Отбасы-шағын мемлекет
Шаңырақ-қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Ол тек үйдің төбесіндегі күмбез емес, ол- отбасының берекесі мен тірегі. «Шаңырағың биік, керегең кең болсын!»-деген тілек әр қазақтың жүрегінде терең мағынаға ие. Себебі шаңырақ- жанұяның татулығы, ұрпақ сабақтастығы және ұлттық құндылықтардың негізі.
Әрбір тұлға үшін шаңырақ-өзінің отбасы, туған үйі, ата-анасының мейірімі мен жылулығы. Әрбір отбасы мықты болса, қоғам да тұрақты, ел де қуатты болады.
Отбасы күні қарсаңында ауданымызда жас отбасылар шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам басты.
Мемлекеттік корпорацияның аудан бойынша филиалының АХАТ бөлімінде, Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күніне орай салтанатты неке қию рәсімдері өтті. Бұл күні жас жұбайлар Әбілхайыр Мешітбайұлы Көпболсынов пен Әсел Ғаниқызы шаңырақ көтерді. Мемлекеттік корпорация қызметкерлері жас жұбайларды құттықтап, неке куәліктерін табыс етіп, отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті. «Отбасы-қоғамның іргетасы, рухани тірегі және махаббат пен келісімнің қайнар көзі. Жаңа отбасылардың құрылуының Отбасы күнімен тұспа-тұс келгенінің символдық мәні бар. Олардың әрқайсысы күш пен бақыттың үлгісіне айналсын», — деп филиал тарапынан атап өтті.
АХАТ мәліметтері бойынша, ағымдағы жылдың сегіз айында ауданымызда 70- тен астам неке тіркелген. Бұл отбасы институтының нығайту өзектілігінің тағы бір дәлелі.
Еске сала кетейік, некені тіркеу туралы өтінішті АХАТ бөліміне, электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Өтінімдерді қарау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. 2024 жылдың шілдесінен бастап жас жұбайлар облыстың барлық басқармаларында неке қиюды салтанатты түрде тіркеу қызметін, сондай-ақ үйден тыс неке қию рәсімін ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болады.
Л.Абдрахманова,
Сарысу аудандық АХАТ бөлімінің басшысы