Бабалар рухына тағзым жасалды

0

Өткен аптада Саудакент ауылында бабалар рухына тағзым жасалып, өткенге салауат айту мақсатында іс-шаралар легі өткізілді. Екі күнге созылған шарада ұйымдастырушылар киіз үйлерді тігіп, қонақтарды қарсы алып, «Ақ Отау» мейрамханасында ас беріл­ді. Ата — бабалардың есімі ардақталып, құран бағыш­талған соң кешкісін концерттік бағдарламаға ұласты.

Кешке арнайы Қазақстан халық әртісі, дәулескер күйші Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман, эстрада жұлдыздары-Құрмаш Маханов пен Тахмина Әшімбекова, жерлестеріміз-ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты — Маралтай Райымбекұлы және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қайрат Жүнісов қатысып, әншілер әннен шашу шашты. Сондай-ақ, шараның екінші күнінде келген қадірменді қонақтар қоғам қайраткері, ұлтымыз үшін аянбай қызмет еткен Ораз Жандосовтың ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізді. Еске алу шарасына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарап Қырғызбаев, алыс — жақыннан келген қадірлі қонақтар мен аудан тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, келушілер Ұлы Отан соғысында жан аямай жалынды ерлік үлгісін көрсеткен майдангерлердің рухына және саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына құран бағыштап, гүл шоқтарын қою рәсімін жасады.
Мұнан соң келушілер ауылдағы Төкен Мақашев атындағы мұражайдағы көне жәдігерлерді тамаша­лап, ұлттық құндылықтарымызды көзбен көріп, әсер­лерімен бөлісті. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт ойындары өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар тапсырылды. Түс қайта ауылдың сәнін келтірген жаңа саябақтың ашылуы салтанаты өтті. Іс — шара барысында Байқадам ауылдық округіндегі атшабарда ат тұяғын дүбірлеткен кең көлемді «Құнан» (16 шақырым, 5 айналым ) және «Аламан» (32 шақырым, 10 айналым) бәйге жарысы сондай — ақ, «Теңге ілу» мен «Түйе балуан» және «Қазақ күресінен» жарыстар өткізілді. Бәсі биік жарысқа еліміздің түкпір — түкпірінен шабандоздар қатысып, бақтарын сынады. Ұлттық ойын жаңғырып, делебені қоздырып, көрермендерді шабыттандырған сайыстар қорытындысы бойынша бәйгеден жеңімпаздарға 7 бас жылқы және жүлдегерлерге 1 мен 5 бас жылқы, «Түйе балуанға» 1 бас түйе және өзге де жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Сарысу ауданы әкімінің
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.