Алғыс арқалаған азамат
Қазақ ішсе-асы, кисе-киімі, мінсе-көлігі, тұтынса-бұйымы, берсе-сыйы болған төрт малдың қадір қасиеті, киесін жақсы білген халық. «Мал әулие, малдан басқа жарылқайды қай әулие» деп дәріптеп, қадірлей де білген. Бүгінгі таңда ақ таңы арайлап атып, шауқты күні күлімдеп батқан алтын бесік ауылдарымызда өрістің көркі, бала-шағаның ырысты несібесі төрт түлік мал өсірмейтін отбасы кемде-кем. Мал болған соң араларында бірен-саран ауру-сырқаулары кездесетіні бесенеден белгілі. Осындай кездерде мал мамандарының біліктілігі мен іскерлігіне жүгінуге тура келеді. Төрт түлік мал ауруларының алдын алу әрі ем-дом жасауда Байқадам ауылдық округінде білікті іскер мамандар баршылық. Сондай өз мамандығына деген адалдығымен ауыл тұрғындарының құрметіне бөленіп, алғыстарын арқалап жүрген азаматтың бірі емес бірегейі Мелдебек Төлеубеков десем артық айтқандық болмас еді.
Осы бір қағылез келген, қараторы жігітті ауылымызда танымайтындар да кемде-кем. Әсіресе, кісінетіп жылқы, боздатып түйе, мөңіретіп ірі қара, маңыратып қой-ешкі ұстаған ауыл тұрғындары өте жақсы біледі. Олай дейтінім Мелдебек жыл он екі ай ішіндегі әрбір еңбек күні бала- шағаның ырысты несібесі төрт түлік мал өсіріп отырған ауыл тұрғындарымен етене. Көбінесе арнайы шақыртулармен жүреді.
Бүгінде сексен жастың сеңгіріне таянған қарияның бірімін. Қолдағы малымыздың бірі ауырып қалса Мелдебекті шақыратынның бірі мен едім. Телефон қоңырауын шалсаң болғаны қолға алған шаруасын кейін ысырып қойып кідірмей жетіп-ақ келеді. Бір қызығы Мелдебектің күш көлігі үнемі техникалық бабында жүретін қарапайым велосипед. Жылдың қай мезгілінде болмасын, көктемнің жауынды-шашынды, жаздың ми қайнатқан аптап ыстығы, қоңыр күздің қара суығы, қылышын сүйреткен қаһарлы қыстың үскірік аязды күндерінде көшеде велосипедпен жортып жүрген Мелдебекті жиі көреміз. Велосипедінің жүк салғыштары мал дәрілері мен қажетті аспаптарға толы болады. Сәлеміміздің сәті түсіп кездескенімізде:
-Жол болсын, Мелдебек,-дейміз ғой. Сонда ол іркілмей:
-Малы ауырып қалған бір үйге шақыртумен бара жатырмын,-дейді.
Иә, мамандығына деген адалдығы, еңбексүйгіштігі, «Бетегеден биік, жусаннан аласа» демекші қарапайымдылығымен ауылдастарының құрметіне бөленіп, алғыстарын арқалап жүрген Мелдебек осындай азамат. Енді оның жүріп өткен өмір, еңбек жолдарынан да бір үзік сыр айтқанымыз жөн болар.
Мелдебек Төлеубеков 1970 жылдың қыркүйек айының 6 жұлдызында жарық дүние есігін ашыпты. Жеті жасында «Шығанақ» совхозындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектебінің табалдырығын аттайды. «Әліппе» бетін ашып, әріп таниды. 1987 жылы он жылдық мектепті үлгілі аяқтаған соң мамандық алуды мақсат етеді. Бала жастан малсақ боп өскен Мелдебек мал маманы болуға ниет етіп, 2010 жылы колледжге оқуға түседі. Оқу орнын ойдағыдай тамамдағаннан кейін, еңбек жолын Байқадам ауылдық округінде маман болудан бастайды. Білім ошағынан алған теориялық білімін іс жүзінде еңбекпен ұштастырып, мысқалдап тәжірибе жинақтайды. Еңбекке деген құлшынысы мен ізденісінің нәтижесінде уақыт өте келе іскер мамандар санатына қосылады. Әрине, бәрі де айтуға оңай. Әрбір мамандықтың өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Бейнеттің зейнеті болатынын жете сезінген Мелдебек жұмыс бабында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбегімен, тиянақты ісімен жеңе білді. «Еңбек-ер атандырады» демекші мамандығына адалдық танытып, жемісті еткен еңбегінің арқасында көп құрметіне бөленді.
Бүгінгі таңда Мелдебек Төлеубеков Байқадам аулдық округіне қарасты малдәрігерлік мекемесінде өнімді еңбек етіп жүрген ел-жұртына сыйлы, тәжірибелі мамандардың бірі. Мекеме басшысы Қоңыратбеков Әділболат:
-«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе? Мелдебекті мақтаныш етеміз. Ауыл тұрғындарының ақ тілекті алғысын арқалап еңбек етіп жүргені ұжымымыз үшін үлкен абырой,-деді бізбен әңгімесінде.
Еңбектен бақытын тапқан Мелдебек берекелі отбасының жапырағын жайқалта жайған бәйтерегі. Құдай қосқан қосағы Қаршыға екеуі 3 ұл, 1 қызды тәрбиелеп отыр.
Сейітқадыр Әбдіхалықов, еңбек ардагері