Жаңа қондырғылармен жабдықталды

0

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Себебі, «Бірінші байлық – денсаулық». Денсаулық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы.
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтіледі. 1948 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.
Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адамдар денсаулығын жақсарта түсу мақсатында тиісті шешім қабылдаулары үшін өткізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен жыл сайын аталып өтетін бұл күннің мақсаты – халықтың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Елімізде оның ішінде ауданымызда да бұл бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Апта ішінде аудандық орталық аурухананың басшылығымен жолығып, атқарылған жұмыстарды көзбен көріп қайтқан болатынбыз.
Өткен жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей қолдауымен Сарысу ауданының медициналық мекемелеріне су жаңа 2 қызметтік автокөлік берілді. Бұл көліктер ауыл тұрғындарына медициналық көмекті дер кезінде жеткізіп, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алынды.
Сонымен қатар жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
2025 жылдың наурыз айында Сарысу аудандық орталық ауруханасында заманауи компьютерлік томография (КТ) кабинеті ашылды. Аталған құрылғы Германияның «Siemens» компаниясынан шыққан. Аудандық ауруханаға смад аппараты, холтор аппараты сондай-ақ алкотесттер құрылғысы алынды.
Аудандық орталық аурхананың бас дәрігері Айнұр Каликова 2025 жылдың сәуір айында Оңтүстік Кореяның жетекші клиникаларында тәжірибеден өтті. Іссапар аясында бірқатар алдыңғы қатарлы медициналық мекемелерге барды, атап айтқанда, Dongguk университеттік клиникасы, H+ Yangji ауруханасы және елдегі ең ірі медициналық орталықтардың бірі – Asan Medical Center. 2025 жылдың сәуір айынан бас­тап аудандық ауруханаға, Face ID жүйесі енгізілді. Науқастарды қабылдау Face ID жүйесі арқылы жүргізіледі. Науқас бейнекамера арқылы адам сәйкестендіру бағдарламасымен өзінің дәрігер кабинетінде болуын дәлелдеуі тиіс. Бұл жүйе жалған тіркеулерді болдырмау мақсатында енгізілді. Дәрігердің қабылдауында әрбір пациент бейнекамераның көмегімен тексеруден өтеді. Тіркелген жазба, мемлекеттік деректер базасы арқылы тексергеннен кейін ғана пациентке медициналық қызмет көрсетіледі. Осыған байланысты 105 веб – камера алынды. Веб — камералардың барлығы тиісті мамандарға орнатылды.
Жамбыл облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Сарысу ауданының орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына Инс­титут сапа және аккредиттеу ұйымы сыртқы кешенді бағалау (аккредиттеу) жүргізді. Бағалау нәтижесі бойынша аурухана I санаттағы аккредиттеуден өтті.
Перзентхана бөлімі қазіргі таңда жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бөлімде шала туылған сәбилерге арналған «АМПЛА 2085» аппараттары, жаңа туғандарға арналған инкубаторлар, құлақтың есту қабілетін және сарғыштық деңгейін анықтайтын құрылғылар, ИВЛ аппараттары бар. 2025 жылы Денсаулық сақтау департаментінің қолдауымен қосымша жаңа ИВЛ, АТСОС және интенсивті емге арналған аппараттар алынып, перзентхана бөлімінің материалдық-техникалық базасы едәуір жаңартылды. Сондай-ақ, сәбилердің сарғыштығын жоюға арналған арнайы фотолампа да бар.
Ана мен бала денсаулығы әрдайым басты назарда. Осыған орай Сарысу аудандық орталық ауруханасы заманауи «IncuArch» маркалы «транспорттық инкубаторымен» толықты. Жапониялық «Atom Medical Corporation» компаниясы шығарған бұл құрылғы ерте туған немесе жағдайы ауыр жаңа туған нәрестелерді қауіпсіз тасымалдауға арналған. IncuArch инкубаторы нәрестеге қажетті «тұрақты температура, ылғалдылық және оттегі деңгейін» қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, сәбиге қажетті күтім көрсетуге мүмкіндік береді. Саудакент ауылында заманауи цифрлық маммограф пайдалануға берілді. Сарысу ауданы Саудакент ауылдық ауруханасында жаңа цифрлық маммограф іске қосылды. Бұл маңызды медициналық жоба ауыл тұрғындарына көрсетілетін денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттырып, ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа құрал-жабдықтың орнатылуы әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған және скринингтік тексерулердің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады. Заманауи цифрлық маммографтың көмегімен диагностикалау дәлдігі жоғарылап, медициналық қызмет көрсету деңгейі жаңа сатыға көтерілмек. Аталған жоба аясында рентгендік маммографиялық AR-Mammo құрылғысы сатып алынды. Мемлекет тарапынан халық денсаулығын нығайтуға бағытталған мұндай жобалар әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі болып табылады. Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы осындай маңызды бастамалар өз жалғасын табады деп күтілуде.
Саудакент ауылдық аурухананың жылыту қазандығы күрделі жөндеуден өтті. Аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің босандыру бөлмесіне Жаңатас қаласының 1986 жылғы кәсіпкерлері демеушілік жасап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Бұл — ана мен бала денсаулығына бей-жай қарамай, игі іске атсалысқан азаматтардың зор қолдауы. Сау­дакент ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Тұрысбеков Батырхан Жақсылықұлы аудандық орталық аурухананың перзентхана бөліміне демеушілік көрсетіп, 6 дана шкафты сыйға тартты. Бұл көрсетілген қолдау босанған аналардың киім-кешегін орналастыруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Жаңатас қаласындағы «Бақдәулет» мейрамханасының басшысы емхана бөлімінің екінші қабатында орналасқан екі кабинеттің терезесін жаңа пластик терезелерге ауыстырып беруге демеушілік көрсетіп, жаңа терезе орнатып берді.
Сондай-ақ емхана бөлімінде «Даму және ерте араласу орталығы» ашылып отыр. Бұл балалар денсаулығын сақтауға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыстың бастамасы. Жаңа орталықтың мақсаты балалардың дамуындағы ауытқулар мен медициналық, әлеуметтік қауіптерді ерте кезеңде анықтап, уақытында көмек көрсету. Бұл әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін аса маңызды. Себебі сәбидің алғашқы жылдарында кез келген өзгерісті ерте байқау оның болашақтағы денсаулығы мен дамуына тікелей әсер етеді. Ашылып отырған орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарына сәйкес, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты — балалардың дамуындағы қауіптер мен ауытқуларды ерте анықтап, кешенді медициналық және психоәлеуметтік көмек көрсету. Орталық қызметі тек баламен ғана шектелмейді. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, кеңес беріледі, үй жағдайында баламен қалай жұмыс істеу керектігі үйретіледі. Орталықтың басты қағидаты — ата-ананы серіктес ретінде қабылдау.
«Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында аудандық орталық аурухана қаражаты есебінен заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл игі жоба Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №680 бұйрығына сәйкес, мектеп жасындағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың алдын алу шараларын күшейту мақсатында, 1000 және одан жоғары оқушысы бар ұйымдар үшін, 2024-2028 жылдарға «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.
— Кольпоскоп аппараты алынды. Бұл аппарат жатыр мойнын және қынапты бірнеше есе үлкейтіп көретін гинекологиялық тексеру. Кольпоскоп — бұл дүрбіге ұқсас микроскоп. Аспапта үлкейту линзалары бар. Бұл әдістің көмегімен визуалды тексеру кезінде көрінбеген тіндердің патологиясын көрсетеді. Қандай да бір патологиялық аймақтар анықталса, биопсия жасалады. Сонымен қатар бала мен әйелдің денсаулығына байланысты әйелдерге кеңес беру бөлімшесі ашылды. Орталықта әйелдер консультациясы 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдерге, жүкті және босанған аналарға арналған. Консультацияда әйелдерде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, анықталған патологиялар кезінде оңалту ұйымдастыру, жүкті әйелдерге антеналдық көмек көрсету және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді қолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін кабинет қажетті мамандармен және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Каликова :
– Түркістан қаласындағы медициналық университетте окулист және травматолог мамандығы бойынша білім алған 2 жас дәрігер оқуын аяқтап, 2025 жылдың тамыз айынан бастап аудандық ауруханада еңбек жолын бастады. КТ аппаратының іске қосылуына байланысты резидентураны радиология бағыты бойынша тәмамдаған маман қызметке қабылданды.
2025 жылдың 21 шілдесінен бастап емхана бөлімінің құрамына аудандық акушер-гинеколог дәрігері қосылды. Сондай-ақ, Саудакент ауылдық емханасы жалпы тәжірибелі дәрігермен және перзентхана бөлімі неонатолог дәрігермен толықтырылды. Бұл – аудан медицинасының кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі,-деп атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Айта кететін жайт аудандық ауруханаға аудандық және қалалық әкімшілігі мен ауданымыздағы «ҚазФосфат», «ЕвроХим» өндіріс орындары аурухананың айналасын абаттандыру бойынша демеушілік көрсетіп отырады. «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің демеушілігімен ауруханаішілік жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт төселді.

С.Есқара, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.