Еңбек — елдің мерейі
Аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Еңбек мерекесі – елдің берекесі» атты мазмұнды іс-шара өтті. Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, жұмысшы мамандықтарының қадір-қасиетін насихаттау болды.
Іс-шарада кітапхана қызметкері А.Жанжолова Президент Жолдауындағы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын негізге ала отырып, еңбектің адам өміріндегі маңызына тоқталды. Ол қатысушыларға еңбек майталмандары жайлы мағлұматтар ұсынып, жастарды адал еңбек етуге үндеді.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкері Ж.Абдрахманова «Жұмысшы мамандығы – ел экономикасының тірегі» атты кітап көрмесіне кең көлемде шолу жасап, оқырмандарға мазмұнды ақпарат берді. Көрмеге түрлі салада тер төгіп жүрген еңбектің үздік өкілдері туралы кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды.
Іс-шара аясында кітапхана ұжымы Теміржол саласының еңбеккерлерімен жүздесіп, олардың қажырлы еңбегіне құрмет көрсетті. Теміржолшылар – ел экономикасының дамуына зор үлес қосып жүрген жұмысшы қауымының алдыңғы легі екені ерекше атап өтілді.
Кеш соңында кітапхана директорының орынбасары жерлесіміз, қазақтың тарпаң мінезді ақыны Маралтай Райымбекұлының «Игілік» атты өлеңін мәнерлеп оқып, ақынның «Балбал тас» атты кітабын оқырмандарға сыйға тартты. Сонымен қатар еңбекке құрмет көрсетудің жас ұрпаққа үлгі болатынын айта келе, шара қонақтарына алғысын білдіріп, кешті қорытындылады.
Теміржол жұмысшылары шара соңында «Еңбекке көрсетілген осындай құрмет бізге қуат береді. Кітапхана ұжымына алғысымыз шексіз», «Бұл шара бізге адал еңбек етудің маңызын ұқтырды. Маралтай ақынның өлеңін тыңдау ерекше әсер қалдырды», «Жастарға еңбек адамын үлгі ету – қоғам үшін қажет. Осындай тағылымды шаралардың жалғасын табуына тілектеспін»- деген пікірлерін білдіріп, алғыстарын айтты.
Бұл тағылымды басқосу еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы рөлін айшықтай түсті.
Аяулым Досаева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
директорының орынбасары