Еңбекпен өрілген-80 жыл!
80 жас –адам өміріндегі ерекше белес, даналық пен тәжірибенің шыңы. Бұл жасқа жету – мағыналы ғұмыр кешіп, елге, жерге адал қызмет етудің айқын белгісі. Осы мақаламда өмір жолы өнегеге толы, еңбекпен есейіп, халыққа қалтқысыз еңбек еткен ардақты жан туралы жазбақшымын.
Ол –тек қарапайым еңбек ардагері ғана емес, сонымен қатар еліміздің тарихындағы келеңсіз кезеңдердің бірін бастан өткерген, Семей-атом сынағы полигонында әскери борышын өтеген ер мінезді азамат. Тағдырлы жолдан өткен тұлғаның өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі мен тағылым. Елі үшін, халық үшін аянбай қызмет еткен ардагердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өмір жолы сөз болмақшы болып отырған азамат, еңбек ардагері — Әмірбеков Жеңісбек Бейсенбекұлы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін 1946 жылы 10 сәуірде Сарысу ауданы Игілік ауылында, еліміз адам айтқысыз аждаха фашистерді жеңіп тізе бүктіріп жер жастандырғанына бір жыл толып қалған шақта шағын шаруа, интеллигент отбасында дүниеге келген. Ұлы жеңістің құрметіне және ұлы Бейсенбектің соғыстан аман-есен оралуына орай Жаңыл әжесі немересінің есімін Жеңісбек деп азан шақырып қояды. Әкесі Бейсенбек Ұлы Отан соғысының мүгедегі болса, анасы Әпетова Маржан жас кезінен еңбекқорлығымен көзге түсіп, облыстық кеңестің депутаты болып сайланады, кейін кеңес және партия қызметінде болады. «Каганович» ауылдық кеңесінің, «Жон» және «Байқадам» ауылдық кеңестерінің төрайымы болып қызмет еткен. Жеңісбек осындай үлгілі отбасының ұрпағы.
Жеңісбекті өмір кішкентай жасынан бастап есейтті десе болғандай. 4-5 жасар кезінде қырман жұмысшысы Тұяқбай атасы бала Жеңісбекті өгіздің үстіне таңып қойып, тас молотилкамен қырман бастыруға пайдаланған екен. Өзі айтады өгіз бірнеше рет айналғанда маужырап ұйқым келеді, Тұяқбай атасы «Әй, бала, ұйықтама» деп айқайлап оятып қояды екен. Ол кезде еңбекке жарамды аталар мен апалар таңның атысы, күннің батысы қырманда еңбек ететін. 1954 жылы Коммунар жетіжылдық мектебінің бірінші сыныбына барып, Зейнекүл апайдан алғаш рет әліппені қолға алады. Екі жылдан соң інісі Абзалбек (ауыл тұрғындары Қоңқаш деп атап кеткен) інісі де мектепке бара бастады. Содан киім жетіспейді, үстіндегі киімі жамау-жамау, інісі екеуі бір аяқ киімді түске дейін өзі, түстен кейін інісі мектепке киіп барады екен. Кітап салатын сөмкесін анасы Маржан матадан тігіп береді, сия сауыт, кітап бәрі осы сөмкеде болады. Сол кезеңдегі әжесі пісірген күлше нанның дәмі әлі таңдайымнан кетпейді,- деп отырады Жеңкең.
1961 жылы Коммунарда жеті жылдық мектепті бітіріп, Байқадам Қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырды. 11-класта оқи жүріп, кешкі 3-айлық автошколды қатар бітіреді. Мектепте жүргенде белсенді оқушы болды. Сызу және сурет пәнін сүйіп оқыған екен. Бұл пәннен тек «бестік» баға алған. Жақсы суретші, плакат қаламымен, сурет щеткесімен ұран сөздер жазуды меңгереді. Мектептегі сынып бұрыштарын, қабырға газеттерін, мереке кездегі шеруге алып шығатын ұрандарды да жазатын болған. Кейін есейген кезде ауылдағы көліктердің мемлекеттік нөмірлерін де жазғанын айтады.
Жеңісбек Байқадам орта мектебін бітіре салысымен 1965 жылы Байқадам №5-автоколоннада жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Еңбекке араласқан сәттен бастап-ақ қай жұмыс болса да жауапкершілікпен, ықтиатты істейтінімен көзге түседі. Осы жылы күзде әскер қатарына шақырылып, өзіне жүктелген әскери борышын абыроймен атқарады. Әскердегі бірінші жылы Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында, кейін екі жыл Семей облысы, Аягөз ауданындағы қауіпті аймақта жер асты бункерлерін жасауға қажетті құрылыс материалдарын Аягөз қаласынан тасиды. Атом ядролық сынақтарының зардабы адам денсаулығына кері әсер беретіні ақиқат. Жеңісбектің де денсаулығына әсер етпей қоймады. Әсіресе, қартайған шақта көбірек білініп жүр, -дейді өзі. Әскери борышын абыроймен атқарып 1968 жылы күзде ауылға оралады. Ол кезде Сарысу мен Талас ауданы бір, орталығы Ақкөл ауылы болатын. Сондықтан, әскери есепке тұру үшін Ақкөл әскери комиссариатына барып есепке тұрады. Әскерден бұрынғы жұмыс орнына қайта барудың қисыны келмейді. Содан ПМК-9 «Жамбылсельстрой» мекемесінде техпомощь автомошинасына жүргізуші болып орналасады. Жаңа жұмыс орнында өзінің бойындағы ұқыптылығы байқалады. Техниканы күтіп баптап ұстауы жөнінен басқа жүргізушілерге үлгі болады. Қашан көрсең де автомашинасы тап-таза болып тұрады екен. Саудакенттегі мәдениет үйінің құрылысы басталып, іргетасы қалана бастаған бір күндері энергия болмай қалған екен. Сол сәтте бетономешалканы іске қосу үшін Жеңкең жүргізетін техпомощты 380 вольттық генератор арқылы жұмыстың тоқтамауына атсалысқан кезім болды, -дейді тағы бір әңгімесінде. Сол жылдары сирек кездесетін мамандық электрогаз дәнекерлеуші болатын. Коммунар совхозына слесарь болып жұмысқа кірген соң, арнайы жолдама бойынша Қаратау қаласындағы «Молодёжный» кенішінде арнайы электрогазосварщик қурсын бітіреді. Бұл мамандықты игерген соң неше түрлі жұмыстар жүргізді. Сынған, қисайған темір тетіктердің барлығы Жеңкеңнің қолынан өтетін болды. «Молодёжный» кенішінің жер асты шахтасында да 6-айдан аса жұмыс істейді. Бірақ, әжесі Жаңыл жер астында жұмыс істейді дегенді естіп, немересіне қайта-қайта хабар беріп, ол жұмыстан шығуына тура келеді. Кеңес одағы кезінде егіс комбайндарын кез келген техникадан хабары бар, жүргізе білетін адамдар жүргізетін еді. Жеңісбек те Коммунар совхозында жазда егін орағы кезінде СК-5 комбайн штурвалына отырып, күндік жоспарды асыра орындап, жақсы жетістіктерге қол жеткізеді. Жаңадан ұйымдастырылып жатқан Сарысу аудандық «Сельхозтехника» мекемесінің құрылыс жұмыстарына қатысады. Мұнда жоғары кернеудегі электр энергиясымен газоэлектросварка жұмыстарын жасап, аудандық «Сельхозтехника» бастығы Абдрахманов Басие ағайдың рахметін алғаны да бар. Өзімен сөйлескенімде осыларды жыр қылып айтқаны есімде.
Арман – адамның мына өмірдегі жетекшісі ғой. Арманнан мақсат пайда болады. Адам сол мақсатты орындау үшін әрекет жасайды. Жеңісбектің де арманы, мақсаты әртүрлі және бірталай болды. Жас жігіт енді киномеханик болуды арман етеді. Сол арманы оны Сарысу аудандық мәдениет бөліміне қарасты автоклубта жүргізуші-киномеханик болуға алып келеді. Жеңкең ол жылдарды еске алғанда: «Шу бойындағы малшыларға, шөпшілерге, ССО- студенттерге және арнаның арғы бетіндегі тұратын Ақтөбе, Тербетбайдағы тұрғындарға, Шу бойының суығына тоңып, ыстығына күйіп, сона менен масаға талана отырып халыққа қызмет еттім. Қамқалы совхозының директоры Ескермес ағай, арқамнан қағып, маған ризашылығын білдіріп отыратын. Әрине малшылардан төл алу туралы, сұхбат алу және алдағы социалистік жарыста алдыңғы қатардан көріне отырып малшылар слетінде үлкен сый-сияпатқа ие болуды әрқайсысы арман тұтатын. Дәу сандықша магнитафон, КН-15 аппаратын алып жүру оңайға соқпайтын. Қамқалы совхында тұратын Әзиаш деген қыздың даусы керемет болатын мен оған өлең айтқызып кассетаға жазып алып қойшыларға, мереке кездерде үлкен колонка арқылы елге қойып беретінмін,-дейді.
Жоғарыда айтқанымдай адамда арман таусылмайды екен. Жеңісбекті де тағы бір арманы аудандық тұтынушылар одағының автобазасына жол салдырады. Ендігі мақсаты халыққа азық-түлік, тұрмыстық қажетті заттарды тасу, сатып алушыларға, тұтынушыларға қызмет көрсету еді. Аудандық тұтынушылар одағының автобазасына тауар жеткізуші (доставка товаров) көлігінің руліне отырып халыққа, яғни аудан көлеміне қызмет ете бастайды. Алғашқы кезде Алматыдағы «Казпотреб союздан» халыққа қажетті құнды-құнды заттар таси бастады. Кейін Саудакент наубайханасынан Саудакенттегі, Ұйым, Жаңаталап, Коммунар сияқты жақын ауылдарға нан тасып жеткізіп беретін нан таситын (хлебавоз) көлікті жүргізді. Бұл жұмыстарды да абыроймен атқарды. Көпшіліктің алғысын, рахметін алды.
Жеңісбек автобусқа отырып, халықтын сый-құрметіне бөленсем деген мақсатын орындау үшін алдымен Жаңатас қаласындағы жолаушылар тасымалдау мекемесіне автослесарь болып жұмысқа қабылданады. Осы тұста Жеңісбектің автокөлікті сервистік жөндеу, шаршаған моторларды қайта жинау, газоэлектро дәнекерлеу, тағы басқа жұмыстарды өте жақсы меңгергендігі оның беделін арттырды. Соның арқасында Жаңатас ПАТП-сының бастығы, соғыс және еңбек ардагері Аркадий Иванович Теребрюхов Жеңісбекті 1980 жылы Жамбылдағы автоучкомбинатқа арнайы жолдамамен оқуға жіберіп, ол жерде жолаушылар тасымалдау көліктерін жүргізуге рұқсат беретін «Д» санатын алып шығады. Курсты бітіріп келісімен Жаңатас қала маңындағы автобустың рөліне отырады. Бұл жұмыста 3 жыл автобус жүргізеді. 1983 жылдан 2000-шы жылға дейін қалааралық автобуста жүргізуші болып, Жаңатас, Алматы, Балқаш, Кентау, Шымкент, Ферғана, Қызылорда, Газелкент, Приозерск, Бишкек, т.б. рейстерде болып халыққа адал қызмет етті. Жолаушы тасымалдау жөніндегі мемлекеттің жоспарды артығымен орындады. Ол үшін ақшалай-заттай сыйлықтар алды және кәсіподақ ұйымының марапатына ие болды, белсенді, алдыңғы қатарлы кәсіподақ мүшесі болды. Кейінгі жылдары Семей атом полигонының зардаптарынан мүгедектікке шығып, «Саудакент саз» мектебінде қатардағы жұмысшы болып еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Жеңкең «Саз мектебінің ұжымына үлкен рахмет, құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды» деп үнемі айтып жүреді. Мен «Зейнеткерлікке шыққанмен Жеңісбек қоғамдық өмірден тыс қалған жоқ. Әрдайым елімізде болып жататын түрлі саяси, қоғамдық шаралардың ішінде жүреді. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау, жергілікті мәслихат сайлауларында сенімді өкіл, учаскелік сайлау комиссияларында қоғамдық бақылаушы ретінде қатысып жүр. «Ерекше Тәуекелді» солдаттар қоғамдық бірлестіктің мүшесі, бұрынғы «Отан», «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясының мүшесі. Қазақстанның тұңғыш президентінің 2-мәрте Алғыс хатымен марапатталған. Осы жайында Жеңкеңнен сөз тартқанымда: «Менің 80 жылғы өмірімдегі шексіз қуанышым, бақытты күндерімде осы деп білемін. Аудан көлеміндегі іс-шараларға қатысқанды ұнатамын. Аудан басшыларына, мекеме басқарып отырған лауазымды тұлғаларға мен үлкен құрметпен қараймын, өйткені әрбір сарысулықтың өмірі, тыныс-тіршілігі, қажетті шаруалары осы кісілермен тығыз байланысты. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, гүлдене беруіне әрбір Сарысу азаматтарының еңбегі зор деп білемін. Менің әлемде теңдесі жоқ, ынтымағы мен бірлігі жарасқан сүйікті Отаным бар, ол-Қазақстан! Менің жүрегім гүлденген егеменді елім,Тәуелсіз мемлекетім, Қазақстаным деп соғады,-деп ағынан жарылды.
Енді Жеңкеңнің отбасы жайлы әңгімелесек. 1977 жылы 12 қаңтар күні Ақтоғай ауылының тумасы Рысалды Жұмабаевамен бас қосып, отбасын құрады. Жеңкең «Мен Д.Қонаевтың туылған күні отбасын құрғанмын, құдай қаласа отбасымыз бақытты болады» дегенін де бірнеше мәрте естіген едім. Айтса айтқандай, отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, сүйікті немерелерінің ардақты атасы, аяулы әжесі болып отыр. Барлық балалары өз мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Жұбайы Рысалды жоғары білімді маман, Саудакент саз мектебінде 40 жылдай еңбек еткен ардақты ана, еңбек ардагері.
Бүгінгі күні мерейлі 80 жасқа келіп отырған Жеңісбек Бейсенбекұлының еткен еңбегі көптеген марапаттармен аталып өткен. Атап айтқанда «К 100 летию со дня рождения первого начальника космодрома Байқадам А.И. Нестеренко 1908-1995», «Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған Отан қорғаушы» құрметті мерекелік төсбелгісі, «Тәуекелшіл солдаттар ардагері» төсбелгісі, «Ұлы Отан соғысына 70 жыл» мерекелік медалі, «Семей атом ядролық полигонының ардагері» төсбелгісі, «Семей атом ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл» мерекелік төсбелгісі, «Қазақстан халық Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалі. «Жамбыл облысы, ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік төсбелгісі, «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медалі, «Сарысу аудандық «Құрметті ардагері», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Жаңатас қаласына 55 жыл» мерекелік медалімен тағы басқа Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен аталып өткен.
Жаны жайсаң, көңілі дархан, 80 жылдық ғұмырын адал еңбекке арнап, елінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагердің өмір жолы-кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жеңкең жүріп өткен жол-табандылықтың, еңбекқорлықтың және отаншылдықтың көрінісі. Осындай үлгілі өміріңізбен жас буынға бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибеңізбен бөлісіп келе жатқаныңыз –үлкен өнеге. Сізге, отбасыңызға ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін, құрмет пен сый-қошеметке бөлене беріңіз!
Диханбай АҚДІЛДА, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары