АТАУДА ДА БІР СЫР БАР ҒИБРАТТЫ

0

Қазақ халқы атам заманнан бері өздері туып-өскен жеріне әдемі, орайлы ат тауып қоя білген. Атамекеніндегі әрбір орынға — өзен, көл, су, тас, қыр,ой, сай, т.б. барлығына қойылған аттар дәлдігімен, шеберлігімен, бейнелілігімен есте сақталады.

Көп жағдайларда халық арасында белгілі жер-су аттары біршама аңыздармен, ертегілік сипатты әңгімелермен астасып жатады.

Кейде тілімізде кездесіп отыратын атауларда тілімізге түсініксіздеу ұғымдардың да кездесетіндігі бар. Оларға таңдануға болмайды. Себебі қазақ халқы жүздеген жылдар бойы небір түрлі тарихтардың шырғалаңын бастан кешірді. Сан алуан түрлі нәсілді жұрттармен, ұлттармен араласып — құраласты. Езгі мен отарлаудың да ащы дәмін татты. Міне, осындай жайттардың барлығы жер-су атауларына өзінің өшпес ізін қалдырды.

Міне, біз бүгінгі әңгімемізде осы Сарысу ауданының шеңберінде жатқан Қаратау алабындағы белгілі жер, су атауларына байланысты әңгіме қозғамақпыз.

Қарт Қаратау таулары өз қойнауында талай сыр, талай тарихты бүгіп жатыр. Сонау қазақ тарихында қасіретке толы, қанға толы ізін қалдырған 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қайғылы оқиғалары осы өңірде терең із қалдырған. Аса ауыр, мұңлы, зарлы әуенмен айтылатын «Елім-ай» ән-өлеңіндегі:

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді», — деген жолдардан халқымыздың қайғыдан қан жұтқан халін ерекше көреміз. Сол заманның қаны сорғалаған шындығының Қаратау жоталарында, алабы мен ойпаңында жиі жолығатын тас қорымдардан, обалардан көруге болады. Ал сол жоңғарларға қарсы  күреске де біріккен қазақ жауынгерлерінің қалың тобы осы өңірден аттанады. Соңғы шыққан «Қазақстан тарихының» 3-томының 145- бетінде:

«1730 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм құмдарында, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайтып алып, Хантау, Аңырақай таулары өңіріне шықты», — деп жазылған.

Міне, осындағы Бүркітті, Шабақты өзендері, Мойынқұмның үлкен бөлігі Сарысу ауданының аумағында. Ал біздің тілге тиек етпек әңгімеміз де осы төңіректен өрбиді. Бұған жоғарыдағы аты аталған Шабақты мен Бүркітті, сондай-ақ Үшбас алабы палеолит, неолит дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрақты мекен-жайы болғандығы да тарихтан мәлім.

Ел мен жер атауларының ұрпақтарды тәрбиелеудегі рөлі туралы айтқанда, ауылға ең бірінші ілінетін атаулардың бірі — Талас өзенінің солтүстігінде орналасқан Досбол елді мекені. Ал енді осы Досбол деген кім? Соған жауап іздейік.

Ол — Ұлы жүздің ошақты руының Тасжүрек аталығынан шыққан азамат. Досбол Көркембайұлы өткен ғасырдың орта шамасында туып, 1938-39 жылдар шамасында ұзақ жасап, дүниеден өткен. Жергілікті халық арасында ең алғаш рет диқандық кәсіпті шебер меңгерген. Бидай, тары, арпа, шай егіп, халыққа қамқор бола білген. Оның Талас өзеніне салған көпірі қазіргі жаңа көпір салынғанға дейін халық игілігіне жарады. 1932-33 жылдардағы алапат ашаршылық кезінде Досбол қарапайым халыққа, аштықтан шұбырып, титықтап келе жатқан адамдарға көп көмектескен. Оның сол кезде өзі жасап, пайдаланған келісі мен диірмені сол ауылдағы немересінің қолында сақтаулы тұр. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академик ғалымдары М.Ш. Иманқұлов, Б.М. Ропот, В.М. Боровскийдің жазған  «Талас өңірін суландыру» атты кітабында Досбол есімі кеңінен аталып өтеді. Бұл елді мекенге Досбол есімін берген – халық. Досбол есімі болашақ жас ұрпақтарға алдағы уақытта да қайырымдылық пен ізгіліктің, үлкен еңбексүйгіштіктің жарқын үлгісі, өнегесі болып қала береді. 1992 жылғы 31 желтоқсанда сол ауылдағы мектепке де Досбол Көркембайұлы есімі  құрметпен берілді.

Енді аты елгі кеңінен мәлім, Қаратау алабындағы фосфор кенінің қазыналы орталығына айналған Жаңатас қаласы туралы сөз қозғайық.

Жаңатас — қала. Сарысу ауданының орталығы. Қала бұрынғы аудан орталығы   Саудакенттен 25 шақырым, облыс орталығы Тараздан 186 км шақырым қашықтықта. Қаланың іргетасы Бүркітті өзенінің бойында орналасқан Көксу, кейіннен Бүркітті атанған елді мекеннің негізінде қаланған.

1964 жылы Бүркітті поселкелік кеңесінің алғашқы сайлауы өткізілген. Оған дейін Көксу қыстағы осы күнгі Жайылма, бұрынғы Ленин ауылдық кеңесіне қарайтын. Сол сайлау алдында Бүркітті поселкасы Сарысу ауданынан алынып, Қаратау қалалық атқару комитетіне бағындырылды. 1969 жылы Бүркітті жұмысшы поселкасы «Жаңатас» атын иеленіп, аудандық бағыныстағы қала статусын алды. 1971 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президумының Жарлығымен Жаңатас облыстық дәрежедегі қалалар категориясына ауыстырылды. Қаланың «Жаңатас» атын иеленуі «Жаңатас» кенішінің ашылуымен байланысты болған. 1939 жылы қазан айында көрнекті геологтар, кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары болған П.Л. Безруков пен Б.М. Гиммельфарб Көсегенің Көкжоны аймағынан фосфорға аса бай кенішті ашады. Сонда жаңа кенішке ат берген кезде П.Л.Безруков «Новый камень» деген ат қоюды ұсынады. Ал оның әріптесі Б.М. Гиммельфарб: «Біз қазақ халқының өте бейбіт, меймандос, қонақжай халық екенін сан мәрте көрдік. Менің пікірімде, «Новый камень» деген сөздің қазақша атауын алғанымыз өте дұрыс болар еді», — деген ой тастайды. Сонда П.Безруков өзімен бірге сонау Соль-Илецк  қаласынан бірге жүріп келе жатқан әрі атшысы, әрі көмекшісі Тәшім Байғожиновтан әлгі сөздің қазақшасын сұрайды. Ол: «Жаңа тас», — деп жауап береді. Сөйтіп картаға жаңа кен орны орыс транскрипциясымен «Джанытас» болып түседі. Кейіннен қала атауы осындай бұрмаланған күйде, тек бір  ғана әрпі өзгеріп, «Джанатас» күйінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне бекуге барады. Қаратау қаласының орыс тілді партия басшысы П. Качесов әріптестерінің ескертпелеріне мән бермейді. Ал сол кездегі Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы Сағи Жабасов шырылдап жүріп, ҚКСР ЖК Президиумының хатшысы Бибіжамал Рамазановаға жол тауып кіріп, осы қателіктің түзетілуіне барынша күш салады. Сөйтіп «Жаңатас» атауының ұлттық тілімізде жатық аталуы үшін де сол кезде недәуір күрес жүргендігінен оқырмандарымыздың хабардар болғаны жөн.

Міне, осы бір ғана мысалдан, бір әріп үшін отқа да, суға да түскен ұлтжанды, сергек сезімді, таза патриот Сағи Жабасов сынды азаматтарымыздың ісі жас ұрпаққа үлгі — өнеге. Осындай  азаматтардың істері — туған  ана тілінен жерініп, менсінбеген, тілімізді шұбарлап, жабайы базар тілінің ықпалынан аса алмай, немқұрайдылық жетегінде жүрген азаматтарымызға ғибратты сабақ.

Осы Жаңатас қаласының солтүстігінде 25 шақырымдай жерде Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Саудакент ауылы бар. Ол Шабақты өзенінің жағасына орналасқан, халық аузында «Күлтөбе» аталып кеткен жер — көне қала Саудакенттің орны.  Ол орта ғасырларда Жібек жолы бойындағы сауда және қолөнер орталығына айналған ірі қалалардың бірі болған.  Кеңестік дәуірдегі аты  — Байқадам. Ежелгі, көне деректерде, яғни Х ғасырда Сугулхан атымен, ХІІІ ғасырда Сулхан деген атпен мәлім болған. Енді бір деректерде Сугулкент деп те аталып жүр.

1947-1948 жылдары академиктер Әлікей Марғұлан мен А.Бернштамның экспедициясы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Саудакент қаласы кезінде 11 мұнарлы дуалмен қоршалған болатын. Қоршалған аудан көлемі 230х160 метр. Қазба жұмысы кезінде жоғарғы сапада дайындалған құмыралар, тегенелер, табақшалар, т.б. заттар табылды. Аса жоғары сапада дайындалған бояулармен сырланған бұйымдардың сынықтары әлі күнге дейін кездеседі.

1219 жылдары моңғол шапқыншылығында қираты-лып, XIV ғасырдан бастап қайта жандана бастады.

Міне, бұл көне қаланың Ұлы Жібек жолы бойында орналасқаны, кезінде оның қайнаған тіршілік ордасы  болғандығын жас ұрпақ терең түйсіне  білсе, нұр үстіне нұр. Өздерін сол дәуірде өмір сүрген ұрпақтармен кіндіктес, қандас екенін ұғына білгені абзал.  Әр адам үлкен өмір жолына аттанар сапарында сол өзі туып-өскен өлкенің перзенті, кіндік қаны сондай тарихи мекенде тамғандығын мақтан етіп жүрсе, жарасқылықты болатындығы сөзсіз.

Шу өңірінде  өзенмен арна арқылы байланысып жатқан Байдың көлі бар. Көл неге бұлай аталады деген сұрақ өз-өзінен туындайтындығы ақиқат.

Көлдің бұлай аталуын тама руының Молдас әулетінен шыққан Жидебай байдың атымен байланыстырады. Шапырашты байы Бұралқының Шу бойындағы қыстауына бір жылдары Арқадан Жидебайдың жылқылары ығып келеді. Көктем шыға іздеп келгенде, жылқылары дін аман. Ізгі ниетті Бұралқы сырттан келген көп жылқыға ешкімді  тиістірмейді. Сыртқа шашау шығармай, қоғамдап ұстайды. Жидебай бұған риза болып, екеуі төс түйістіріп, дос болады. Кейін құдандалы болып, Бұралқының баласына қыз береді. Сонда өзге өріске қоныс аударған Бұралқы осы көл маңын Жидебайға киіт есебінде берген дейді.

Міне, осы кішігірім мысалдың астарында қаншама ой жатыр. Қолға түскенді құлқынына қылғытатын, оңтайы, орайы келгенді омақастыратындардан бойын мүлде аулақ салған Бұралқының кіршіксіз адалдығы, кісілігі кімді де болса сүйсіндіргендей. Міне, еш оқуды тауыспай-ақ, шетелде білім алмай-ақ, сауатты болмай-ақ, кісіліктің кілтін бекем ұстап, туын көкке көтерген Бұралқыдай жанның кейбір жандардың билік тұтқасын қолға алысымен мемлекеттің, өзгенің байлығын қомағайлықпен иеленіп, ыңғайы келсе шетел асыратындардан рухы ерекше биік екендігіне еріксіз көз жеткізесің.

Аудандағы біршама жер-су атауларының поэтикалық, шабыттың шалқар ықпалымен туғандығы дау туғызбайды. Табиғаты ерек Жон өлкесінде Ақпанбет бұлағы бар. Кезінде осы өңірде мергендігімен аты шыққан Асан деген аңшы кісі болыпты. Домбыра тартып, ән салатын серілігі де болса керек. Атқан аңының тең жарымын әл-ауқаты төмендерге үлестіретін сақилығы да бар.

Бұлағын Ақпанбеттің арқыраттым,

Басына арқар сойып жарқыраттым.

Көк шалғын майсасында аунап жатып,

Шалқытып, шырқап әнге судай тастым.

Бұлағы Ақпанбеттің шекер балдай,

Ішкен жан мейірленіп қағар таңдай.

Кір жуып, кіндік кескен, қайран Жоным,

Кеудемде шырағымсың жаққан шамдай.

Міне, ел аузында сақталған осы бір өлең шумақтарынан туған жерге деген сүйіспеншіліктің шынайы белгісін көреміз.

Туған жердің қадір-қасиеті оның шежірелі тарихы туралы аңызға, алуан түрлі әңгімелерге арқау  болған жайттар да мол. Мысалы, Ақтоғай ауылынан 8 шақырымдай жерде қарт Қаратаудың Үлкен Ақтау жотасының солтүстік  шығысында табиғи ортада пайда болған ғажайып көркем көл бар. Аты Көлме.

30-40-  жылдары  маңында бірнеше шағын колхоздар болған.Жаңатас қаласы қарқын алып дамығанда, Көлме мүлдем сарқылып қалды. Қазір біртіндеп қалпына келе бастады. Ұзындығы 2 шақырымдай. Ертедегі су деңгейінің іздері жақпарлы жартастарда өте жақсы сақталған. Тереңдігі 18-20 метрдей болған. Ыстының Тілік аталығынан шыққан Алуаш деген қария Көлменің үш рет тартылып, үш рет толғанын көрдім дейді екен. 1934-35 жылдары сол Көлме көлі кемерінен асып, Бүгіл өзеніне құйған. Сол көлдің суын пайдаланып, халық егін де еккен. Осы күнге дейін арық-атыздардың сорабы жақсы сақталған. Байжансай руднигінен келген орыстар осы көлден талай рет балық аулаған. Аңыз бойынша, жаз айларында осы көлден түнге қарай айға шағылған жалы күмістей төгілген екі жылқы жағаға жайылып, таң қылаңыта көлге қайта түсіп кетеді екен. Көз жасындай мөлдіреген көркем көлді халық әнге де қосқан. Осы көл жағасында дүниеге келген көрнекті композитор, жазушы Илья Жақанов «Көгілдір Көлме» атты әдемі ән шығарды.

Алыстан аңсап,

Жағаңды аңсап,

Келгенде жатсың дір етпей…

Толқышы, Көлме,

Толқиын мен де,

Дариғай-ай, жастық кезімдей, — деп тебіренуінің өзі қандай жарасқылықты!

Туған жердің сан алуан қайталанбас әсем көріністері сезімтал жүректі жандарды тәрбиелейтіні тарихтан белгілі. Сұлу Көкше өңірінің перзенттері Ақан сері мен Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың сезімге толы сырлы әндері мен өлеңдерінің жүрек қойнауынан төгіліп шығуына сол қоршаған ортаның орасан ықпалы болғандығы ақиқат. Яғни сұлу, көркем табиғаттың адамның эстетикалық, көркемдік сезімін ұштайтындығын естен  еш шығаруға болмайды.

Қазақта «кие» деген қастерлі ұғым бар. Сондай-ақ «Кие  кеткен жерден ие кетеді» деген мазмұны терең мәтел де ел есінде. Қазақы наным-сенім бойынша, өзен, көл, орман, тоғай, тау, алуан түрлі жануарлардың, аңдардың, қорғаушы пірі, яғни олардың ерекше тылсым күшке ие болатын қасиеті бар деп есептеледі. Мысалы, әлгіндегі Ақтоғай ауылының солтүстік — шығысында Қаратал әулие бұлағы бар.Сол бұлақ сырт көркі ғажап, биік құзар жартастың қуысынан бұрқырай атқылап шығып жатыр. Арынды суы малта тасты арнамен  Бүркітті өзеніне құлай ағады.

Міне, бұлақтың сылдыры дейсіз бе, сыңғыры дейсіз бе, осы бұлақтың үнінен табасыз. Өзен табанынан 35-40 метрдей биікке орналасқан бұлақтың айналасы қос адамның құшағына әрең сыятын, қазақ қастерлі санайтын қара тораңғы ағаштарға толы. Қазақ халқы бұл ағашты  «Дала падишасы» деп ерекше кие тұтқан. Оны отын ретінде отқа жағуға  тыйым салған. Өйткені ол ағаштың қабығына пышақ тисе, сол жерден қызғылт түсті сөл бөлінеді. Оның түсі қанға ұқсас. Сондықтан да  тораңғының киесі ұрады деген тыйым сөзді ұрпақтар санасына сіңірген. Ал сол бұлақ басындағы  сыңси өскен, діңдері жуан-жуан ағаштың жасы жетіп, түбі шіріп құлағандарына да ел осы күнге дейін еш тиіспейді. Әрі бұлақты, әрі тораңғыны қастер тұтар халық бұлақ басындағы ағаштарға, тіпті сол құлағандарына дейін қастер тұтып, оларға алуан түсті әлем  шүберектер байлап тастаған. Бұл да ұлтымыздың өнеге тұтар ізгі қасиеті десек қателеспейміз.

Көптеген зерттеулерде жер атауларына танымдық тұрғыдан баға беру басым жатады. Бірақ сол таным астарынан тәрбиелік, ұлағат боларлық астарлы сыр ұшығын іздеген де ізгі тірлік. Мысалы, Саудакент ауылының оңтүстік-шығыс бетінде Қыршабақты мен Ойшабақты өзендері тоғысатын тұста Бестоғай деген көркем жер бар. Қос өзеннің тоғысар тұсындағы  қалың шілік, үйеңкі, қаратал өскен жер ертеден Бестоғай атанған. Кеңес Одағы кезінде мұнда  пионер лагері болған еді. Ал бұл жерді бұрын Ыстының Тілік тайпасынан шыққан Жомарт, Нарт, Қаспақ, Сабата, Сәрсек деген кісілері қоныс еткен. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, диқаншылығымен аттары шыққан. Сол Шабақтының батыс қанатын гүлденген алапқа айналдырған. Қандас, рулас, туыс бауырларын диқаншылық кәсіпке баулыған. Шымқаладан, Тараздан, тіпті сонау Тәшкеннен сан алуан жеміс ағаштарын әкеліп отырғызған.

Жүйектей еккен қаратал, сәмбі тал, үйеңкі, бозша терек, тораңғылар еккен егіндеріне, арпа, бидайларына жел өтінен қорғар қалқан болған. Олар өнімдерін саудаға  шығарып, кәсіптерінің нәсібін, несібесін көрген.

Сол ағаштардың қураған бұтақтарын кесіп, отын қылып, кемтар адамдарға берген. Астық бастырып, өнім жиналғанда, дәстүр бойынша, кеусен таратып, садақа түрінде сый жасаған. Олардың көпке қамқорлығы ел аузындағы әңгімелерде сақталған.

Содан жұрт сол бесеудің  отырған қоныстарын ерекшелеп Жомарттоғай, Нарттоғай, Қаспақтоғай, Сабататоғай, Сәрсектоғай атандырған. Алайда, уақыт өте келе бұл атаулар жиынтық ұғымға айналып, Бестоғай атанды.

Міне, осыдан бір жарым ғасырдай бұрын өмір сүрген жандардың еңбекқорлығы, Жер-анаға деген құрметі, сонымен бірге, бүгінгі тілмен айтқанда, экологиялық сауаттылығы, табиғатты аялай білуі жас ұрпақтар үшін үлгі болады.

Қашанда туған жер, туған ел жалпы адамзат баласы үшін қымбат болатындығы ақиқат. Туып-өскен жерге деген ұлы сағыныштың шынайы көрінісін ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көзі тірісінде аты аңызға айналған даңқты актер, сарысулық Асанәлі Әшімовтің тебіреніске толы пайым-толғамына бір сәт ой жүгіртейікші.

«Әркім де өз туған жерін мақтан етеді. Шаң-тозаңы ұшып, соры көтеріліп, тұзы шығып жатса да, мен үшін одан өткен қасиетті мекен жоқ. Қазақстанның қай түкпірі де өз отаның ғой, бірақ кіндік кесіп, кір жуған жердің орны бөлек екен. Қай қиырда жүрсең де топырақ берген мінезбен, қасиетпен тыныстап, өміріңе содан нәр аласың.

Қазақта тегіне, топыраққа тартып туған деген сөз бар. Бұл сөздің мәнін табиғаттың сырына терең бойлаған жан ұғына алса керек. Сарысу — шөлейтті аймақ. Әдетте, суы мол жерден гөрі шөл далаға өсімдік аз шығатыны белгілі. Дей тұрсақ та, құмды жерге өскен қауынның дәмі таңдайыңнан кетпейді. Сирек те болса солай. Бәлкім, бұл топырақтың құнарлығынан шығар. Өзімнің осындай жерден шыққанымды әрдайым мақтан көремін. Дүниенің қай түкпіріне барсаң да, туған жерден асқан ұжмақ болсайшы!

Кім де болсын, ең алдымен, өз туған жерінің қадірін білмей тұрып, барша қазақтың да қадіріне жете алмайды. Отан — отбасынан басталады. Отбасы деген ұғымға кең мағынада қарасақ, ол туған жер, өскен орта болып шықпай ма? Демек, Отанға деген сүйіспеншілігің туған жерден, оны аялаудан басталады.

Әр облыстың өзіндік ерекшелігі бар. Жамбыл өңірі де сондай киелі, мерейлі мекен. Мен оны жаныммен сүйемін. Елге барған сайын жүрегім жылып, қан қысымым дұрысталып, жеңіл-желпі аурулардан құтыламын. Жарықтық туған жердің киесі мен қасиетіне не жетсін!» — деген тебіреністі сөзі кімге де болса, ой салатыны ақиқат.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

Жазушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.