Өмірдің өткен талай өткелінен
Мен ұтқыр ұйымдастырушылығы мен кеңседегі іс-қағаздарына ұқыптылығына қарап «өмір бойы кеңседе қағаз кемірген, қала берді басшылық қызметтер атқарған ақсаусақ біреу ме» деп ойлсам, Қонысбайыңыз нағыз қара жұмыстың қазанында қайнаған, басшылықта да өмірдің ыстық-суығын көрген, әрқилы жолдардан өткен азамат екен. Оның өмірбаяны, жүріп өткен жолы солай «сөйлеп» тұр.
…1972 жылы Байқадам орта мектебін бітірген Қонысбай Қуандықұлы өзге замандас құрбылары секілді жоғары оқу орындарының біріне құжат тапсырған. Балалық-ай десеңші, Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп тұрып, бір нәрсеге қатты қызығушылықтан ауылға қайтып келді. Айтуға ұят! Келді де «Жайылма» кеңшарында жұмысшы болып бастады да кетті еңбек жолын.
Жүрек қалауы солай болған-ау шамасы. Әйтпесе, мектеп директоры әкесі Қуандық, әр жерлерде әжептеуір жауапты қызметтер атқарып жүрген ағалары жеңілдеу жұмыс тауып бере алатын еді ғой. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» ұстанымындағы үлкендер «өз ойындағысын істесін» деп үндемей қалған. Қонысбай кеңшардың қарбалас, өмірі бітпейтін тірлігінің қызу ортасына кірді де кетті.
Шаруашылықтың жұмысы қашанда қарбалас, қора жөндеу, сақпан бағу, шөп шабу, мая салу… біріне-бірі жалғасып жатқан науқандар. Қара жұмысшы Қонысбай сол жұмыстардың бәріне қатысты. Әскерге кеткенге дейінгі екі жылда істемеген жұмысы жоқ. Басшылар қайда жұмсаса, Қонысбай сонда.
1974-1976 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген жас жігіт одан кейін кеңшарда тағы да екі жыл жұмысшы, тракторшы болған. Жұмыс істей жүріп көшпелі курстарда оқып, кеңкәсіпті (профильді) комбайншы-тракторшы, 3-класты жүргізуші куәліктерін алып алды.
1978 жылы аудан орталығы Байқадамға ығысқан Қонысбай Сарысу аудандық тұтынушылар одағының автобазасында алғашында жүргізуші, диспетчер болып табаны күректей бес жыл жұмыс істеген. Осында жұмыс істей жүріп, 1980 жылы Қарағанды мемлекеттік кооперативтік институтына бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметінің талдауы мамандығы бойынша оқуға түсіп алған. Әрине, сырттай ғой.
Аяқталмаған жоғары біліммен мамандығы бойынша 1983-1988 жылдары Түркістан жұмысшылар кооперациясы төрағасының сауда жөніндегі орынбасары, кейіндеу төрағасы қызметінде болды.
Қонысбайдың сауда саласындағы Түркістанда басталған қызметі 1988-1996 жылдары Калинин жұмысшылар кооперациясында жалғасқан. Мұнда 7 жыл төрағаның орынбасары, 2 жылдай төраға орынтағында отырды.
Сауда саласына сын көп. Тұтынушы талабынан шығу оңай емес. Күнделікті тұтыну тауарлары тұрақты түрде барлық дүкендерде болуы керек. Сабылып жүріп табылған тауарлардың өзі тұтынушы талабынан шықпай қалса, бұған дейінгі атқарған тірлігіңнің бәрі зая. Ондайда шыдамдылық керек. Адамдардың бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Ондайда сабырлы бол.
Ол кезде өте қат кейбір тауарларға сұраныс жоғары. Мысалы, тұрмыстық техникаға, жиһазға, шетелдік тауарларға. Ондай тауарлар ауаткомның, ауылдық кеңестің шешімімен берілген заман да болды-ау!
Қонысбай сауда саласындағы 14 жылдай басшылық қызметінде барынша әділ болуға тырысқан. Өзінше әділ болды да. Бірақ, ешқашан жалпыға жағу мүмкін емес екен. Өкпе айтқандар да бар. Дегенмен, үнді шайы мен кәдімгі шыт матаға риза болған қариялардан алғыс алған кездері көп. Жарықтықтар бір қадақ шай немесе бір-екі көйлектік мата үшін көл-көсір баталарын беріп кететін шын ықыласпен. Осы күні өсіп-өніп, жақсы жетістіктерге жетіп жатқаны сол баталардың арқасы болуы керек. «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» деген ғой, Қонысбай солай пайымдайды.
1996-1997 жылдары «Рахат-2» жеке шаруашылығында бас бухгалтер, облыстық тері аурулары диспансерінде бухгалтер қызметтерін атқарған Қонысбай Ілиясов одан кейін 20 жылдай Жамбыл облыстық салық департаментінде, Тараз қалалық салық басқармасында маман, бас маман, бөлім басшысы болып жұмыс істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан.
Міне, 7 жылдың жүзі болды облыстық ардагерлер кеңесінде. Мұнда ұйымдастыру бөлімінің басшысы және жауапты хатшы. Төралқа мүшесі. Облыстық билер кеңесінің мүшесі, әкелер кеңесі төрағасының орынбасары сияқты жүктемелері тағы бар.
Қонысбай Ілиясовтың негізгі міндетті және қоғамдық жұмыстардағы жауапкершілігі мен белсенділігі үшін алған марапаттары баршылық. Ол- «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына-30 жыл» медальдарының және «Тараз қаласының Құрметті ардагері», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына-95 жыл», «Жаңатас қаласына-55 жыл», «Қаржы саласының ардагері», «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгілерінің иегері. Соңғысы-ҚР «Bilim-orkenieti» ұлттық-инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан. Олардан бөлек республикалық, облыстық, қалалық салық ұйымдарынан алған Грамоталары мен Алғыс хаттары да жетіп жатыр. Еңбектің еленгені-осы да.
Еңбектің еселі, жұмыстың жемісті, табысты болуы-отбасының берекесіне байланысты. Қонысбай шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Өкінішке қарай, 40 жылдай отасқан асыл жары, балаларының аяулы анасы, жоғры санатты дәрігер Бақыт Сейділдақызы бүгінде бақилық. Орнында бар оңалып, Бақыттың өмірін артында қалған ұл-қыздары мен немерелері жалғастырып жатыр.
Қонысбай мен Бақыттың ұлдары Рауан-заңгер. Әсем келіндері де осы мамандықтың иесі. Олардан Нұрқанат, Асанәлі атты тәтті немерелері бар. «Ана көріп тон пішкен» Салтанат – ақ желеңді абзал жан. Ана бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істеген №5 қалалық емханада жауапты қызметте. Орта-арнаулы медициналық оқу орнын Таразда бітірген Салтанат қызымыз онлайн оқу арқылы Ресейдің Орынбор медициналық институтының дипломын алғалы жатыр. «Әулиеата» университетінің түлегі Нұргүл де-ана жұмыс істеген емханада статист. Олардан да жиен-немерелер өсіп келеді.
Қонысбай-текті әулеттен шыққан азамат. Ол – ХІХ ғасырда Арқа елінде өмір сүрген айтулы тұлға Төлебай болыстың ұрпағы. Айтулы дейтініміз, Арқадағы Қулы, Мұңлы тауларымен іргелес, Жомарт тауының етегінде Төлебай болыстың үлкен мазары бар. Ел адамдары әлі күнге орда бұзар отызға жетпей, 25 жасында дүниеден озған болыстың басына зиярат етіп, құрмет көрсетіп тұрады екен. Мұндай құрмет анау-мынау адамға көрсетілмесе керек. Демек, Төлебай болыс тегін адам болмағаны. Оның тарихын таратып айтып, оқырманның уақытын алмай-ақ қояйық.
Қысқасын айтқанда, бүгінгі кейіпкеріміз, 70 жасқа толып отырған азамат Қонысбай Қуандықұлы ата-бабасының атағына сай қал-қадерінше еліне, жеріне қызмет етіп, еңбек сіңіріп отыр. Біздің айтқымыз келгені де осы.
Мерейтой құтты болсын, замандас!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.