Еңбегімен елге сыйлы
Дана халқымызда: «Отбасының өнегесі-Отан өнегесі»-деген ұлағатты сөз бар. Бұл ұғымның астарында үлкен ұлағат жатыр. Расында да адам баласының алғашқы қалыптасу мектебі-өз шаңырағы. Мұндайда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»-деген сөз де тектен тек айтылмаған. Сондықтан да елімізде отбасылық құндылықтарды сақтауға, ата-ана жауапкершілігін арттыруға, ұрпақ тәрбиесін нығайтуға баса назар аударылып келеді.
Осы мақсатта 2013 жылдан бастап қыркүйектің әрбір екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп белгіленді. Мереке халықтың репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау мәселелері бойынша хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ отбасылардың, әсіресе жас, көпбалалы, толық емес, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың отбасыларының мәселелеріне жалпы жұртшылықтың назарын аудару үшін атап өтіледі.
Бағамдап қарасақ, елдің өркендеуі, қоғамның дамуы отбасылардың беріктігімен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда жылуы мол жанұялар қашанда көпке үлгі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Сарысу ауданының Құрметті ардагері Аманкүл Есеналиева сондай жарасымды отбасының ұйытқысы бола білген жандардың бірі.
Аманкүл Есеналиева-соғыс жылдарында өмірге келген буынның өкілі. Дәлірек айтқанда 1942 жылдың 10-шілдесінде Сарысу ауданы, Жайылма ауылында қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашты. Оның балалық шағы зұлмат жылдармен тұспа-тұс келді. Ол 1949 — 1956 жылдары Жайылма ауылындағы В.И.Ленин (қазіргі Әйтеке би) атындағы орта мектепте білім алады. 1959 — 1961 жылдары Ленин ұжымшарында қойшы болып еңбек етті. Кішкентай күнінен елде қалыптасқан ауыртпалықты сезініп өскен кейіпкеріміз есейе келе ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, еңбек дүбіріне араласты. Ал 1962 жылы тұрмысқа шығып, жан жары Ермек Әбдіқұловпен бірге 12 бала тәрбиелеп өсірді. Алтын құрсақты ардақты ана «Батыр ана даңқы» І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдары мен ордендерді кеудесіне жарқырата тақты.
Кейіпкеріміз бала күтімімен айналыса жүріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Отыз жыл бойы кеңшардағы құрылыс саласында тер төгіп, 2000 жылы құрметті зейнетке шықты. Адал еңбегінің арқасында аудан, облыс және республикалық мадақтамалар мен Алғыс хаттарға ие болды. «Коммунистік еңбек екпіндісі» медалімен марапатталды. Екі рет ауылдық кеңестің, бір рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
–Біздің балалық шағымыз оңай болған жоқ. 1941 жылдың маусым айында батыстан соғыс оты бұрқ етіп тұтанып, ер азаматтардың бәрі майданға аттанды. Ауылда жасы келген қариялар, әйелдер мен балалар қалды. Ел басына күн туған шақта олардың өзі қол қусырып қарап отырған жоқ. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен тылда жұмыс істеді. Сол кезеңде дүниеге келген біздің қатарластарымыз өмірдің кермек дәмін татып, ерте есейді.
Мен де бала күнімнен еңбекке араластым. Буынымыз қатаймаса да бейнет кештік. Мектепті тәмамдаған бойда ұжымшарда қой бақтым. Малдың бабын табудың машақаты көп. Қандай қиын шаруа болса да еңбектің ауыртпалығынан қашпай, таңның атысы күннің батысы тер төктік.
Кейін тұрмыс құрып, ұл-қыз сүйдік. Бала күтімімен шектелмей, ортақ мақсат жолында жұмыс істедік. 30 жыл құрылыс саласында еңбек етіппін. Әйтеуір тынымсыз талпынысымыз текке кеткен жоқ. Басшылар тарапынан түрлі марапат алдық. Дегенмен ең үлкен марапат балаларыңның өмірден өз орындарын тапқаны екен. Біз өз ұрпағымызға лайықты жол көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар бердік деп ойлаймын.
Қазір елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» жарияланып, еңбек адамдарын құрметтеуге көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Бұл дер кезінде қолға алынған бастама болды. Еңбек адамның еңсесін тіктейді, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Ұлы ақын Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»-деп тамаша айтқан. Кім тырбаңдап тірлік істесе, соның берекесі артады. Мен жастарға үнемі осыны айтып отырамын. Әр саланың өз ерекшелігі бар. Бірақ қиындықтан қашпау керек. Бір мамандықтың тізгінін ұстап, сол арқылы бақытқа кенелу қажет. Ал әр істің басын бір шалып жүрген адам ешқашан биік белестерді бағындыра алмайды.
Шүкір, өсірген балаларымыздан немере-шөбере сүйіп, солардың қызығын көріп жатқан жайым бар. Лайым, осы ұрпағымыз аман болып, еліміздің дамуына өз үлесін қосса деп тілеймін,-дейді ардақты ана.
Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов аға буын өкілдерінің аймақ дамуындағы орындарының бөлек екенін, қазыналы қарттарға әрдайым құрмет көрсетіліп тұратынын айтады.
–«Қарты бар елдің-қазынасы бар»-дегендей, ауылымыздың алға басуында ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Біздің аузы дуалы, сөзі уәлі, өмірден көргені көп, көкейге түйгені мол қарияларымызға айтар алғысымыз шексіз. Солардың қатарында Батыр ана Аманкүл Есеналиеваның да өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Ол кісі мал шаруашылығы, құрылыс салаларында қажырлы еңбек етті. Ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланып, өңірдің өзекті мәселелерінің шешімін табуға атсалысты. Бүгін де қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмай, жастарға ақыл-кеңесін айтып отырады. Апамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз,-дейді Жандарбек Смағұлов.
Бүгінде 83 жасқа толған кейіпкеріміз биыл тағы да бір марапатқа ие болды. Нақты айтқанда «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» атанды. Басшылық тарапынан арнайы төсбелгі мен куәлік салтанатты түрде табыс етілді. Мұның бәрі де абзал анаға деген ізгі ілтипаттың белгісі.
«Sarysý»-ақпарат