Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті
2025 жылдың 10 қазан күні Сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының кезекті 43-ші сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасары, Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлімдері және тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Оңласын Мұқашовтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібінде: Сарысу ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы; Жаңатас қаласы және Түркістан, Жаңаарық ауылдық округі әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы; «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» Сарысу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 тамыздағы №7-3 шешіміне келесі өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес аудандық мәслихат депутаттары сауалдарын қойды.
Аудандық мәслихат депутаты Талғат Наханов қазіргі таңда ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында, көркейту бағытында біраз жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, сайлаушылармен кездесу барысында бірқатар мәселелер көтерілгенін айтып, бірінші мәселе бойынша сауалын қойып шалғай елді мекендеріндегі әлеуметтік нысандардың жағдайы жөнінде: оның ішінде Жайлаукөл ауылындағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияның жылу жүйесінің тиісті деңгейде жұмыс жасауын, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету тиімділігін арттыру бағытында Қамқалы ауылдық округінен өрт сөндіру бекетін ашу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге, аудандағы ауыл шаруашылық малын арзандатылған бағада мал азығымен қамтамасыз ету, Қамқалы, Досбол ауылдарындағы ауыз су жүйесі бойынша су сорғыларды жөндеу, Қамқалы ауылына қарасты шалғайдағы жол, Жайлаукөл, Қамқалы ауылдарының бірқатар көшелері, сонымен қатар шалғай елді мекендері мен Тараз қаласы бағытындағы жолдарды жөндеу, аталған бағыт бойынша жүретін қоғамдық көлікті жаңарту, Талас өзені арнасына тазалау жұмыстарын жүргізу, шалғай мекендердегі дәрігерлердің жұмыс кестесіне сай жұмыс жүргізу мәселелеріне баса тоқталды.
Мәслихат депутаты Асанбай Сейналиев ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту, оның ішінде инвестиция тарту, тұрғын үймен қамту, білім нысандарына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, басқа да салалар бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, келесі жылдардың ауылдарды дамыту жоспарына Саудакент-Игілік бағытындағы жолды жөндеу, Игілік ауылындағы клуб үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу шараларын енгізуді ұсынды.
Аудандық мәслихат депутаты Қалдыбек Дүзкенов Жайылма ауылдық округіндегі ауылдардағы ауыз су жүйесін қайта жаңғыртудан өткізу мәселесі туралы айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мәслихат депутаты Жанбота Басие Жаңатас қаласындағы МЭЗ елді мекеніне балалар ойын алаңшаларын орнату жөнінде айтты.
Мәслихат депутаты Талғат Наханов қала ішінде қараусыз жүрген мал иелерін тиісті заңнама аясында жауапқа тарту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін жеткізді.
Мәслихат депутаты Бауыржан Балғабай қаладағы шағын аудандардағы тозығы жеткен спорт және балалар ойын алаңшаларын жаңарту, сондай-ақ қала мен елді мекендерде түнгі мезгілде автомобиль жолдарында жол көлік оқиғасының алдын алу мақсатында малға арналған шағылыстыратын таспа болу қажеттігі туралы мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Оңласын Мұқашов Түркістан ауылдық округі Арыстанды елді мекеніндегі клуб үйін жөндеу, сондай-ақ ұялы байланыспен тиісті деңгейде қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Төртінші мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаты Мұратбек Есмұрзаев Жаңаарық ауылдық округіндегі бірқатар көше жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді.
Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі түсіндіріп, тиісті сала орынбасарына бақылауға алуды және аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшыларына көтерілген мәселелер бойынша тиісті облыстық басқармаларға ұсыныс беріп нәтижесі бойынша аудандық мәслихат депутаттарын хабардар етуді тапсырды. Сонымен бірге, мәслихат депутаттарына баяндамашылар және мекеме басшыларының тарапынан жауаптар берілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсыныстар шешім жобаларына енгізіліп, қабылданды.
Аудандық мәслихат