Әшір Бүркітбаевтың есімі ұмытылмауы тиіс

0

Қазақ тарихындағы қасіретті кезеңнің бірі отыз жетінші жылдың қызыл қырғынында жазықсыз құрбан болған Алаш арыстарының ішінде Әшір Бүркітбаев та бар еді. Ол Әулиеатаның Сарысу ауданы Жон өңіріндегі Қаратас ауылында 1906 жылы дүниеге келген. Қазақтың барлық тағдыр-лы азаматтары сияқты Әшір де жастайынан жетім қалып, қиянат көреді. Ағасы Досай екеуі бай-манаптың малын бағып күнелтеді. Алайда байдың озбырлығына шыдамаған олар 1919 жылы туған аулынан қашып шығып, Ташкент қаласына бара жатқан саудагер-арбашыларға ереді. Сөйтіп мейірімі мол жандардың көмегімен сол үлкен шаһардың балалар үйінен бір-ақ шығады. Жоқшылықтың азабының ащы дәмін татқан Әшір тек өз болашағын ғана ойламай жетімдіктің зарын көрген қатарластарының, елінің болашағын көп ойлайтын. Білімсіз болашақ жоқ екенін санасына сіңіріп өскен ол білімге талпынды. Жасөспірім шағында завод ФЗО-да білім алып, трамвай депосында токарь болып істейді. Тағдырына тамыр жіберген зиялылық, көкірек көзінің ашықтығы және өмірді, қоғамды басқаша қабылдауы ұлт қамын ойлатпай қоймады. Он төрт жасында ком-сомол қатарына өтіп, белсенді жастар легіне қосылды. Сол кезеңде қазақтың алғашқы кен орындарының бірі Орталық Қазақстандағы Қарсақпайға барып еңбек етуді мақсат етіп, бір топ жастарды үгіттеп, комсомолдық ұран тастап, әлі де өндіріп, толыққанды жұмыс істемей жатқан Қарсақпай кен орнына барады. 1927 жылы Қызылордада өткен Қазақстанның республикалық комсомолдар конференциясына делегат болып қатысып, жарыссөзге шығып, жалынды ойларымен бөлісті. Көпшілік оның көтерген мәселесін қоштап, болашағынан үміт күтіп, республикалық комсомол комитетінің мүшесі әрі оның хатшысы болып сайланады. Ой-толғанысы мен сауаты терең, сөзі дәйекті әрі салмақты Әшір Жанәліұлы көптеген сол жылдардағы мемлекет қайраткерлерімен тізе тіресе қызмет етіп, достасып, елдің келешегін, даму жолдарын қарастырып, көптеген жоспарлар жасауға үлесін қосты. Сол кезеңдерді суреттеген Айтжан Бутиннің естелігі Алаш қайраткерінің өмір жолынан хабар береді. «Әшір Бүркітбаевпен мен Қызылорда өлкелік конференция-сы кезінде таныстым. Сол сапар ол комсомолға хатшы болып сайланды. Өзі Қарсақпайдан келген жұмысшы жігіт екен. Менімен түйдей құрдас болып шықты. Конференция біткен соң бұрынғы хатшы Садық Нұрпейісов шақырып алып: «Айтжан, сен Әшірді үйіңе алып баршы. Yйің төрт бөлмелі ғой. Пәтер алғанша сенімен болсын»,- деді. Содан мен оны үйге ертіп келдім. Біраз уақыт бірге тұрдық. Мінезі жуас, көп үндемейтін, бір-тоға жігіт еді. Мен ол кезде атты әскер полкы комсомол ұйымының жетек-шісі едім. Бірге жұмыс істеп жүрдік. Ол кезде көпшіліктің сауаты шамалы болатын. Білімге, оқуға деген құштарлық болу керек, жиналыстар мен лекциялардан қалмайтынбыз. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтан Сегізбаевтың әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Тайыр Жароков, Ғабит Мүсірепов, Мансұр Гатаулин, Әшір барлығымыз бірге жүретінбіз.
Содан 1928 жылдың 9 мамырында мен Алматыға ауыстым. Әшір өзінің қалыңдығы Ғарифаны алғаш біздің Алматыдағы пәтерімізге алып келіп, үйленді. 1929 жылы мен Мәскеуге оқуға кетіп, пәтерімді Әшірге қалдырдым. Әшір өте қарапайым, ақ жүрек, кішіпейіл жан еді. Уақытты текке жіберуді білмейтін. Әрдайым кітап пен қағазға шұқшиып, бірнәрсені оқып, сызып, жазып отыратын. Ойлайтыны тек жұмыс болатын. Кейде ол маған қарап: «Айтжан, сен Мәскеуде оқып, біліміңді тереңдеттің, комиссар атанып, енді міне, беліңе қылыш тағып жүрсің. Ал бізде оқу да, қылыш та жоқ», деп күрсініп, мұңаятын. Оның жанарынан оқуды аңсайтыны көрініп тұрушы еді»,-деп еске алады.
Он тоғыз жасында Коммунистік партия қатарына өткен ол елімізде жоғары білімді инженерлердің жоғын ескере отырып, Свердловск қаласындағы Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясына оқуға түсті. Оны үздік бітірген білікті маманды Шығыстағы Риддер қаласының партия комитетінің секреатары қызметіне жіберді. Өйткені ол маңда көптеген кен орындары ашылып, игеріле бастаған кезең еді. Сөйтіп оның есімі қазақтың тұңғыш тау-кен инженері ретінде тарихта қалды. 1934 жылы оған Қазақ ұлттық политехникалық институтын ұйымдастыру тапсырылады. Семей тау-кен техникумын Алматыға ауыстырып соның негізінде Тау-кен институты (институт горного дела) болып ашылып, сол оқу орнының тұңғыш басшысы ретінде ұлт кадрларын дайындауға үлкен үлес қосты.
Сөйтіп ол іс жүзінде жоқтан ұйымдастырылған алғашқы техникалық институтты басқара отырып, республикадан тысқары «шығып», Одақтың ірі өнеркәсіп, жоғары оқу орны мол аймақтарынан танымал ғалым-педагогтарды институтқа тарту ісімен айналысты және тарта білді де. Ол басшылық жасаған жылдары институттағы оқытушылық жұмысқа профессорлар А.Ф.Войцеховский, В.А.Глазковский, Н.К.Скаковский, Е.Д.Шлыгин, И.И.Бок, Ә.Ә.Ермеков, П.М.Кошулько, А.С.Пономорев, Г.Ц.Медоев, Е.А.Заботина т.б. келді. Бірінші оқу жылының басында 145 студент болды. Сол кезде институтта екі мамандық-руда мен мұнай кен орындарын барлау және инженерлік гидрогеология мамандықтары бойынша үш курсы бар бір ғана геологиялық барлау факультеті жұмыс істеп тұрған болатын. 1935-1936 жылдары тағы екі мамандық ашылды: руда кен орындарын пайдалану; түсті және ауыр метальдар металлургиясы. Бірінші оқу жылында институтта 10 кафедра жұмыс істеді. Оқу ғимараттарының жағдайы тым жұпыны, ал тұрғын жайлар өте аз болды. Институт ұйымдасқан кезде берілген 17 тірек-қамыс үйлердің біреуі оқу корпусы ретінде, ал қалғандары зертханалық сабақтар өткізуге қолданылды. Сол жылдардағы оқытушылардың ішінде ерекше тұлға Томск политехникалық институтының түлегі Ермеков Әлімхан Әбеуұлы болды. Бірінші математик қазақ, профессор, жоғары математикадан қазақ тіліндегі оқулықтың авторы. Осы жылдары институтта тұңғыш домбырашылар ансамблі құрылды.
Әттең «үлкен террор» деп аталған 1937-1938 жылдардағы жаппай репрессия талантты, білімді, ұйымдастыру қабілеті күшті Әшір Бүркіт-баевты да айналып өтпеді. «Ол кезде Әшір жұбайы Ғарифа мен қызы үшеуі кішірек екі бөлмелі үйде тұрды. Yйінде дүние-мүліктен сықырлаған ескілеу темір кереуеті ғана болатын. Мен «Әшір-ау, сен дүрдей инсти-туттың директорысың. Ал үйіңде бір кілемің де жоқ. Алмайсың ба?» деп едім, ол «Әй, Айтжан-ай, біз жұмыскерлер бюрократ бола алмаймыз. Тапқан айлығыма Ғарифа тамақ, киім алады. Басқа не керек? Оның үстіне, тағы да оқуға бармасам болар емес, білімімді көтеруім қажет»,-деп жауап қатты Әшір досым. Сол аяулы досымды мен отыз жетінші жылдың 1 мау-сымында соңғы рет көрдім. Оны қайтып көруді тағдыр маған жазбапты», -деген Айтжан Бутиннің естелігі Әшір Бүркітбаевтың тағдырындағы көпшілікке беймәлім жайттарды суреттейді.
Отыз бір жыл ғана ғұмыр кешіп, бақиға аттанған Әшір Бүркітбаевтың жары Ғарифа апайдың да жазып қалдырған мына естелігі жан жабырқатады. «Мен сол зұлматқа толы 1937 жылдың жазғы бір күнінде Әшірге: «Ел ішінде «халық жауы» деген қорқынышты сойқан жүріп жатыр. Талай азаматтарды НКВД қызметкерлері ұстап, аяқ-қолына кісен салып, абақтыға жабуда. Олардың арасынан оққа ұшып жатқандары да баршылық. Менің бойымды кейде қорқыныш-үрей билейді. «Сені де бір күні олар өз қармағына іліктіреді-ау» деген үрей мазалап жүр. Сен не ой-лайсың?» – деген едім. Сонда ол «Ғарифашым-ау, мені өз қолыңмен апа-рып берсең де олар алмайды. Кеңес өкіметі мен халыққа қарсы ешбір арам пиғылым, теріс іс-әрекетім, титтей де қастығым жоқ. Мені НКВД не қылсын? Мен үшін қорықпаңдар» – деп еді. Содан екі-үш айдан кейін-ақ зобалаңға ілігіп, ордер әкеліп, алды да кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Түк қызық көрмеді, марқұм. Оңды еді ғой. Оңды болған соң маңдайымызға сыймады. Адамгершілігі мол еді. Артында жақсы сөз қалғаны ғана көңілге жұбаныш. Yш бала бар еді, менің сорыма барлығы қайтыс болды. Ол кеткен соң қасіретті көп көрдік».
Иә, жаны да, ары да таза азамат өз басына нәубет орнайды деп ойла-майды. Алайда қанкөбелек айналған дүние мұндай ниетті есепке ала берсін ба?!. Талай адамның тағдырына тұзақ құрып, өміріне өкініш әкелген қызыл қырғын қасіреті ұмытылмайды. Тіпті арыстай азаматтарды жандай-шаптардың қалай, қай жерде жер жастандырғаны жайлы да аңыз бен ақиқат аралас дерек көп.
Әшір Бүркітбаев Алматыдан 35 шақырым жердегі Жаңалық ауылының түбінде 1938 жылдың ақпанында НКВД жаналғыштарының оғына ұшты. Сөйтіп, қатал заманның қатыгездігінен тағы бір болашағынан зор үміт күттірген Алаштың зиялы азаматының өмірі қиылды.
1958 жылы «халық жауы» деген аттан ақталды.
Алайда бүгінде Әшір Бүркітбаевтың аты Алаш арыстарының қатарында көп айтылмайды. Бұл тұрғыда қайраткердің өмір жолын тереңірек зерттеп, архивтерден табылған құжаттардың негізінде мақалалар жазып, бірнеше кітап (1.«Әшір Бүркітбаев – Алаштың аққан бір жұлдызы», Алматы, 2009. 142 бет; 2.«Жалт еткен жасын ғұмыр», Тараз. 2012. – 290 бет) шығарған осы жолдардың авторы болатын.
Көк аспанда құйрықты жарық жұлдыздай ағып өткен аяулы азамат Әшір Бүркітбаев әлі де ел есінде. Оның мерейлі 100 жылдығына, яғни 2007 жылы оның туған жеріндегі Андреевка ауылы Әшір Бүркітбаев ауылы деп аталап, ағайын-туыстары мен жерлестері бірігіп үлкен ас беріп, Құран оқытты, ауыл орталығындағы саябаққа бюст-есткертіш орнатты (іс-шаралар жергілікті меценат-кәсіпкер Шынайдар Ералиевтің қаржылай қолдауымен өтті), естелік-кітап шығарылды. Қазақ Ұлттық Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетінде конференция өтіп, оның аты университет құрамындағы Полиграфия және металлургия институтына беріліп, бюст-ескерткіш қойылды. Шымкент қаласының бір көшесіне оның есімі берілді.
Әттеген-ай дейтініміз, біздің тарихшыларымыз алғашқы қазақ инженері, еліміздің тұңғыш техникалық институтының негізін қалаған аяулы азамат Әшір Бүркітбаев жайлы бұл күндері еш жерде сөз қозғамайды. Олардың басым көпшілігі бұрынғы сүрлеуден шықпай, көпшілікке онсыз да белгілі тұлғалар төңірегінде мәліметтерді қайталаумен келеді. Ал артында іздеушісі жоқ қаншама Алаш арыстарының есімі күні бүгінге дейін бүркемеленіп, белгісіз, ақтаңдақ жайда жатыр. Бұл-бәріміз ойланатын мәселе. Шынында да қасіретті кезеңнің құрбаны болғандардың қайсысы-ның есімі есте сақтаулы? Дегенмен, ұлт тарихында айтарлықтай еңбек еткен ерлердің есімдері ешқашан ұмытылмаса игі.
Аяулы азаматтың кіндік қаны тамған қазыналы, қарт Қаратудың Көсегенің Көкжонындағы Түркістан ауылдық округінің орталығы бүгінде Әшір Бүркітбаев есімімен аталатыны көңілге демеу. Жалпы, Түркістан ауылдық округіне Арыстанды, Үшбас, Қаратас және Әшір Бүркітбаев ауылдары қарайды. 1954 жылы осы аймақтағы бірнеше колхоздар мен ауылдар біріктіріліп, «Түркістан» тың совхозы ұйымдастырылған болатын. Содан 1955 жылы тың игерушілердің ерен еңбегімен таныспақ болып әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов арнайы келіп, бірер күн шаруашылық еңбеккерлерімен болып «Түркістан солай туған» деген әдемі көркем очерк жазыпты. Заңғар қаламгердің туындысында бұл аймақтың қатал, боранды қысы мен табиғаты өте әсерлі суреттелген. Таудың бөктерінде қоныстанып, үнемі ебіден ескендей қоңыр самалымен ерекшеленіп тұратын ауыл Жаңатас қаласынан он сегіз шақырым қашықтықта жатыр. Жергілікті халық негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ ауылда Мұхтар Әуезов атындағы 180 оқушыға арналған орта мектеп, 25 орындық балабақша, 8 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі және кітапхана жұмыс істейді. Енді бүгінде ауыл үшін өзекті мәселенің бірі-көгілдір отын мәселесі. Алайда келер 2026 жылы Сарысу ауданының бірқатар ауылдарына газ кіргенде, Әшір Бүркітбаев,Үшбас, Арыстанды, Қаратас ауылдары да көгілдір отынмен қамтылатын болады.
Әшір Бүркітбаевты есте қалдыру және оның еңбегін насихаттау жұмыстары әуелі өзі дүниеге келген топырақтан басталуы тиіс. Осы орайда, ауыл әкімі Дүйсенәлі Қыдырәліұлы қайраткер азаматтың кім болғанын ауыл халқы түгел білетінін және рухына тағзым ететінін айтты. Мәселен, ауылда Әшір Бүркітбаев атындағы көше бар. Орталық саябақ ішіне бюст қойылған. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте арнайы бұрыш жұмыс істейді. Ең ғажабы, әсіресе ауыл жастарының көпшілігі тау-кен саласына қызығушылық танытады екен. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті тағайындаған Әшір Бүркітбаев атындағы грантты сол ауылдың үш азаматы иеленіп, лайықты деңгейде білім алыпты. Ауыл әкімі өз сөзінде «Жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай халық қайраткер рухына тағзым етіп, бюстіне гүл қою рәсімі өтіп тұрады. Сондай-ақ туған күнін де ұмыт қалдырмаймыз. Ал мектебімізде оқушылар үшін Әшір Бүркітбаев айлығы, апталығы өтіп келеді», деп ерен ұлдың есімі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Расында да әр жердің өзіндік тарихы бар. Топырағынан жаратылған тұлғалары бар. Енді сондай азаматтарды есте қалдыру туған топыраққа артылған жауапкершілік. Орда бұзар отыз жастан аса бере-ақ опат болған оғланның есімі мәңгі жүрегімізде.
Заманның тар кезінде таудай талап арқалап, халқымызды алға сүйресем, жүрегінде от жандырсам, еліме пайдалы адам болсам деген ұлы арманмен өмір сүріп, еліне адал қызмет еткен қазақтың алғашқы тау-кен инженерлерінің бірі Әшір Бүркітбаев есімі қайткенде де ұмытылмауы тиіс! Оның есімі уақыт сүрлеуімен көп жыл бойы тарихи естеліктердің көлеңкесінде қалып бара жатқанын сезініп, асыл ердің есімін елге мәшһүр ету елдігіміздің, ұлттығымыздың бір абыройлы парызы екенін естеріне салайықшы деген оймен осы жолдар қағазға түсті. Ол туралы жергілікті техникалық колледждер мен ЖОО студенттері арасында танымдық дәрістер оқылғаны артық болмас еді. Өйткені қазіргі жастар елімнің, халқымның болашағы жарқын болсын деп тер төгіп жүріп, орынсыз жала жабылып зұлмат заманның қармағына ілігіп ажал құшқан, арманда кеткен Әшір Жанәліұлы Бүркітбаев туралы мүлде бейхабар және ол өз дәрежесінде бүгінде лайықты атаққа ие болмай тұр.
Келесі 2026 жылы оның 120 жылдығы қарсаңында ел жадынан шығып бара жатқан жақсыларымыздың есімін жаңғырту ретінде Жаңатас қаласындағы колледжге, Тараз қаласының бір көшесіне зұлмат заманның құрбаны болған ұлтымыздың аяулы да асыл азаматы Әшір Бүркітбаевтың аты берілсе жөнді болар еді. Бұл ұсыныс-пікір қалың көпшіліктің қолдауына ие болатынына сенімім кәміл.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы,
Әшір Бүркітбаев ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.