Қарапайым еңбектің қадірін ұқтырған жан
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Қарапайым жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялап еңбектің қоғамның дамуындағы рөліне ерекше көңіл бөліп, еңбек адамдарыың құрмет пен сыйға лайықты екендігін айтқан еді. Президент «Еңбек пен еңбекқорлық-ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар. Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетуміз қажет» деген еді. Мұнан еңбек адамның – ұлттық идеяның негізін қалаушы, қоғамның тірегі екенін байқаймыз.
Қазақта «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген сөз бұрыннан бар. Ұлы Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп адамдарды, қазақтарды еңбек етуге, жалқау, еріншек болмауға шақырған сөзі әлі де маңызды, керісінше нағыз қазіргі кезеңде айтылуы, жасалуы тиіс сөз болып тұр.
Қазақстан аграрлы және өндірісті ел қатарына жатады. Ауыл шаруашылығымен қатар жер қазба байлықтарын игеретін өндірісті мемлекет. Менделеевтің периодтық таблицасындағы элементтердің барлығы қазақ жерінің асты-үстінен табылады. Сондай элементтердің бірі — фосфор. Жамбыл облысының Сарысу ауданы мен көршілес Созақ ауданының аумағында орналасқан қарт Қаратаудың батысқа қарай созыла шөгіп жатқан жоталары фосфор дайындайтын фосфорит кеніне өте бай. Фосфорит кенін өндіру Жаңатас қаласы мен аумағындағы өндіріс орындарының еншісінде. Осы өндіріс орандарының ішінде фосфор ұнын дайындайтын, жүздеген адам жұмыс істейтін Орталық Байыту Фабрикасы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өндіру кешеннің басты өндіріс құрымдарының бірі.
Әдетте, өндірістегі қиын жұмыспен тек ер азаматтар жұмыс жүргізеді дейміз. Алайда өндіріс-тек ер адамдардың ғана емес, әйел-аналардың да маңдай тері төгілетін қасиетті орта. Бүгінгі мақалада осындай еңбекпен есімі еленген әйел-ананың бірі Исабекова Рахила Төлеутайқызы туралы сөз болмақ.
Рахила 1964 жылы 14 қыркүйек күні Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Байқадам ауылындағы перзентханада дүние есігін ашқан. Әкесі Наурызбаев Төлеутай автокөлік жүргізушісі, анасы Оспанова Сара үй шаруасында, кейіннен қарапайым үй сыпырушы болып еңбек етті. Отбасында 4 қыз, 3 ұл болды.Рахила осы отбасының тұңғышы. Жаңатас қаласында орта мектепті бітірген соң Қаратау қаласындағы Құрылыс техникумына оқуға түсті. 1981 жылы құрылысшы мамандығын алып шықты. Құрылыс нысандарында еңбек жолын бастады. 1983 жылы Қаратау қаласының тұрғыны Исабеков Төлеубайға тағдыр тоғыстырды, тұрмысқа шықты. Екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді. Құдай тағала да сынағымды көтере алатын пендеге жіберемін дейді екен ғой. 1988 жылы аяулы жары автокөлік апатынан қайтыс болып, бақытты отбасының тірегі құлайды. Алланың жіберген сынағына көнбеске шарасы қалмаған Рахилаға ағайын, туыстары демеу болды. Ендігі жерде бар арман, мұраты Төлеубайдың көзіндей болып жас қалған екі ұлы мен бір қызын өсіріп жетілдіру болды. Бір отбасының әкесі де, анасы да болып екі міндетті қатар алып жүруге тура келді. Өмір көрсеткендей бұл міндеттерді Рахила шын мәнінде абыроймен атқарды. Қоныс аударып балаларымен бірге Жаңатас қаласынан орын тепті. Осындағы құрбысы, досы Дана Болысбекованың Рахиланы өндірісте жұмыс істеуге бір-екі рет шақырғаны бар еді. Ақыры құрбысының шақыруы қабыл болып 1993 жылы «Қаратау» өндірістік бірлестігінің Орталық Байыту Фабрикасына бункерші болып жұмысқа орналасады. Ия, алғашқы кезде өндірістегі жаңа мамандық бойынша жұмыс істеу оңайға соқпады. Бірақ, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында көп ұзамай бункерші мамандығын игеріп, өзіне сенімді болды. Осы цехта конвейер машинисі, ал соңғы 20 жыл көлемінде басқару пультінің операторы жұмыстарын атқарды. Қарапайым жұмысшы ретінде еңбекке араласып, уақыт өте келе өндірістің нағыз білгір маманына айналды. Қиын да, қызықты кезеңдерде еңбек ете жүріп, өзінен кейінгі жастарға жол көрсетті, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Бір жағында өндірістегі жұмыс, екінші жағында үйдегі үш баланың жағдайы алаңдатпай қоймады. Жұмыстағы табандылығы мен талапшылдығы-үйдегі ана мейіріміне еш кедергі келтірмеді. Жұмыста да, үйде үлгі бола білген Рахила отбасының алтын діңгегіне айналды. Ол бар көңілін өз басынан көрі балаларына бергенді жөн санады. Соның арқасында Манас пен Алмасты, Әлияны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді, бағып қақты. Үшеуі де арнайы және жоғары оқу орындарында оқып білім алды. Манас өзі оқып бітірген Жаңатас көпсалалы колледжінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы болып еңбек етіп жүр. Манастың үйіндегі келіні Құралай да тәрбиелі отбасынан болып кездесті. Қазір екі ұл, үш қыз дүниеге әкеліп көпбалалы шаңырақтың иесі болып отыр. Қызы Әлия Тараз педагогикалық институитын мұғалім мамандығы бойынша бітірген. Қазір Алматы қаласында жеке кәсіпкелікпен айналысады. Әлиядан Аружан, Жаннұр, Жанерке деген сүйікті жиен қыздары өсіп, бойжетіп келеді. Өкінішке орай күйеубаласы автокөлік апатынан өмірден озды. Орнында бар оңалар демекші Әлия да үш қызының жолында бар уақытын сарп етіп еңбектеніп жүр. Кіші ұлы Алмас Жаңатастағы көпсалалы колледжді бітірген, бұл күнде Алматы қаласында жеке кәсіппен айналысып жүр. Ол үйдегі Нұрдана келіні де тәрбиелі, тәлімді жан. Алмастан Бибарыс пен Алияр немересі де Рахила апасының көз қуанышы.
Өткен ғасырдың 90 жылдарындағы өндірістегі қиын-қыстау кезеңге де шыдас беріп, айлықсыз қалған күндерге де мойымай еңбектеніп, бір мекемеде 32 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Рахиланың жасаған еңбектері де атаусыз қалған емес. Өз ісіне адал, ұжымына сыйлы Рахила жергілікті атқару органдарының, кәсіпорынның құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. «Кәсіпорын ардагері» деген құрметті атақ иесі.
2011 жылы егемен елімізде тұңғыш Қазақстан әйелдері сьезі өткені белгілі. Сьезге еліміздің барлық өңірілерінен үздік еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген қыздар, әйелдер, аналар шақырылған болатын. Осы сьезге Сарысу ауданынан Рахиланың таңдалуы да кездейсоқ емес еді. Бұл таңдауда оның көп жылғы қажырлы еңбегі, жеке басының адамгершілік қасиеттері ескерілген еді. Сьезге барып қатысып қайтқан Рахила өндірістік «Фосфорщик» газетінің тілшісіне берген сұқбатында: «Сьезден керемет әсер алдық. Мақтаныш сезіміне бөлендік. Елорданың көрікті жерлерін аралап көрдік. Сьезден алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын» деп сьезден үлкен рухпен қайтқанын есіне алған болатын.
Уақыт жүйрік. Тоқтаусыз өткен күндер сағымға айналды. Біздің кейіпкеріміз Рахила Төлеутайқызы да зейнеткерлік жасқа толды. Таяу күндері еңбегінің зейнетін көретін демалысқа шыққалы отыр. Өзімен жолығып тілдескенімде, «аға, зейнеткерлік жасқа да келіп қалдым. Бірақ, басшыларым рұқсат етсе тағы бір-екі жыл еңбек етсем деймін» деген ойын да айтқан еді. Мен де өз тарапымнан «Рахила қарындасым, зейнеткерлік жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Алдағы күндерде тек жақсылық болсын. Өсірген балалардың қызығын көріп ұзақ та, бақытты ғұмыр кешуді нәсіп етсін» деген тілегімді жеткзген едім. Өмірі еңбекпен өрілген Рахила туралы әзірге айтпағым осы еді.
Диханбай Ақділда, ҚР Журналистер одағының мүшесі