STEM және робототехника-болашаққа бастар жол

0

Қазіргі білім беру жүйесі мұғалімнен тек пәндік білімді ғана емес, сонымен қатар заман талабына сай жаңаша ойлауды, оқытуға жаңа тәсілдерді енгізуді қажет етеді. Әсіресе жаратылыстану пәндері саласында бұл өзгеріс айқын сезіледі. Ғылым мен технологияның күн сайын ілгерілеуі ұстаздарға жаңа міндет жүктеп отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылдың 8–19 қыркүйек аралығында Сарысу ауданында өткен «STEM-білім беру және робототехника» курсы-мұғалімдер үшін кәсіби дамудың тың баспалдағы. Бұл курс тек қана біліктілікті арттыру емес, мұғалімдерге болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік берген тәжірибелік алаңға айналды.
Оқыту барысында Arduino платформасы, LEGO жиынтықтары және Scratch бағдарламасы арқылы әртүрлі физикалық, химиялық, биологиялық құбылыстарды модельдеу үйретілді. Әрбір тәжірибе тек құралды игеру емес, ғылымды оқушыға қызықты әрі түсінікті жеткізудің жолы екенін көрсетті. Теорияның практикамен үйлесуі мұғалім үшін де, оқушы үшін де шығармашылықтың жаңа деңгейі екеніне көз жеткіздік.
STEM-нің негізгі идеясы-дайын білімді ұсыну емес, оны бірлесе іздеу, талдау және жаңа шешімдер табу. Ал робототехника-осы үдерісті қолдаудың қуатты құралы. Ол оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытып, ойлау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Курстың ерекшеліктерінің бірі-пәнаралық байланысты күшейтуінде. Жаратылыстану пәндері өзара табиғи байланыста екенін біз жобалар мен тәжірибелер арқылы айқын сезіндік. Сонымен қатар, сабақ мазмұнына экологиялық, экономикалық және еңбек тәрбиесінің элементтерін кіріктіру оқытуды өмірмен жақындастырудың тиімді жолы екеніне көз жеткіздік.
Ең бастысы-әр мұғалім өз көзқарасын жаңаша қалыптастырды. Біз тек пәнді үйретуші ғана емеспіз, біз – шәкіртке жол көрсетуші, зерттеу серіктесі, шығармашылыққа жетелеушіміз. Формуланы жаттатудан бұрын, оқушыға ойлануға, қиялдауға, ізденуге мүмкіндік беру-ұстаздың басты міндеті екені анықталды.

Аудандық білім бөлімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.