Ұлағатты ұстаз — ұлт мерейі

0

Ұстаз-жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, өмірге деген көзқарасын айқындайтын тұлға. Олар жас ұрпақты үздіксіз оқуға, өзін-өзі дамытуға бағыттайды, болашаққа сеніммен қадам басуына жол сілтейді. Сондықтан ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып, оларға үнемі құрмет көрсетіліп келеді.

Ұстаздар күніне орай, аудандық мәдениет үйін­де «Ұстазыма алғыс» атты ауқымды мерекелік іс-шара аталып өтті.
Мәдениет үйінің кіре-берісінде білім ордалары­ның және бала-бақшалардың әзірлеген көрмелері мен оқушылардың жасаған еңбектері көрсетілді. Сондай-ақ, Жаңатас қалалық өнер мектебінің жас домбырашыларының өнерлерін тамашалады.
Салтанатты жиында сахна мінберіне шыққан аудан әкімі Сәкен Мамытов ұлағатты ұстаздарды мерейлі мерекемен құттықтап, ауданымыздағы бі­лім ордаларының жеткен жетістіктеріне және жүзе­ге асып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

-Біз өмір сүріп отырған қазіргі ке­зең-бұл жаңа дәуір. Жаңа көзқарасты, жаңа­шылдықты талап ететін уақыт. Соның ішінде білім саласында болып жат­қан жасампаз өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Мемлекетіміздің сындарлы саясатының, тікелей қамқорлығының арқасында білім саласы жылдан-жыл­ға жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ауданымыздың ұстаздары білім мен тәрбие беруде көптеген табыс­тар­ға жетуде. Оқу жылдарында оқу­шылар облыс көлемінде жақсы көр­сет­­кішке жетті. Бұның бәрі Сіздердің ар­қа­ларыңыз, Құрметті ұстаздар, — деп ау­данымыздың білім саласына қосқан үлесі үшін бірқатар сала мамандары мен ардагерлерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қа­зақстан Республикасы Оқу-ағарту ми­нис­трінің «Алғыс хатымен», Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төр­ағасы Шаттық Мұсабеков:
-Құрметті ұстаздар қауымы! Сіздердің көңілдеріңіз әр оқушының жан-дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады. Сіздердің мамандықтарыңыз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты мамандық,-деп ұстаздар қауымына деген жүрек жарды құттықтауын жеткізіп, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын және Алғыс хатын тапсырды.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов сөз алып, ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектеріне жоғары баға берді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауындағы ұстаз мәртебесіне қатысты ойларын атап өтіп, білімді ұрпақ қалыптастыруда мұғалім еңбегінің маңызын айтты. Одан кейін Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Сарысу аудандық комитетінің төрайымы Гүлмира Сұлтанбекова да сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы рөлі туралы кеңінен тоқталды.
Бірқатар ұстаздарды аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қыз­меткерлерінің жергілікті кәсіптік ода­ғының Сарысу аудандық комитетінің Құр­мет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар, облыстық мектепке дейінгі білім беру ұйымның үздік педагогі мен аудандық «Үздік педагог-2025» ата­ғын беру конкурсының 1-ші кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атан­ған ұстаздар және халықаралық бай­қаулар мен білім беру ұйымдарының ара­сында өткен фото аймақ көрмесінің жүл­дегерлеріне дипломдар мен бағалы сый­лықтар тапсырылды.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұла­сып, білім саласының ардагерлеріне және ұстаздарға сый-сияпаттар мен құрмет көрсетілді.
Мерекелік шарада арнайы «Шымкент шоу» театры өнерлерін көрсетіп, көп­шіліктің ықыласына бөленді. Концерттік бағдарламаға ұласқан кеште аудандық мәдениет үйінің әншілері барлық білім иелеріне арнап, әуелете ән шырқады.
Иә, ғылым-білімнің негізін қалауда, адамның дүниеге көзқарасының қалып­тасуына, мәдениет пен өркениеттің да­муы­на үлкен үлес қосып жүрген мұға­лімдердің еңбегі екені баршаға аян.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.