Ақтоғай мектебінің төлқұжатындай болған ағайларым
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім» — деп заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай, тәуелсіздік туын тіккен еліміздің өркениетке бастар жолының бастауы – мектеп. Мектептің алтын діңгегі – тәжірибелі ұстаз.
Ең алғаш «Жаңакүш» бастауыш мектебі болып іргетасы қаланған, талай ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқан, қаншама ұрпақты қияға қанат қақтырған Ақтоғай ауылындағы «Ақтоғай» орта мектебіне биыл 90 жыл толып отыр. Мектептің тарихы 1935 жылдан бастау алады. Тарихы тереңнен бастау алатын мектепте соғыстың алдында, соғыс уақытында, соғыстан кейінгі кезеңдерде көптеген аға-апайлар сабақ берді, басшылық қызметте болды. Әрине, ол дәуірді көрмесек те, аға буын үлкендерден естіп, тарихи естеліктерден оқып білетінбіз.
Біз ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезде ауылдағы мектептің тұтқасын екі кісі ұстап тұрды. Мен үшін мектептің иесі де, киесі де сол екі кісі сияқты көрінетін. Бірі мектептің директоры Дәуірбаев Шахыбала ағай болса, екіншісі осы оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Ақділдаев Жұмабай ағай еді.
Бірі соғыс ардагері, екіншісі тыл еңбеккері. Тарихтың қатал да қиын уақыттарымен бетпе-бет келіп, қиыншылықтарды жеңе жүріп шыңдалған азаматтар. Сарысу ауданының білім беру саласының, сондай-ақ, Ақтоғай елі мекеніндегі орта мектептің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, абыройлы еңбек етіп, қалтқысыз қызмет еткендер.
Жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағынан сусындатып, барлық саналы ғұмырын білім саласына, туып-өскен өңіріне арнаған ұстаздардың ұстазы болған бірегей тұлғалар.
Мектепте екеуінің де шоқтығы биік. Мектептің төлқұжаты секілді еді.
Дәуірбаев Шахыбала ағай 1921 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы Шабақты өзенінің жағасындағы Жамантас деген жерде дүниеге келген. 1932 жылы 11 жасында Қазақ елінің басына түскен ашаршылық кезінде жан сауғалап, Қырғыз еліне отбасымен жер ауған. Анасы сол жылы бала босанып жатып қайтыс болыпты. Ал, әкесі мен екі ағасынан осы Қырғыз жерінде жүріп көз жазып қалады. Ашаршылық пен жалғыздықтың тауқыметін тарта жүріп 1933 жылы балалар үйіне орналасып, білім ала бастайды.
Еңбек жолын «Қырық қазық» мектеп-интернатында білім ала жүріп, сауатсыздықты жою (ликвидация безграмотности) бағдарламасы бойынша кешкі мектепте колхозшыларға сабақ беруден бастаған. Себебі, ол кезде сауатты мамандар жеткіліксіз болған.
1939 жылы Халық ағарту комиссариатының жолдамасымен Жалалабад облысына қарасты Кетментөбе ауданының «Жаңаарық» бастауыш мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1940 жылы Кетментөбе аудандық оқу бөлімі «Ұлы Чычкан» өзенінің бойында орналасқан Жаңажол колхозындағы «Жаңажол» бастауыш мектебі және Арал колхозында Пушкин атындағы бастауыш мектебінде, яғни қатарынан екі бірдей мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарады.
1941 жылы «Жаңажол» бастауыш мектебінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1943 жылы 22 шілдеде Фрунзе қаласындағы «Отан қорғау әскери училищесінде» курсант болады. 1941-дің жазында төрткүл дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс басталғаны белгілі. Ел басына күн туып, бейбіт күннің шырқы бұзылды. Елді қайғы жайлады. Шахыбала ағай да 1943 жылы әскерге алынды. 1945 жылға дейінгі аралықта Ұлы Отан соғысына қатысты. Қолына қару алып, неміс басқыншыларына қарсы соғысып, Отанын жаудан қорғайды. 1945-1946 жылдары Ішкі істер министрлігі әскерінің 410-шы полкында атқыш болып, күзетші, кеңсе қызметтерін де қатар атқарады.
СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен әскер қатарынан босатылады. Бірақ, қажеттілікке байланысты Шахыбала Дәуірбаев әскерден 9 ай кешіктіріліп, 1947 жылдың мамырында босатылады. Елге келген соң, 1947 жылдың сәуірінде «Коммунар» колхозындағы «Коммунар» бастауыш мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады. 1952-1953 жылдары Сталин атындағы орта мектебінде меңгеруші, 1953-1954 жылдары «Коммунар» бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.
1954 жылы 20 тамызда «Серго» атындағы сегіз жылдық мектепке директор болып тағайындалады. 1955 жылы «Серго» атындағы сегіз жылдық мектебі Ақтоғай ауылына көшіріледі. Осы 1954 жылдан 1983 жылы зейнетке шыққанға дейін «Серго» атындағы сегіз жылдық мектебінің директоры болып 30 жылға тарта үздіксіз қызмет атқарды. 1983 жылы зейнетке шығуына байланысты директор лауазымынан босатылды. Кеңес дәуірінде бір мектепте отыз жылға тарта директор болған азаматтар санаулы болса, соның бірі Шахыбала ағай.
Шахыбала ағайдың алғаш мектеп директоры болған кездегі мектептердің оқу-материалдық жағдайы өте нашар еді, тіпті оқушылар отыратын парталар да жетіспеген. Талап, жігер, іске деген құлшынысы жоғары жас директор өзінің белсенділігімен, бір сөзбен айтқанда, мектепті қолмен құраған. 1954-1955 жылдары «Жаңакүш», «Серго», «Ілгерібас» колхоздарының қазіргі Талдыбұлақ, Ақтоғай өзендерінің бойына қоныстануына байланысты оқушылар саны да өсіп, мектептің жаңа құрылысы жүргізілген кезде де мұғалімдер мен ауылдағы ұста-шеберлерді ұйымдастырып Шахыбала ағай жүрді.
Зейнетке шыққаннан кейін де, мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беріп, мұғалім болып қызмет атқарды. Көркем жазудың не екенін біз Шахыбала ағайдан үйрендік. Тақтаға да, дәптерге де өзі әдемілеп жазып, біздің де көркем жазуымызды талап етуші еді.
Ақділдаев Жұмабай ағай 1928 жылы қазіргі Ұлытау облысындағы Сарысу өзенінің бойында дүниеге келген. 1931-1933 жылдардағы халықты аяусыз қырғынға ұшыратқан ашаршылықта Сарысу өзенінің бойынан Қаратауға қарай шұбырған, Қаратау, Саудакент өңіріне зорға жеткен аға ұрпақ өкілдерінің бірі.
Жұмабай аға Сарысу ауданы, Талдыбұлақ ауылдық кеңесіндегі «Жаңакүш», кейінірек «Серго» атанған орталау мектепте, аудан орталығындағы Каганович атындағы орта мектебінде оқып, білім алған.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылының аяқ кезінде дүние есігін ашқан Жұмабай Ақділдаұлының жастық шағы өткен ғасырдың басындағы колхоздастыру, елдегі зұлмат, ашаршылық, қуғын-сүргін, одан кейінгі сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол дәуірдің ұрпақтары балалықтың не екенін білмей өсті. Оларды балалық шақтың орнына ауыр еңбек күтіп тұрған еді. Соғыс жылдарында ол өзге замандастары сияқты майданға аттанған ағаларының, ер-азаматтардың туған елге аман-есен оралуын тілеп еңбек етті.
Сарысу ауданындағы Талдыбұлақ ауылдық кеңесіне қарайтын «Серго», «Жаңа күш», «Ілгерібас» колхозындағы ер-азаматтар майданға аттанғанда есейіп қалған бала Жұмабай ағаларын жылап-еңіреп шығарып салғандардың қатарында бірге жүрді.
— Өгіз, ат арбаларға мінгізіп аудан орталығы Байқадамдағы әскери комиссариатқа ер адамдарды әкетіп бара жатқанда, арбаға ілесіп, колхоздан Байқадамға дейін жылап-сықтап бірге баратынбыз — деп айтып отыратын.
Майданға аттанған ерлердің орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Колхоздың бірі бітсе, бірі күткен қат-қабат жұмыстары қарттар мен нәзік жанды әйелдерге, буыны бекімеген, бұғанасы қатпаған балаларға қарап қалды. Балалық және бозбалалық жалындаған шағы қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келген Жұмабай ағай мал бақты, шөп шапты, егін екті, қиыншылықты біркісідей көрді. Колхоздың барлық жұмысына жегілді.
Майдан даласында жараланған, ұрысқа жарамаған әскерлердің алды елге келе бастады. Олар соғыс жарасының жазылуын күтпестен, алған жарақаттарына қарамастан еңбек майданына қызу кірісті. Колхоз жұмысына бел шеше кіріскендері колхоздағы әйел, балалар үшін үлкен қолдау болды.
1944 жылы соғыстан жараланып елге оралған ағасының бірі, атамыз Тілеміс «Жұмабай мен Олжатайдың өгізге жегіп алып жер жыртқандағы тасы Жондағы «Қайнар» бұлағының қасындағы ескі пункттің маңында әлі жатыр» — деп айтып отыратын. Бір кездері маған көрсеткен де етін.
Осындай қатал уақыт жалындаған жастың оқуға, білімге деген құштарлығына еш кедергі бола алған жоқ. 1947 жылы Каганович атындағы орта мектепті бітірген балаң жігіт Жұмабай Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа түсіп, 1951 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оқуды аяқтап, ауылға келіп, ауыл мектебіне мұғалім болып, орналасайын десе, орын болмайды. Аудандық білім бөліміндегілер «Жайылма ауылындағы мектепте орын бар, соған барасың» — дейді.
Жұмабай ағай соғыс жылдарында аудандық «Сарысу» газетінің редакторы болған Әбішев Мақан деген кісіге барып ақыл сұрайды. Туыстық жағынан жездесі болып келеді. Кейін ағайдың өзі айтады: «Мақан маған айтты, жіберген жаққа бара бер, тәжірибе жинайсың, ауылдан алыстау шет жақта жұмыс істегенде жақсы, сыйлы боласың деді. Айтса айтқандай, Жайылмада жаман болған жоқпын, мұғалімдік жұмыста тәжірибе жинақтадым, көп нәрсені үйрендім, Жайылманың қызына үйленіп, отбасылы болдым» — дейтін.
Содан 1951-1957 жылдары Жайылма ауылындағы Ленин және Маятас ауылындағы жетіжылдық мектептерде арифметика, математика пәнінен мұғалім болып қызмет еткен Жұмабай ағай 1957 жылы Ақтоғай ауылындағы «Серго» атындағы сегізжылдық мектепке (қазіргі Ақтоғай мектебі) мұғалім болып ауысып келеді. 1960 жылдан бастап 1992 жылға дейін 30 жылдан аса осы мектептің оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Жұмабай ағай бізге төртінші сыныпта математика пәнінен сабақ берді. «Ақыл-ойдың гимнастикасы» саналған математикаға қызығушылығымыз осы кезден басталды.
Сонау қиын кездерде «инемен құдық қазғандай» боп білім алып, алған білімін ел қажетіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне лайықты жарата білген Шахыбала және Жұмабай ағайлар ауыл-аймаққа беделді ұстаз-басшылар бола білді.
Екі ағай да қатал да талапшыл мұғалімдер еді. Сабаққа кешіккендерді жақтырмайтын, сабаққа дайындалмай келгендерді сабақтан алып қалып, оқытатын. Сондықтан бұл кісілердің сабағында ақырын сөйлеп, анық басатынбыз. Сабақтан бос уақыттарда ағайлардың көзіне көрінбеуге тырысатынбыз.
Мектептің бүкіл жұмысы, тыныс-тіршілігі, оқу, білім сапасының жоғары болуы осы екі басшыға тікелей байланысты болғандықтан, Ақтоғай ауылындағы шағын мектептің дамуына бар күш-жігерлерін, білімдері мен білігін салды. Ақтоғай мектебі білім сапасы жағынан аудандағы алдыңғы қатарлы мектептің бірі болды. Қазіргі уақытта да ағайлардан қалған осы үрдіс жалғасып келеді. Ақтоғай мектебі аудандағы алдыңғы орындағы мектептердің қатарында.
Екі ағайымыз да сан түлекке мектепті бітіртіп, өмірге жолдама берген мектеп басшылары ғана емес, ең алдымен тәлімгер, ауыл-аймақ үлгі алар бедел иелері болды.
Ұстаздың есімі шәкірттері арқылы танылады. Ұлағатты ұстаздардың алдын көріп, тәлімін алған шәкірттер бүгінде кең-байтақ Қазақстанның әр қиырында әр салада ел дамуына қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Біз мектепте оқып жүргенде кеңестік кезеңнің пионер, комсомол ұйымдары жақсы жұмыс істеді. Мен алтыншы сыныпқа өткен жылы мені мектептің пионерлер кеңесінің (дружина) төрағасы етіп сайлады. Төрағалыққа ұсынған Жұмабай ағай болатын. Тоғызыншы сыныпты бітіретін жылы мектептің комсомол ұйымының хатшысы болдым. Осы қоғамдық жұмыстармен аудан орталығы Байқадамда (қазіргі Саудакент ауылы) көптеген жиналыстарға, конференцияларға Жұмабай ағай екеуміз бірге барушы едік. Үлкен кісімен қатар жүргенге ыңғайсызданамын ба, әлде балалық па, ағайдан кейде ұзап, кейде қалып кетемін. Сонда ағай, «Асан, жолға бірге шыққан екі адам қатар жүру керек. Бұндайда әңгіме айтылады, сен айтпасаң мен айтамын әңгімені» — деп ескерту жасайтын. Кейін сұрақ қойып, өзім тыңдайтын болдым әңгімені. Жоғарыда Жұмабай ағай айтып отырушы еді деген сөздерім, ағайдан естіген әңгімелерім. Одан бөлек, ағай үйге жиі келетін. Демалыс күндері екеуміз екі атпен тауға шығып жылқы іздейтінбіз. Ол кезде әңгіменің тиегі ағытылатын. Кешке дейін тау-тасты аралап, күн батып кетсе Жекеталдың өзенінің бойында отырған совхоздың аға шопандары, ағайдың замандастары Көшен, Құрақбай ағаларымыздың үйіне қона кететінбіз.
Отыз жылдан аса Ақтоғай мектебінде басшылық қызмет атқарған, барлық саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнаған, Ақтоғай мектебінің төлқұжатындай болған екі ағайымыз да үлкен отбасының тірегі, мәуелі бәйтерегі, арқасүйер асқар тауы болды.
Зейнетке шыққаннан кейін де өздерінен кейінгі ұрпақтарға, жас мамандарға, шәкірттеріне ұстаздық ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес.
Күллі адамзат баласын білім нәрімен сусындатып, көкірек көзін ашып, тек жақсылықтың жаршысы бола білген ұстаздарды халық қадірлеп, ұлағатты ұстаз деп атаған.
Мен әңгімелеп отырған Шахыбала ағай және Жұмабай ағай ұлы есім – ұстаз деген атқа кір келтірмей өткен ұлағатты ұстаз, тұғырлы тұлғалар еді. Өйткені, бұл кісілер білім саласын өрге сүйреп, қалтқысыз қызмет етіп, халықтың құрметіне бөленді.
«Жақсының аты өлмейді», «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген… Өмір көші алға жылжып, уақыт өткен сайын қадірлі Ағайларымның есімі кейінгі ұрпақтардың, шәкірттерінің, ол кісінің көзін көргендер мен ауылдастарының жүрегінде мәңгі сақталып, асқақтай берері сөзсіз.
Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған екі Ағайым үшін мектеп – жай ғана білім ордасы емес, халықтың келешегін тәрбиелер киелі шаңырақ еді. Ұстаздың жүрегі кең дариядай болса, мен айтып отырған қос бәйтерек сол дарияның айдынында жүзген мыңдаған шәкірттерге бағыт-бағдар берген шамшырақтай болды. Ақтоғай мектебіндегі басшылық қызметтерінен соң, зейнетке шыққаннан кейін де қолдағы бор мен тақтадан да қол үзбеді.
Ұстазға тағзым – өткенге тағзым, ұстазды ардақтау – болашақты ардақтау десек, біз осындай тұлғаларды жиі еске алуымыз қажет. Өйткені, Шахыбала, Жұмабай сынды асыл ағайлар – жас ұрпаққа білім ғана емес, адамдықтың, адалдықтың, отансүйгіштіктің өнегесін қалдырған жандар.
Қадірлі Ағайларды қалай құрметтесе де, ұлықтаса да, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсе де, ол кісі соған әбден лайық.
Осы ретте айта кететін бір жайт, Ақтоғай мектебін отыз жылға тарта басқарып, мектептің қалыптасуына, дамуына, материалдық-техникалық базасының жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан Шахыбала Дәуірбаев ағайдың және 30-шы жылдардың ортасында ең алғаш үш колхоздың арасынан ашылған төрт кластық алғашқы «Жаңа күш» мектебінің бала да болса кірпішін қаласқан, кейіннен Ақтоғай мектебінің білім сапасының дамуына өзіндік өлшеусіз үлесін қосқан Жұмабай Ақділдаев ағайдың құрметіне Ақтоғай мектебінің қабырғасына есімдері жазылған мемориалдық тақталар орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жайсаң жанның, жақсы Ағайлардың өмірі мен қызметі ешуақытта ұмытылмауға тиіс.
Бұл естелік білім мен ізгіліктің нұрын сепкен, Сарысу ауданының және өздері ұстаздық еткен Ақтоғай мектебінің қалыптасуына, білім сапасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қос бәйтеректей болған ардақты да қадірлі Ағайларымның рухтарына тағзым болсын!
А. Тілемісов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі