Киелі домбыраны жанына серік еткен
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға мұра болып жалғасып келеді. Тарихты қос ішегіне сыйдырып, қазақ қастерлі санап, шаңырағының төріне іліп қоятын қазақтың ұлттық аспабы – домбыра. Ұлттық мәдениеттің бір саласы – қолөнер туындысы өшпес мұра домбыраны қорғай білуіміз қажет. Ұлттық домбыра күнін белгілеген қазаққа киелі аспапты қалай әспеттесе де артық етпейді.Қашанда қадір тұтып, төрге іліп, қастерлеген қазақтың қара домбырасын аудандық мәдениет үйінің әншісі Ахат Кенжебаев жанына серік етіп келеді. Домбыра күні қарсаңында Ахат Әлімқұлұлы жайлы қалың оқырманның назарына ұсынғанды жөн санадық.
Ахат Әлімқұлұлы 1985 жылы 30 қыркүйекте Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. 1992-1993 оқу жылында Қ.И.Сатпаев атындағы мектеп-гимназиясына оқуға қабылданып, 2003 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Мектеп гимназиясының 6-сыныбынан бастап, жез таңдай әнші Кенжебай Шал жетекшілік ететін ән-күй үйірмесіне қабылданады. Содан бастап әншілік өнері қалыптаса бастайды. Өнерін жетілдіру мақсатында 2003-2006 жылдары Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада цирк колледжінің «Халық әндері» кафедрасының «Дәстүрлі әнші» мамандығын аяқтап шығады.
2006 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әндері» кафедрасының «Дәстүрлі әнші» мамандығына түсіп, 2009 жылы Астана қаласына «Өнер» академиясына ауысып, 2010 жылы бітіріп шығады. 2010 жылы Президенттің мәдени орталығында жұмыс атқарды.
Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйінің сүйемелдеушісі болып қызмет атқарып жүр. Өнер саласында Ахаттың бағы жанып, айтулы бәсекелерде топ жарып, жүлделі орындарды қанжығасына байлады.
2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына және Әл-Фарабидің 1300 жылдығына орай аудандық жас ақын, термешілер байқауына қатысып, бас жүлдені, 2001 жылы облыстық жас ақындар, термешілер байқауында 3- орынды иеленді.
2001 жылы 2 аудандық Абай оқуларында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар…» Абайдың әндерін орындаудан 1 дәрежелі дипломмен, 2001 жылы 10 қыркүйекте өткен ІІ республикалық байқауда 3 -орын алғаны үшін ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2002 жылы «Денсаулық жылы» және Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына орай өткен аудандық термешілер байқауында бас жүлдені, 2002 жылы 26 наурызда өткен облыстық жас ақындар, термешілер сайысында І-орынды қанжығасына байлады.
2005 жылы VІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі аясында «Домбырамен ән айту» номинациясы бойынша бас жүлде, 2007 жылы Кенен Әзірбаев атындағы ІV Республикалық «Шырқа даусым!» әншілер конкурсында үздік өнер көрсеткені үшін дипломмен, 2009 жылы Әміре Қашаубаев атындағы VІІ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсында бас жүлде, 2022 жылы Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Біз отанның сарбазы» атты шығармашылық кеште белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталған.
2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына және «Қазақстан ардагерлері», «Ерекше тәуелді солдаттар», «Жеңіс қаһарманы» қоғамдық бірлестігінің 10 жылдығына орай өткен іс-шарада бас жүлдені иеленді.
2023 жылы мәдениет саласында атқарған сүбелі үлесі мен еңбектері үшін Алғыс хатпен марапатталды.2023 жылы Республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының «Мәдениет майталманы» медалі берілді.2024 жылы «Жаңатас қаласына-55 жыл» мерейтойлық төсбелгісін кеудесіне тақты.
Қаршадайынан қасиетті домбыраның қадірін ұғынып, өнегелі әкенің тәлімді тәрбиесін көріп, өнер жолында өресі биік ұстаздардың алдын көрген, киелі домбырамызды жанына серік еткен Ахат Әлімқұлұлының өнеріне шығармашылық табыстар тілеп, ұлттық өнерімізді өскелең ұрпаққа насихаттай берсін дейміз.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»