Жақсы сөз — жарым ырыс
Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып қадірлей білген.Үлкенге құрмет, кішіге ізет-біздің қанымызға сіңген қасиет. Өмір жақсылықпен, жақсы адамдармен ғана сәулелі. Айналаңызға жақсылықпен, ізгілік шашып жүрсеңіз жан дүниеңіз де, өміріңіз де берекелі болады. Саудакент ауылдық кітапханасында сондай тамаша тәрбилік мәні бар «Бір-бірімізді жылы сөзбен жылытыңыз» атты кеш болып өтті.Үлкенге-кішіге деген сүйіспеншілігін сыпайылық, әдептілік, кішіпейілдікке, ізеттілікке мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шараға ауыл зейнеткерлері және ауыл жастары шақырылды.
Іс-шара барысында кітапхана меңгерушісі К.Тұрмаханова: «Шынында адамға жылы сөз айтып, жылы қабақ таныту неге қиын? Мұңын шаққан әрбір жан ақшаға немесе басқа нәрсеге емес, тек жылулыққа зәру. Бәріне жай ғана айтқаның үшін ақы сұрамайтын құр сөз керек. Кәдімгі бір ауыз сөз. Титімдей ғана жылы сөз. Сөздің құдіретін бәріміз білеміз, түсінеміз. Бірақ соны қолдануға келгенде тым шорқақпыз. Қазақ әдебиетіндегі орны бөлек ақын Тұманбай Молдағалиев «Адамға ең керегі бір ауыз жылы сөз ғой. Аманбысыз, қалыңыз жақсы ма? Жақсы жүріп жатырсыз ба? Ұзақ өмір сүріңіз»-деген сөзді адам аз айтқаннан кейін өмір қысқа ма деймін. Егер көңіл-күйі болмай отырғанда сондай сөзді өзінің жақыны, жақсы көретін кісілерінен естісе, адамның өмірі ұзара береді. Адамдар аштыққа да көнеді, бірақ мына сөз арқылы бірін-бірі емдеп, бірін-бірі жетелесе ұзағырақ өмір сүреді. Менің ұққаным тіршіліктегі нәрсенің бәрі көңіл, жылы сөз. Адамға көңіл, жылы сөз жетпейді» деген екен. Бүгінгінің дерті де осы. Не істемек керек?»-деп өз ойын жеткізді.
Кеш қонақтары С.Әбдіхалықов, М.Мизембаев, М.Мелдеев, М.Өзекбаев аталардың сөзі тәрбиенің көзі дегендей ізеттілік, жастарымызға мол тәлім-тәрбие беретін әңгімелер айтты. Өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. «Жақсы сөз- жарым ырыс»-дегендей бір жылы сөз, өзгертеді ғаламды, бір жылы сөз, бақытты етер адамды. Жылы сөзбен жылытсақ қой, бәріміз, Мұзға айналып бара жатқан, заманды. Шынында адамға жылы сөз айтып, жылы қабақ таныту неге қиын. Бір-бірімізге жылы сөз айтып жүрейік, ағайын.
Кулшат Тұрмаханова,
кітапхана меңгерушісі