола – «Батыстағы қамал» деген сөз. Бұл туралы есімі әлемге әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Көне жырлар мен аңыздар» атты кітабында былай деп жазған екен: «Есіл мен Нұра өзендерінің аралығындағы жазық дала түрлі ағын көлдерімен ноғайлы-қазақтарының белсенді көшіп-қонып жүретін аймағы. Сонау ғұн патшалығы негізін салып беріп кеткен қамалдар мен қорғандар көптеген ғасырлар бойы Дешті Қыпшақ даласының киелі мұрасы болады». Ақмоланың жанында орын тепкен көне Бытығай қаласы да соған дәлел.
Міне, бірлігімізге негіз болған, тағдырымызбен егіз болған елорданың біз білетін бір тарихы осылай. Аз жылда-ақ аяғына нық тұрып, жаһан жұртшылығының жанарын жаулаған жаңа Астанамыз жарқырап-жайнай берсін!
Әйгерім ТЛЕУБЕК, Саудакент ауылы