Аудан әкімі С. Мамытовтың аудан жұртшылығын Республика күні Ұлттық мерекесімен құттықтауы
Қымбатты сарысулықтар!!Ардақты ағайын!
Барша аудан жұртшылығын Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, әрбіріміздің туған өлкемізге деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен адал еңбегіміздің нәтижелі нышаны деп білемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы ұлт ұясы Ұлытау жерінде өткен ұлттық Құрылтайда «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Қазанның 25 күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз қажет» — деп Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Сондықтан да ел Президентінің бұл саяси шешімі егемендікке арқау болған декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың салмағын еселей келе, Ұлт Тәуелсіздігінің тұғырын бекіте түсті.
Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырары заман ақиқаты.
Он үш жылдан кейін қоғам ортасына қайта оралып, ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнін атап өту «Әділетті Қазақстанға» қызмет ететін әрбір азамат үшін айрықша мәнге ие болар ерекше күн ретінде санамызда жаңғыруы тиіс.
Ел Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың биылғы жаңа Жолдауында да ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығы жолында қоғам алдында тұрған жаңашыл жаңа бастамалар мен кешенді міндеттеріміз айқындалды. Сондықтан да, еліміздің кемелдену жолында бірлікті ту етіп, адал еңбектің құндылығын биік қоятын Сарысу ауданы жұртшылығы ұлық мерекенің ұлағатын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау тізгінін жарасымды жалғастырады деп сенемін.
Қадірлі сарысулықтар!
Қымбатты жерлестер!
Тарихи және идеологиялық мән-маңызы зор, тәуелсіз еліміздің өміріндегі мәртебелі Республика күні мерекесі баршаңызға игілік пен бақ-дәулет, ынтымақ пен ырыс-несібе әкелсін!
Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттық стратегиялық мүддесі жолында әрбір аудан тұрғынының еңбектері табысты, барлық бастамалары сәтті болсын!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен ырыс-береке, зор жетістіктер тілеймін!