Еңбек адамдары марапатталды
2025 жылдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы – қарапайым жұмысшының еңбегі қашанда бағалы екенін айқындаған тарихи шешім. Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтіледі. Сонымен қатар бұл мезет машина жасаушылардың да кәсіби мерекесі.
Қос атаулы күн де еңбекпен тығыз байланысты. Өйткені еңбек адамы әрбір саланы алға басуына атсалысып, елдің өркендеуіне үлес қосады.Осыған орай Жаңатас қаласында еңбек адамдары мен ірі кәсіпорын жұмысшылары «Батыр кеңші» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ аудандық кітапхананың коворкинг залында Еңбек күніне орай түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбек адамдарымен аудан әкімі Сәкен Мамытов кездесуі өткізді.
Шараға аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Д.Ақділда, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Қырғызбаев, Жаңатас қалалық билер кеңесінің төрағасы С.Бегеев, «Қазфосфат» ЖШС Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің бас директоры С.Тұрсынбеков қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Сәкен Мамытов барша еңбек майталмандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбекке қатысты айтқан жүрекжарды сөзін мысалға келтіріп, еңбектің қоғамдағы орны әрдайым ерекше екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды – бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам. Бұл шешім елдің тұрақты өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын білікті мамандарды дамытудың маңыздылығын көрсетеді,-деп ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген «Қазфосфат» ЖШС, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС, «Жаңатас» ЖЭС, «ҚазСода» өндіріс орындарының және медицина саласының, өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерін, қоғамдық жұмыстарда жүрген қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Д.Ақділда, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Қырғызбаев, қалалық билер кеңесінің төрағасы С.Бегеев, «Қазфосфат» ЖШС Қаратау ТКӨК ұйымдастыру және дамыту бөлімінің басшысы С.Серікбаев та еңбек адамдарына жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Еңбек адамдарының құрметіне аудандық көркемөнерпаздар әннен шашу шашты.
С.Есқара,
«Sarysý»