Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Тәуелсіздігіміздің бастауы болған ұлы күн, ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн — халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке. Егемендік — кез келген ұлт үшін ең қымбат мұра.
Республика күні – тәуелсіздігіміздің жаршысы, оған жол ашқан тарихи оқиғаны айғақтаушы күн.
Елдіктің еңселі рухы, бірліктің биік байрағы бар елде егемендік мерекесін Ұлттық мереке ретінде атап өтудің маңызы айрықша.
Тарихи оқиғаға құрмет көрсете отырып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мерекеге Ұлттық мәртебе беріп, «мереке күнтізбесінде Республика күнін жаңғырту — тарихи әділеттілікті орнату» деп атап өтті.
Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры саналатын Республика күнінің маңызы зор.
Ұлттық мүддеміз бен тарихи кескін-келбетімізді биік қою – үлкен міндет.
Бекем бірлік, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық рухани байлығымыз.
Республика күнінің оралуы — ұрпақтар сабақтастығының, қазіргі заманның аса маңызды оқиғаларына құрмет көрсетудің және халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылысының белгісі.
Еліміздің экономикасының даму деңгейі алдымызға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешуімізге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл тарапта қазақстандық әрбір белсенді азаматтың еңбегі бар деп айтуға болады.
Ауданымызда тың бастамалар мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға беріліп, әлеуметтік-экономикалық дамуда қарқынды өзгерістердің куәсі болып келеміз. Әр салада игілікті істер жүйелі жалғасын табуда.
Республика күні Қазақстан тарихында ерекше маңызға ие айтулы мереке болып қала бермек.
Ардақты ағайын!
Осынау тарихи мәні терең мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін.
Мемлекетіміздің егемендігі мәңгі болсын. Аспанымыз ашық, іргеміз бүтін, бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ-бірлігі әрқашан бекем болып, арта берсін.
Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Шаттық Мұсабеков,
аудандық мәслихат төрағасы