Қамқорлық құшағында

0

Аудандағы мүгедектігі бар балаларды қолдау, оңалту және олардың қоғамда өз орнын табуына жәрдемдесу мақсатында 2023 жылғы 22 тамызда 25 балаға арналған «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Сарысу аудандық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жартылай стационарлық режимде өз жұмысын бастады. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап ата-аналардың өтініштеріне сәйкес және басқарманың бұйрығы негізінде қызмет алушылар саны 30 балаға дейін ұлғайтылды.
Орталық қызметінің басты мақсаты – психоневрологиялық ауытқулары және тірек-қимыл аппараты бұзылыстары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың өмір сапасын арттыру, олардың әлеуметтенуіне және қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау.
Көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне», Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» №230 бұйрығына және 2023 жылғы 29 маусымдағы бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» №263 бұйрығына сәйкес реттеледі.
Бүгінгі күні орталық психоневрологиялық ауытқуы бар 10 балаға, тірек қимыл аппараты бұзылған 20 балаға қызметтер көрсетуде. Балалар жасына қарай екі топқа бөлінді. Атап айтқанда, кіші топта 2-7 жас аралығында 8 бала болса, үлкен топта 8-18 жас аралығында 22 бала қамтылған.
7 жасқа дейінгі қызметті алушылар үшін орталықта күндізгі болу 8 сағатты, мектеп жасындағы қызмет алушыларды 4 сағаттан 5 сағатқа дейін уақытты құрайды.
Орталықтағы бөлмелер заманауи санитарлық талаптарға сай жиһаздармен, медициналық құрал-жабдықтармен, емдік дене шынықтыру тренажёрларымен және дамытушы ойын материалдарымен жабдықталған, санитарлық-гигиеналық заттармен де толық қамтамасыз етілген.
Мекемеде жоғары және арнаулы орта білімі бар білікті мамандар қызмет атқарады. Олардың қатарында: педиатр, невропатолог, реабилитолог, психиатр, медбике, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед, дефектолог мұғалімі, психолог, сондай-ақ музыка, еңбекке баулу, дене шынықтыру мұғалімдері, әлеуметтік жұмыс жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әдіскер, тәрбиешілер, заңгер, буфетші бар. Барлық мамандар тиісті кәсіби даярлықтан өткен, мамандығына сәйкес сертификаттары мен рұқсат құжаттары бар. Маманның еңбек өтілі, біліктілікті арттыру мерзімдері және қайта даярлау курстарынан өтуі жүйелі түрде бақылауда ұсталады.
Орталықтың барлық мамандары жұмыстың нәтижелі жүруін қамтамасыз ету мақсатында әр баланы жеке тұлға ретінде қарап, алғаш келген баланың ең бірінші құжаттарымен танысады, 10 күн аралығында дағды деңгейіне, танымдық қызметі мен жас ерекшеліктеріне қарай тексереді. Тексерулер жүргізіліп болған соң, барлық мамандар бірлесе топтық бағалау жүргізеді және баланың даму деңгейіне байланысты оларды топқа бөледі. Тексерудің нәтижелеріне қарай, баланың деңгейіне байланысты жеке дамыту бағдарламасы және күнтізбелік жоспар құрылады. Одан әрі оңалту-түзету жұмыстары жеке және топтық форматта жүргізіліп, баланың жеке қажеттіліктеріне бейімделген түрде жүйелі іске асырылады. Жүргізілген жоспардың орындалу барысы және қорытындысы бойынша әр тоқсанның соңында мониторинг толтырылады. Мониторингте баланың физиологиялық, психоэмоционалдық және әлеуметтік дамуында ілгерілеушілік бар немесе жоқтығы көрсетіледі.
Стандартқа сәйкес орталықта балаларға 7 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерден бастау алады, яғни ғимаратта кедергісіз кіріп-шығу, тұру толығымен ынғайластырылған. Ғимараттың аумағында жаңа үлгідегі ойын алаңы бар. Көрсетілетін қызметті алушылар тамақпен және үйден орталыққа және кері қарай көлік қызметімен қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік-медициналық қызметтер невропатолог пен педиатр, психиатр, реабилитолог дәрігерлерінің алғашқы медициналық тексерулері және соған сәйкес тағайындаулар жасаудан бастау алады. Ал медбике жүйелі түрде баланың тазалығы мен жалпы денсаулық жағдайын қарайды, дәрігерге дейінгі көмек көрсетеді, кеңестер береді. Еңбек дене шынықтыру нұсқаушысы қозғалыс белсенділігін арттыру мақсатында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған тұрақты түрде емдік жеке жаттығулар мен механотерапия емдік шаралары бойынша топтық жұмыстар ұйымдастырса, уқалаушы медбикелер балаларды невропотолог дәрігердің тағайындауымен уқалауға алады.
Әлеуметтік-психологиялық қызметтерді психолог көрсетеді және ол тек балалармен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді, олардың жеке сұраныстары бойынша да психологиялық кеңестер береді. Әсіресе гипербелсенді немесе қорқақ, жасқаншақ балалармен жеке жұмыстар жүргізіп, тренингтер өткізеді.
Орталықта әлеуметтік қызметтердің негізгілерінің бірі, бұл – педагогикалық қызметтер, ол қызметті, әрине, педагогтер көрсетеді. Дефектолог мұғалімі арнайы түзету-дамыту жұмыстары барысында Монтессории, сенсорлы интеграция секілді инновациялық әдістемелер арқылы баланың жалпы танымдылық дағдыларын дамытса, логопед мұғалімі логопедиялық уқалаулар және арнайы тәсілдер арқылы баланың жағын жетілдіріп, дыбыстау бұзылыстары мен сөйлеу тілінің кемшіліктерін жою, сондай-ақ жазба тіліндегі бұзылыстарды да түзету бойынша жұмыстар жүргізеді.
Еңбекке баулу мұғалімі балаларды қол икемділіктеріне қарай таңдап, қолжетімді еңбек дағдыларына үйретеді. Балалар қажеті жоқ заттарды қайта өңдеп түрлі бұйымдар әзірлеп, тоқу мен тігудің қарапайым тәсілдеріне, қағазбен, жұмсақ материалдармен, ұсақ моншақтардан бұйымдар жасауға үйренеді.
Дене шынықтыру шаралары мен спорттық ойындар, жарыстар және әлеуметтендіруге бағытталған басқа да іс-шараларды дене шынықтыру мұғалімі жүргізеді. Әркез орталықта ұйымдастырылған жарыстарға қатысқан балалар жарыстың соңында жеңісі үшін марапатталады, бұл сәт балаларды жігерлендіреді, өзіне деген сенімділіктерін арттырады.
Тәрбиешілер балалардың өз-өзіне қызмет көрсету, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстау және жаңа ортаға бейімделу дағдыларын меңгеруді қалыптастырады.
Орталық балаларының жалпы ән айтып, билегенге қызығушылықтары зор, сондықтан да әлеуметтік-мәдени қызметтер балалар үшін ерекше қызмет. Олар мерекелерде, ертеңгіліктер мен концерттерде ән айтып, би билейді, қуыршақ үйірмесіне де қуана қатысып, кейіпкерлерді сомдайды. Одан басқа балаларға саяхаттар ұйымдастырылады, цирктерге, демалыс орындарға барып демалады, көңіл көтереді, яғни балалардың рухани дамуына оң ықпал етіледі.
Барлық іс-шаралар әр баланың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы түзету-дамыту бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Бұл тәсіл оңалту үрдісінің тиімділігін арттыруға және балалардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік-құқық және әлеуметтік-экономикалық қызметтерді заңгер атқарады, заңға сәйкес арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету мәселелері бойынша жан-жақты заңгерлік кеңестер береді, заңдық маңызы бар құжаттарды дайындауға жәрдемдеседі, отбасыларға өзін-өзі қамтамасыз ету, тұрмыс жағдайын жақсарту, тиесілі жеңілдіктер мен өтемақыларды алуға кеңестер береді.
Қызмет алушы балалардың туылған күндері атап өтіледі. Мамандар әр түрлі кейіпкерлер роліне кіріп, туылған күн иелерін құттықтап, ән айтып, би билеп, көңілдерін көтеріп, қуаныш сыйлайды.
Мекеме балалармен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Ата-аналар жиналысы, одан басқа да кездесулер ұйымдастырылады. Көбінесе үй жағдайында не істеу керек екенін, қолжетімді жаттығулар, әдістер арқылы көрнекі түрде, ауызша жеке және топтық педагогикалық, психологиялық, дәрігерлік, заңгерлік кеңестер беріп, тренингтер жүргізіледі.
Орталыққа алғаш келген балалардың басым бөлігі өздігінен қозғала алмады, арбаға тәуелді болды. Бұлшықет әлсіздігі, қозғалыс амплитудасының шектелуі анық байқалды. Көпшілігінде сөйлеу мүлдем жоқ немесе сөздік қоры өте аз, дыбыс айтуы бұзылған, тамақтану кезінде көмекке мұқтаж, өз-өзіне сенімсіз, тұйық мінезді және тұрақты психологиялық қолдауды қажет ететін, өзіне-өзі қызмет көрсету және әлеуметтік бейімделу дағдылары шектеулі балалар көп болды.
Міне, 2 жылдан аса уақыт ішінде 49 балаға және олардың отбасына көмек көрсетілді, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізілді. Үздіксіз кешенді жұмыстар жүргізудің барысында көп балалардың қимыл қозғалыстары мен жан-жақты өзіне қызмет ету дағдылары, жалпы танымдылық дағдылары түзеліп, қоғамға кіріктірілді, әлеуметтеніп, өздігінен өмір сүруге бейімделді. Атап айтқанда жүре алмаған 5 бала өздігінен жүреді, 3 бала алғаш рет еркін сөйледі, сөздік қоры айтарлықтай кеңейді. Көпшілігі өздігінен тамақтанады, киінеді, гигиенаны орындайды. Балалар сурет, би, ән арқылы өзін еркін сезінеді, мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. 1 бала толық сауығып, мүгедектік мәртебесі алынды. 3 бала жалпы білім беретін мектепке қабылданды.
Жанашыр демеушілердің қайырымдылық қолдауының арқасында орталықтың ұйымдастыруымен әлеуметтік-мәдени бағыттағы жұмыс жоспарына сәйкес қызмет алушы балалар мен олардың ата-аналарына Түркістан және Шымкент қалаларына танымдық-мәдени саяхат ұйымдастырылды.
Саяхат барысында қатысушылар Түркістанның тарихи және киелі орындарын – Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, «Дала Венециясын» және Шымкент қаласындағы «Аватария» ойын-сауық орталығы мен жаңа Ақ мешіт, зообақ сияқты нысандарды тамашалады.
Мұндай іс-шаралар балалардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету, оларды қоғам өміріне белсенді түрде тарту және қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Танымдық әрі мерекелік сипаттағы бұл сапар балалардың тек көңіл көтеруіне ғана емес, сонымен бірге олардың психоэмоциялық сауығуына, танымдық қабілеттерін дамытуға, коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге және рухани-мәдени тұрғыда өсуіне бағытталды.
Орталықтың қызметіне риза жанның бірі – церебралды сал ауруымен туылған Жәнібек Айарудың анасы Маемерова Анар: «Бұл орталыққа менің қызым 5 жасынан келеді. Басында өзі жүрмейтін, отыра алмайтын, сөйлей алмайтын қызыма қызметкерлер қалай қарайды екен деген қорқыныш болды. Бірақ орталықтың жұмысымен танысқаннан кейін күмәнім бірден сейілді. Қазір қызым 7-ге толды. Орталықтың басшысына, мамандарына өте ризамыз. Ерекше баламен жұмыс жасау үлкен шыдамдылық пен қажырлықты қажет етеді. Осы жағынан орталықтың қай маманын алсам да, әр балаға мейіріммен қарап, сабырмен үйретіп, жанашырлық танытып жатады. Қол-аяғын игере алмайтын балаларға тамағын беріп, керек болса көтеріп те жатады. Қызым осы жердегі мамандардың еңбегінің арқасында ортаға бейімделді, өздігінен жүрді, қысқа сөздерді айтады, тамақ ішуді, қолына қалам ұстап, сурет салуды, музыкамен билеуді үйренді. Қызым орталыққа қуанып, сағынып келеді. Бұл ерекше бала үшін үлкен жеңіспен пара-пар. Жалпы мұндай орталықтардың болуы – мүгедектігі бар бала бағып отырған ата-аналарға үлкен көмек», – деп ағынан жарылды.
Балалардың алғаш келген кездегі жағдайы мен бүгінгі жетістіктері – жүйелі жұмыстың, кәсіби шеберліктің және адами жанашырлықтың айқын көрінісі. Бұл мекеме тек әлеуметтік қызмет көрсететін орын ғана емес, өмірге деген сенім мен үмітті қайта оятатын орталыққа айналды. Әрбір бала – орталық үшін жеке тұлға, ал оның әрбір жетістігі – ортақ еңбектің жемісі. Бір қадамды өз бетінше жасауы, бір әріпті дұрыс айтуы, жаңа дағдыны меңгеруі – орталық пен ата-ананың ортақ қуанышы.

Назира Шалбаева, «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Сарысу аудандық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.