Құрмет көрсетілді
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Кітап – әр адамның өмірлік досы» демекші, дaнaлықтың қaйнap бұлaғы, биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы кітапхана ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы негізгі алтын көпір болып келеді.
24 қазан күні Қазақстанда Кітапханашы күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінің фойесінде кездесу ұйымдастырылып, кітапхана саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімі С.Мамытов мереке иелерін құттықтап, білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екенін, жаңа технология заманында да, кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала беретінін айтып, жылы лебізін білдіріп, кітапхана қызметкерлеріне табыс, шығармашылық шабыт және жаңа жетістіктер тілеп, кітапхана ісінің дамуына қосқан зор үлесі мен жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін бірқатар сала мамандарын «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапаттады.
Одан кейін аудандық мәслихат аппаратының басшысы Б. Жұмағұлов және аудандық «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы М. Есмұрзаев құттықтау сөз сөйледі.
Мереке иелері аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мереке соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастырған шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»