Жерлес жазушылар шығармаларынан байқау өтті
«Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы аясында өңірлік жазушылар шығармаларын оқудан онлайн байқау қорытындыланды.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде дәстүрлі түрде оқырман мәдениетін қалыптастыру, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және туған өлкенің рухани қазынасын насихаттау мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның айғағы ретінде «Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Мен туған өлке жазушыларының кітабын оқимын» атты аудандық онлайн байқау өткізілді.
Бұл байқаудың негізгі мақсаты-жергілікті қаламгерлердің шығармаларын оқырманға кеңінен таныстыру, олардың шығармашылығын насихаттау және жастардың көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту.
Байқауға қатысушылар туған өлкеміздің жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқып қана қоймай, әдеби туындының көркемдік ерекшелігіне, идеялық мазмұнына шолу жасап, өз ойларын бейнеролик түрінде әлеуметтік желілерде жариялап отырды. Оқырмандардың шығарманы талдау, пікір айту және әсерлі жеткізу қабілеттеріне баса назар аударылды.
Аталған додаға аудан бойынша 21 қатысушы белсене атсалысты. Әрбір қатысушының еңбегі жоғары бағаланып, олардың әдебиетке деген қызығушылығы мен шығармашылық ізденістері ерекше атап өтілді.
Қорытынды рәсім аудандық орталық кітапханада ұйымдастырылып, салтанатты шарада аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А. Жолмаханова құттықтау сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға алғысын білдіріп, жастардың кітапқа деген ынтасы-болашақ руханияттың кепілі екенін ерекше атап өтті.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері төмендегідей анықталды:
І орын-аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы Асқар Нұрмахан;
ІІ орын-Жаңаталап ауылдық кітапханасының оқырманы Дайыр Ақмерей, қалалық балалар кітапханасының белсенді оқырманы Серікбай Айханым;
ІІІ орын-Бүркітті қалалық кітапханасының оқырманы Ермекбай Ержігіт, Үшбас ауылынан Кидиралиева Альфия.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық оқырмандардың еңбектері жоғары бағаланып, оларға кітапхана ұжымының ризашылығы білдірілді.
Бұл шара кітапхана қызметкерлерінің отандық әдебиетті насихаттау жолындағы тың бастамаларының бір көрінісі. Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпақ туған өлкесінің рухани байлығын танып, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығы арта түсері сөзсіз.
Аяулым Досаева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар
жүйесі директорының орынбасары