Тау қопарған тарлан — Нұрлан

0

Еңбек-барлық жасампаздықтың бастауы, қоғамның алға жылжытушы локомотиві іспеттес, білім мен біліктіліктің ұштасқан тұсы. Еңбек-бәрін де жеңбек деп, оның басқа құндылықтардан едәуір биік тұратынын ескертеді. Биылғы жылды ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев «Қарапайым жұмысшы мамандықтар жылы» деп атап, еңбек адамына деген мемлекеттің, қоғамның көңілін аударып, қарапайым жұмысшы мамандықтарында еңбек етіп жүрген азаматтарды ескеріп, оларды жасаған еңбектеріне қарай марапаттап, қолдап, қорғап отыру керектігін айтқан еді. Содан жыл басынан бері қарапайым еңбек адамдары жайлы көптеген материалдар республикалық, облыстық және өзіміздің аудандық «Сарысу» газетінде жарияланып келеді. Сол арқылы қарапайым жұмысшы мамандықтарымен еңбек етіп жүрген қаншама азаматтар елге танылды, танытылды, құрметтелді.

Сарысу ауданының табиғаты әсем аймағына орналасқан шағын ғана, ежелден «Ақтоғай» деген атпен белгілі ауыл бар. Ауыл-береке мен бірліктің, достық пен ынтымақтастықтың, адал еңбектің арқасында көркейіп өсіп, өркендеп келеді. Ауылда ондаған шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер жаңа заманның талабына сай жұмыстарын жүргізіп келеді. Ауылдағы «Ақтоғай» орта мектебінің табалдырығын аттаған жүздеген азаматтар бұл күнде мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып келе жатқаны ақиқат. Олардың арасында ғылым докторлары, профессорлары, доценттері, ұстаздар, композитор, суретші, әнші, инженерлер, әкімдер, механизаторлар және басқа да қарапайым жұмысшы мамандықтарын игерген жерлестеріміз бар.
Осы шағын мақаламда солардың бірі жөнінде арнайы тоқ­тал­мақпын. Ол Жаңатас қаласынан орын тепкен фосфорит кенін өндіретін алып кешенде 40 жылдан естам еңбек етіп келе жатқан, ауылымыздың тумасы, азаматы Нұрлан Сайлауұлы Таңқиев жайында болмақ.
Нұрлан Ақтоғай ауылында 1963 жылы қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі бұл күндері өңірімізге таныс Таңқиев Сайлау автокөлік жүргізушісі, ферма шаруашылық мең­герушісі болып еңбек етсе, анасы Жарқынбекова Сәлиман ауыл­дағы мектепте техникалық жұмысшы болып еңбек еткен. Қазір немере-шөберенің қызығын қызықтап, отбасының тілекшісі болып отырған бірі ауыл ақсақалы, бірі ардақты әже. Бұл кісілер отбасында 3 ұл , 4 қыз баласын өмірге әкеліп, өсірген, бағып қаққан. Біздің кейіпкеріміз Нұрлан отбасының тұңғышы. Осы арада айта кетейін Нұрланның кіндік шешесі менің үлкен шешем Күлия екендігін әкесі Сайлау қожа үнемі айтып жүреді. Нұрлан да ауыл балалары сияқты ауылдың көшесінде шыбықты ат қып мініп, шаңды бұрқыратып жалаң аяқ жүгіріп, қашпа доп, жеті тас немесе қапы деген ойындарды ойнап өсті. Сегізінші сыныпқа дейін ауылдағы мектепте оқып, 9-10 сыныптарды бұрынғы Жаңаарық қазіргі Ұзақбай Сыздықбаев ауылындағы Сарысу орта мектебінің жанындағы интернатта жатып оқыды. Орта мек­тепті бітірген кезде ата-анасы тұңғышымыз мектеп бітірді деп қатты қуанды. Баланың жоғары оқу орнына түсіп оқуын қалады. Бірақ, Нұрлан жоғары оқу орны емес арнаулы орта білім беретін оқу орнын таңдады. Ата-анасы баласының таңдауын мақұл көрді. Сөйтіп, 1980 жылы Нұрлан мектеп бітірген соң келешекте мал шаруашылығында қызмет етуді мақсат етіп Луговой зоотех­никалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны бухгал­терлік есеп мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жас маман Жаңа­тас қаракөл қой совхозына жай есепші болып орналасып, бір-екі ай жұмыс істеген соң аудандық әскери комиссариаттан әскерге шақыру қағазы келеді.
Отан алдындағы борышын 1984-1985 жылдары Ресей мемле­ке­тінің Чита қаласында байланыс әскері қатарында абыроймен атқарып, жер көріп, ел көріп есейіп, аға сержант шенінде ауылға оралады. Әскерден келген соң ата-анасының жанында шамалы уақыт демалып, мауқын басқан соң жұмыс іздейді. Жоғарыда айтып өткенімдей өзінің туған жері, Жаңатас совхозындағы бухгалтерлік мамандық бойынша лайықты орын бола қоймайды. Нұрлан көп ойланып жатпай, ауылдан 18 шақырымда орналасқан Жаңатас қаласындағы фосфорит кенін өндірумен айналысатын ауданымыздағы ең ірі кәсіпорын, Жаңатас қаласын құрушы кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің табалдырығын аттайды. Сөйтіп, сол кезде мыңдаған адам еңбек ететін үлкен еңбек ұжымында, Көксу кенішінде экскаватор машинисінің көмекшісі ретінде кәсіпорындағы еңбек жолын бастады. Алғашқы кезде бұл мамандықты игеру оңайға түспеді. Алайда, Нұрлан өзінің әр іске ыждаһатты қарап, терең жауапкершілікпен атқаратын қасиетінің арқасында мықты экскаватор машинисінің көмекшісі болып алады. Соның арқасында ұжымдастар арасында лайықты беделге ие болды. Оның осындай еңбегін бағалаған кеніш басшылары 1987 жылдың соңында экскаватор машинисі етіп ауыс­тырады. Содан бастап осы күнге дейін экскаватор машинисі болып жұмыс істеп, еңбектің қазанын қайнатып келеді. Сәл, кейін шегініс жасап экскаватор машинисінің негізгі міндеттерін айта кетейін.
Кеніштегі экскаватор машинисі-жер қойнауын игеру сала­сын­дағы маңызды маман. Оның негізгі жұмысы экскаватормен жер қазу, кенді немесе жынысты тиеу және тасымалдауға дайындау. Экскаватор машинисінің негізгі міндеттері, тау-кен жұмыстарында топырақ, тас, руда сияқты материалдарды қазып, автосамосвалдарға немесе конвейерге тиеу, ашық тә­сіл­мен (карьерде) жүргізілетін кен өндіру кезінде жарылған тау жынысын экскаватормен аршып алу сияқты күрделі жұмыс­тарды атқарады.
Экскаваторды дәл, қауіпсіз және тиімді пайдалану да не­гізгі міндеттердің бірі болып саналады. Қорыта айтқанда, таудың кен жынысы орналасқан аумағына жету жолында еңбек етеді. Нұрланның өз аузынан қандай жұмыс атқарасың дегенде айтқаны: «Аға, экскаватор машинисі болып істеу үлкен жауапкершілікті, төзімділік пен шыдамдылықты және дәлдікті қажет етеді. Экскаватор шөмішімен қазамыз, араластырамыз, тиейміз. Қыстың суығында, жаздың ыстығында тастың арасында жүріп жұмыс істеу оңай емес. Экскаватордың техникалық жағдайын тексереміз, ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін хабарлаймыз. Өндірістік техника қауіпсіздігін сақтау, белгіленген жұмыс тәртібінен шықпау да басты мін­де­тіміз»-деген еді. Міне, біздің кейіпкеріміздің атқаратын жұмыс­тары осындай екен.
Нұрланның 40 жылдан астам жасаған еңбегі әруақытта ба­ға­ланып, марапатталып отырды. Оның кеудесінде екінші және үшінші дәрежелі «Шахтер даңқы» медалі жарқырап тұр. Сонымен қатар, жергілікті атқару органдарының, «Казфосфат» ЖШС, кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен бірнеше рет аталып өтті. Көксу кенішінің бас инженері Нұрманов Әкімжан Нұрлан туралы «Нұрекең өз ісінің үздігі, білікті маман, кейінгі жастарға ұстаз»-деп қысқа қайырған еді. Осы екіауыз сөздің өзінен Нұрланның мықты еңбекқор екен­дігін байқауға болады. Бір айта кететін жайт, Нұрлан біздің ауылымыздан алғаш шыққан экскаватор машинисі екен. Бұл жай экскаватор машинисі мамандығын екінің бірі игере бермей­тінінің көрінісі шығар.
Отбасы жайлы айта кететін болсам, 1984 жылы қараша айында шаңырақ көтеріп, жеке отау тікті. Өмірлік жары Гүлнар да осы кәсіпорында электр монтері болып еңбек етіп келеді. Бар жағдайын жасай жүріп Гүлнар дүниеге бір ұл, үш қыз әкелді. Ұлы Нұржан әке жолын қуып, еңбек жолын осы кәсіпорында бастады. Алдымен, кәсіпорынның автокөлік цехында авто­слесарь, бақылаушы механик, цех бастығының орынбасары болып еңбек етті. Бұл күнде ауыр жүк тасымалдау бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқарады. Үлкен қызы Гүлжан Байзақ ауданына қарасты Көктал ауылында балабақшада әдіскер болып еңбек етуде. Екінші қызы Балауса Жайылма ауылдық медициналық амбулаториясының медбикесі. Кенжесі, Әсемайы Тараз қаласындағы политехникалық колледждің дизайнер-маркетинг мамандығы бойынша 4-курс студенті. Нұрлан мен Гүлнар осы балалардан бұл күнде 12 немере мен жиендерді сүйіп отырған ардақты ата, аяулы апа. Өзінен кейінгі жастарға ақыл-кеңес айтар өмірдің белесіне келді. Зейнеткерлік демалысқа да шығатын уақыт тақалып келеді.
Қырық жыл бойы ауыр техниканың тізгінін ұстап, ел өн­дір­ісіне өлшеусіз үлес қосқан Нұрлан Сайлауұлы-ұзақ жылғы еңбегімен Көксу кенішінің еңбек ұжымына, өзінің қатарлас­тарына, әріптестеріне сыйлы. Оның маңдай тері мен қажырлы еңбегі бүгінгі жас буынға үлгі-өнеге. Осындай жандардың арқа­сында еліміздің өндіріс саласы дамып, тәуелсіз Қазақстанның тірегі нығая түсті. Бүгінде ол зейнет жасына жақындаса да қажырлы еңбегін талап деңгейінде жалғастырып келеді. Оның атқарған еңбегі кәсіпорын тарихында үлкен әріппен жазылатын болады. Еңбегімен еленген азаматқа ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз!

Диханбай Ақділда,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.