Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың Ұстаздар мерекесімен құттықтауы

0

Құрметті ұстаздар!
Қадірменді білім саласының қызметкерлері, ардагерлері!
Баршаңызды төл мерекелеріңіз Мұғалімдер күнімен құттықтаймын. Мұғалімдер күні білім саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. 2023 жылы наурыздағы Үкімет қаулысымен Мұғалімдер күні елімізде жыл сайын 5 қазанда аталып өтілетін болды.
«Алты Алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын мұғалімдікі»-деп, Алаш ардақтысы Мағжан ақын айтқандай, ұстаз ұлағатты есім.
Бүгінде, мұғалім болу мамандық болса, ұстаздық ету қасиетке айналып отыр. Ұстаздардың шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан ол әрдайым қадірлі тұлға ретінде ерекшеленеді.
Ғалым да, ақын да, дарын да, дәрігер де, кәсіпкер де ұстаз алдынан білім-тәрбие алады. Оқушылардың білімді де білікті азамат болып өсуі жолында әрбір мұғалімнің еңбегі жоғары. «Ұстазы мықтының-ұстанымы мықты» деген қағида қалыптасқан, бұл білікті ұстаздарға берілген жоғары баға.
Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан мәртебелі саналады. Әріп танымай партаға отырған баладан білімді, тәрбиелі азамат өсіріп шығару ұстаздың ғана қолынан келетін еңбек.
Аудан аумағында 1800-ден астам педагогтер қызмет етуде. Білім саласына үкімет жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Биыл «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев және Игілік ауылындағы Шоқай датқа орта мектептері 233 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы мен Шағалалы орта мектебіне 29 млн. теңгеге блок модульді газ жүйесі орнатылды. Бұдан бөлек, көптен бері көтеріліп келген Жаңатас қаласындағы «Бо­­лашақ» бөбекжай-бақшасына 355 млн. теңге қаржы қаралып, ғимарат күрделі жөн­деуден өтуде. Аталған жобалардың барлығы балаларымыздың сапалы тәрбие мен білім алуы үшін жасалуда. Бұл жетістік үздіксіз еңбек пен төгілген тердің шынайы нә­ти­жесі, басқа ұстаздарымыз да ұрпақ тәрбиелеу ісінде көптеген жетістіктерге жетуде.
Тәуелсіз еліміздің ертеңі білімді ұрпақ десек, оларға білім беріп, кеудеге рухани нұр құятын, құрметті ұстаздар Сіздерсіздер!
Сондықтан, білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!
Қымбатты ұстаздар!
Ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу Сіз­дерге жүктелген абыройлы міндет!
Сіздерге мықты денсаулық, еңбекте шығармашылық табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.