Аудан әкімі С.Мамытовтың 1 қазан- Қарттар күнімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді қариялар!
1 қазан — Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақта: «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» деген жақсы сөз бар. Аталы сөзді ұрпаққа аманаттап жүрген ардақты қариялар қоғамның басты байлығы әрі ажырамас бөлігі. Кез — келген күрделі шешімнің артында дана қариялар мен ақылшы ақсақалдар тұрады. Еңбектің дәмін татып, бейнеттің зейнетін көріп жатқан көнекөз ақсақалдарымыз бүгінгі күннің анық шежіресі. Ізгілік пен ізеттіліктің көркем үлгісі болып табылған қарт кісілерге деген құрмет қашан да жоғары тұрмақ. Еліміздің дамуы мен сарабдал саясатына сүбелі үлес қосып жүрген ардагерлер ұйымдары тынымсыз жұмыстар атқарып жатыр.
Бүгінде ауданымызда аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық алқа билер кеңесі сынды ұйымдар қоғамдағы оқиғаларға қозғау салып, түрлі шараларда белсенділік танытуда. Ауданымызда 5 мыңнан аса қарт кісі қоғаммен бірге қайнасып келеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің 25 мүшесі бар. Құрамына қала, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің, аудандық және қалалық билер кеңесінің төрағалары кіреді.
Қала мен ауылдық округтерде де аталмыш ұйым ұйымшылдықпен қызмет атқарып жатыр. Әр түрлі қызметтерді мүлтіксіз атқарып, зейнетке шыққан шақта көрген, білген һәм толысқан тәжірибелерін жастарға үйретіп, саналарына ілімнің нұрын құйып отырған ардагерлер қауымына алғысымыз шексіз. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, дұрыс ақыл, нақты бағыт алып өскен келешек жастар өз жолынан адаспайтынына сенім мол. Ардагерлерді ардақтау-бүгінгі жас өрендердің азаматтық парызы деп білемін. Бүгінде қарттарға арналған «Ардагерлерді ардақтайық», «Әке мектебі» сынды көптеген іс-шаралар қолдау тауып, жыл сайын жалғасып келеді. Келелі істе кемелдігін көрсетіп жатқан қарт кісілерді қадірлесек ұрпақтар сабақтастығын сақтап, ұлттық құндылықтарды жоғалтпайтынымыз анық.
Құрметті ардагерлер!
Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, отбастарыңызға амандық тілеймін.