Дарынды ғалым, үлгілі ұстаз, білікті дәрігер
2025 жылдың 22 қыркүйегінде физиолог ғалым, биофизик ғалым, ғылыми жетекші, елімізде және шетелде қызмет етіп жүрген дәрігерлердің тұтас бір буынының ұстазы әрі тәлімгері Әлкен Ахметбекұлы Өтепбергеновтің туғанына 90 жыл толар еді!
Әлкен Ахметбекұлы 1996-1997 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында (қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті) қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі, оқу-тәрбие ісі жөніндегі тұрақты проректор қызметін атқарды.
Ә.Өтепбергенов 1935 жылғы 22 қыркүйекте Қарағанды қаласында шахтердің отбасында туылған.
1953 жылдары Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында орта мектепті бітіріп, 1953-1959 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетін үздік бағамен аяқтайды.
1959-1969 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина институтының қалыпты физиология кафедрасында оқытушы қызметін атқарды.
1967 жылы «Бауырдың майлы дистрофиясын анықтау және емдеу тәсілдері» туралы диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын алды.
1968 жылдан бастап Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының қалыпты физиология мен биофизика кафедрасының меңгерушісі және осы институттың оқу істері жөніндегі проректоры, 1971-1986 жылдары әрі ғылыми-тәжірибелік проблемалық зертхананың тең жетекшесі болып та қызмет істеді. Ол 1971 жылы медицина доценті атағын, 1992 жылы профессор атағын алды.
1997 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының шақыруы бойынша қалыпты физиология және биофизика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.
Жалпы педагогикалық тәжірибесі 45 жыл. Осы жылдарда 23 мыңнан астам жоғары білімді дәрігерлер және 10 мыңға жуық педагог кадрлерін дайындауға қатысты.
Ә.Өтепбергеновтің қаламынан туған «Медицина биофизикасы» қазақ, орыс, болгар, испан тілдерінде жарық көрді. Сонымен қатар ол «Адам физиологиясы», «Орысша-қазақ фармакологиялық сөздіктері» оқулықтары мен бірнеше оқу құралдары және монографиялардың, «Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека», «Ас қорыту және тамақтану» ғылыми еңбектер жинағының авторы. Сондай-ақ «Әскери хирургия дәрістері» /Ю.В.Бирючков, М.К.Юсубалиев /оқу құралын қазақ тіліне аударған. «Орысша-қазақша медициналық фармакологиялық сөздікті», «Балалардың физиологиялық ерекшеліктері» оқу құралын, «Валеология дәрістері», «Жас физиологиясы мен гигиенасы» методикалық нұсқауларын дайындап, жариялады. Оның шәкірттері В.К.Қасымбеков, М.Қанқожа ұстаздары А.Өтепбергенов қайтыс болғаннан кейін «Нәресте және балалар физиологиясы» атты бірге жазып бастаған оқу құралын басып шығарды. 7 нұсқаулар, 11 компьютерлік бағдарламалар, 150 ғылыми мақалалар шықты.
Ә.Өтепбергенов бірнеше рет Бүкілодақтық және Республикалық Кеңестер Президиумының мүшесі болып сайланды. Пирогов атындағы физиологтар қоғамы, Ақтөбе филиалы физиологтар қоғамының төрағасы болды, Бүкілодақтық физиологиялық қоғам съездерінің жұмысына бірнеше рет қатысты.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында жұмыс істеген кезде профессор Ә.Өтепбергенов өзін жігерлі, біліктілігі жоғары ұстаз, дүниетанымы кең ғалым ретінде көрсете білді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы мен Шымкент университетінің оқу үдерісіне жаңа технологиялар мен компьютерлік оқыту әдістері енгізіліп, бірегей кітапхана қоры бар әдістемелік кабинет құрылды. Оның қатысуымен қалыпты физиология және валеология бойынша жаңа оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары әзірленді, оларды қазіргі уақытта республиканың барлық медициналық жоғары оқу орындары қолданады.
Профессор Ә.Өтепбергенов жетекшілік еткен ғылыми проблемалық лабораторияда 6 докторлық, 17 кандидаттық диссертация даярланды және 3 ғылыми мемлекеттік тапсырыс орындалды. Оның шәкірттері медицина, токсикология, нутрициология, витаминология, валеология саласында көптеген жаңалықтар ашты.
Әлкен Ахметбекұлы домбыра мен мандолинада әдемі ойнады, қазақтың халық әндерін орындады, 2005 және 2007 жылдары «Өмір-өрнек» атты өз өлеңдерінің жинағын басып шығарды. Оның қатысуымен АқГМИ жанынан «Дәулеткерей» халық аспаптар оркестрі мен әуесқой скрипка ансамблі ұйымдастырылып, халық ұжымдары деген жоғары атаққа ие болды. АқГМИ-де жеңіл атлетика және баскетбол бойынша Бүкілодақтық халықаралық студенттер спартакиадасының ұйымдастырушысы, басқарған студенттік құрылыс жасақтары облыс пен республикада бірнеше дүркін жеңімпаздар болды.
Еңбектері бірнеше рет Денсаулық және білім министрлігінің, Ақтөбе облыстық атқару комитетінің, облыстық кәсіподақтар комитетінің Алғыс және Құрмет грамоталарымен, Қарағанды, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан академиялары, Шымкент университеті ректорларының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Жоғары білім беру саласының үздігі, Денсаулық сақтау ісінің озаты, А.Байтұрсынов атындағы жоғары оқу орындарының «Саңлақ Автор» мәртебелі атақтарының иегері.
Әлкен Ахметбекұлы мен оның жары Сәкеш Айтмағамбетқызы Рыстина бастаған дәрігерлер мен ұстаздар әулетін Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Жұқпалы аурулар және фтизиатрия» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Гүлмира Әлкенқызы адал жалғастыруда. Ұлдары Қазбек Айтмағамбетұлы — анестезиолог-реаниматолог, Ерлан Әлкенұлы экономист. Немерелері де осал емес. Әділбек- экономикалық білімді, Елтай-агрономия PhD докторы, Дана-тамақ өнеркәсібінің химиялық технологы мамандығы бойынша магистратураны бітірген. Даночка — қаржы факультетінде магистратурада оқып жатыр, Елдос-студент. Ұрпақ сабақтастығы жалғасып, шөбере де өмірге келген.
2015 жылы 25 қыркүйекте Шымкент қаласында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның Шымкент медицина институты мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының бірлесіп ұйымдастыруымен профессор Әлкен Ахметбекұлы Өтепбергеновті еске алу және 80 жылдық мерейтойына арналған «Медициналық физиология және тамақтану-денсаулық пен ұзақ өмірдің негізі» тақырыбында Оңтүстік Қазақстан облысының алғашқы медициналық-санитарлық көмектің практикалық дәрігерлеріне (терапевтер, жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатрлар, дерматокосметологтар, инфекционистер) арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы конференцияға академик Р.Күзденбаева, Қазақстан Республикасы дәрілік заттардың фармакологиялық сараптамасы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас терапевті, профессор Т.Сейсембеков, әріптестері м.ғ.к. В.Қасымбеков, шәкірттері Ғ.Исаев, М.Қанқожа, Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарының жетекші профессорлары, доценттері, «Астана медицина университеті» АҚ, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина институты, Ресей Федерациясынан, Грузиядан келген мамандар, медициналық компаниялар мен өкілдіктері, Шымкент қаласындағы «Денсаулық тамақтану» дүкендер желісі, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жазмыштан озмыш жоқ. Дарынды ғалым, үлгілі ұстаз, білікті дәрігер Әлкен Өтепбергенов 2007 жылы 1-қарашада Шымкент қаласында дүние салды. Тағдырдың жазғанына шара бар ма? Тұла бойы тағылымға тұнған тамаша тұлға егер көзі тірі болғанда биыл 22 қыркүйекте 90 жасқа толар еді. 2025 жылдың 31 қазанында Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде профессор Әлкен Ахметбекұлы Өтепбергеновтың 90 жылдығына арналған «Физиология және медициналық білім: болашаққа көзқарас» атты Жалпы физиология кафедрасының ұжымы Халықаралық конференциясын өткізеді, конференцияға қатысып отырған әріптестер, студенттер, балалар, рухына тағзым етіп еске алады!
Әлкен Ахметбекұлының жарқын жүзі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!
Гүлмира Өтепбергенова,
қызы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық медицина университетінің Жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты инфекционист
Ғалымжан Исаев,
шәкірті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің қалыпты фтизиатрия кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты