Жүйелі жұмыс жетістікке жетелейді
Біз мінген жеңіл автокөлік Сарысу ауданын бетке алып, жүйткіп келеді. Қос қапталымызда қатпар-қатпар қыраттар бірінен кейін бірі артта қалып барады. Қарт Қаратаудың қойнауы қазынаға толы. Осынау ен байлық жарты ғасыр бұрын Жаңатастай жаңа қаланың пайда болуына жол ашты. Осы орайда жауһар жазбаларымен соңына мол мұра қалдыра білген азамат Тілепберген Маманұлының естелігі еріксіз ойға оралды.
«…Жаңатас қала болғанға дейін бұл жер «Бүркітті», кейде «Көксу» аталынып келді. 1954 жылға дейін бұл жерде Нұрбай, Әбіш, Керімбек дегендердің үш су диірмені мен Тұрабай деген кісінің үй-жайы болған еді. Көктемгі мал төлдету мен күзгі қой қырқын уақыттарында Жайылма маңындағы ұжымшарлардың малшылары отыратын. 1954 жылы жазда Бүгіл өзені бойындағы геологиялық барлау тобы «Бүркіттіге» қоныс тепті. Сол кезден бастап бұл жерге жер-жерден, геологиялық топта жұмыс жасағысы келген адамдар ат басын бұрып, тұрғындар саны көбейе бастады. 1963 жылы «Бүркіттіде» сегізжылдық (аралас) мектеп, екі адам жұмыс істейтін дәрігерлік пункт және бір ғана қызметкері бар пошта бөлімшесі болды. Әкімшілік жағынан Сарысу ауданының Ленин ауылдық кеңесіне бағынатын. Жол қатынасы өте нашар, теміржол ол кезде жеткізіле қоймаған, автобус қатынасы да жоқ болатын. Поселкедегі басты мекеме геологиялық барлау тобы еді. 1963 жыдың тамыз айында Қаратау қаласының құрылуына байланысты «Бүркітті» елді мекені осы қаланың құрамына қосылды. 1964 жылы 7 мамырда «Бүркіттіде» жергілікті, поселкелік кеңес құрылды. Оның төрағасы болып мектеп мұғалімі Найманбай Белгібаев, хатшылығына Дәртай Ерсенов сайланды. 1964 жылы 31 қаңтарда халқымыздың мақтанышы Қ.Сәтбаев қайтыс болғаннан кейін, сол жылдың 3 ақпанында Бүркітті геологиялық барлау тобының сол кездегі бастығы И.И.Штифанов арнайы жиын өткізіп, «Бүркіттідегі» сегізжылдық мектепке Қ.Сәтбаев есімін беруді ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қуаттады. Жаңа оқу жылы қарсаңында арнайы шешіммен орта мектепке Қ.Сәтбаев есімі берілген еді.1964 жылдың қазан айының соңына таман мұнда теміржол жүйесі толық тартылып, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдары жеткізіле бастады. 1939 жылы күзде П.Л.Безруков пен Б.М.Гимельфарб жасаған геологиялық картаға «Жаңатас» атауы 1 рет жазылса, арада 26 жыл өткен соң 1965 жылдың наурыз айында өткен сайлаудан кейін құрылған поселкелік кеңес «Жаңатас» деген атау алды…».
1969 жылы 25 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы бойынша Жаңатас ауданға бағынатын қала мәртебесін иеленді. Ал 1971 жылы 13 тамызда облысқа бағынатын қала санатына қосылды. Міне, осылайша кеншілер шаһары аз уақытта-ақ аяғына нық тұрып, атағы алысқа тараған қалаға айналды. Мұнда одақтас мемлекеттердің түкпір-түкпірінен жұмысшы мамандар жиналып, екпінді құрылыстың көркін қыздырды. Таулы жерде орналасқанына қарамастан, Жаңатаста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бірінен кейін бірі пайдалануа беріліп жатты. Халық саны да едәуір артты. 1989 жылы мұнда 57 мың адам тұрған дегенге бүгінде біреу сенеді, біреу сенбейді.
Иә, азаттықтың алғашқы жылдарындағы экономикалық ауыртпалықтар Жаңатас қаласына да оңай соққан жоқ. Айлық жалақыға қол жеткізе алмаған кеншілердің теміржолды жауып, ереуіл жасағаны да осы кезең еді. Дегенмен, түйткілдің түйінін тарқату мақсатында мемлекет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. 1997 жылы Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы болып бекітілді. Химия өнеркәсібінің көшбасшысы — «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңатастағы алып комбинаттың жұмысын өз қолына алып, ауқымды инвестиция салуы ахуалдың оңалуына, әлеуметтің әлеуетінің артуына өз септігін тигізді.
Бүгінде бұл қалада нағыз еңбек адамдары ғұмыр кешіп жатыр. Солардың бірі-Самат Бекмаханбетов. Осы сапарымызда тынымсыз тер төгіп, тындырымды тірлігімен көзге түсіп жүрген азаматпен дидарласып, әңгімелесудің сәті түсті.
Кейіпкеріміз 1984 жылы Жаңатас қаласында дүниеге келген. Осы қаладағы Абылай хан атындағы орта мектепті бітіріп, 2006 жылы «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы-«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде конвейер машинисі болып еңбек жолын бастайды. Халық даналығында «Әлемнің әміршісі — еңбек»-деген сөз тектен-тек айтылмаған. Самат Балтабекұлы да еселі еңбегінің арқасында ел-жұрттың құрметіне бөленді. Жұмыста да сатылап өсті. 2008 жылы слесарь-жөндеуші болып ауысса, 2009 жылы шебер қызметіне көтерілді. 2011 жылы орталық байыту фабрикасының механигі болып тағайындалса, 2023 жылдан бастап қазірге дейін сарапшы қызметін атқаруда.
-Жаңатас қаласының тарихы көпке мәлім. Кешегі Кеңес одағы кезінде химия өнеркәсібін дамыту мақсатында құрылған қала әлі күнге дейін өзінің «Кеншілер шаһары» деген даңқын сақтап келеді. Өйткені мұнда фосфордың мол қоры бар. Ал оны игеруде жұмысшы мамандардың еңбегі ерен. Осы орайда өмірлік тәжірибесі мол аға буыннан үйренеміз көп. Дегенмен бұрынғы мықты кадрлардың көбі зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шығуда. «Толқыннан толқын туады»-деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, кейінгі жылдары өндіріске жастардың көптеп келіп жатқаны қуантады. Өзімнің де осы салада жұмыс істеп жүргеніме 20 жылға жуықтап қалыпты.
Жаңа технологияларды меңгеріп, өндірісті автоматтандыруда қара күшті салу аздық етеді. Бұл бағытта білім мен біліктілікті үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Мен 2009 жылы Талғар агробизнес және менеджмент колледжін «Автомобиль және техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған болатынмын. Онымен шектелмей, Жаңатас көпсалалы колледжінде «Тау-кен электромеханикалық жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша білім алдым. Ал 2022 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, биыл диплом иелендім,-дейді Самат Балтабекұлы.
Кейіпкеріміз адал еңбегінің арқасында абырой биігінен көрініп келеді. Ол 2023 жылы кәсіпорынның дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Казфосфат» ЖШС- «ГПК» филиалы бас директорының орынбасары М.Макишевтің Алғыс хатымен марапатталыпты. Көп ұзамай Құрмет грамотасына да ие болған.
Ал биыл «ГПК Каратау» ЖШС бас директоры С.Тұрсынбековтің Алғыс хатымен ардақталып, 3-дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты. Мұның барлығы да еңбек адамына деген лайықты құрметтің белгісі.
Самат Бекмаханбетов өндіріс саласының білікті маманы ғана емес, сонымен қатар жарасымды отбасының да алтын діңгегі. Ол жан жарымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
-Ата-бабамыз «Отан-отбасынан басталады»-деп ұлағатты сөз қалдырған. Расында да адам баласының алғашқы тәрбие ошағы ол отбасы. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, әркім өмір жолында өз шаңырағының деңгейінен хабар береді. Сол үшін де отбасылық құндылыққа жіті көңіл бөлмесек болмайды. Біз де үлкендердің үлгісімен балаларымызға лайықты тәлім-тәрбие беруге күш салып келеміз,- дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Жаңатас қаласы адам танымастай өзгерген. Кезінде қаңырап бос қалған тұрғын үйлердің барлығы қалпына келтіріліп, халық игілігіне ұсынылған. Жарамсыз нысандар сүріліп, орнына жаңа саябақтар бой көтеруде. Одан бөлек ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандары да жетерлік. Осындай оң өзгерістерден кейін мұнда көшіп келушілердің де қатары көбейген. Сұраныс болғаннан кейін пәтерлердің бағасы да көтеріле бастапты. Бұл да жақсылықтың нышаны. Жұмыс болса, табыс артса тұрғындардың да еңсесінің биіктей түсетіндігі сөзсіз. Бұл тұрғыда Жаңатасты жанындай жақсы көретін, қандай жағдайда да туған қаласын тастап кетпейтін адамдарды нағыз патриоттар демеске лажың жоқ. Осы орайда тау қопарып, тас жарған кеншілердің қажырлы еңбегі көпке үлгі. Сондай тұлғалардың ізін басып, табандылығымен, талпынысымен, тиянақтылығымен танылып келе жатқан Самат Бекмаханбетовке біз де дән риза болып, кері қарай жолға шықтық.
«Sarysý» ақпарат