Әке-асқар тау, ана-бауырындағы бұлақ…

0

Құтқонған Сарысу ауданында өсіп, нағыз қазақы тәрбиені бойына сіңірген, әдебиет пен мәдениетке сусап өскен, от­басын айрандай ұйытып отырған отбасылар жетерлік. Ақын да, батыр да туған бұл қасиетті өлкенің суын ішіп, ауасын жұтқан үлкен шаңырақтың тұтқасын ұстап, қазыналы қария, ақ жаулықты әже атанып, ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырып, ұрпағына саналы тәрбие беріп, өсірген жандардың бірі Амангелді ата мен Балкүл апамыз жайлы газетімізге шығарғанды жөн санадық.
Есмахан Амангелді ата 1941 жылы 10 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1948 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1958 жылы орта мектепті бітіріп шыққан. Мектеп бі­тіргеннен кейін Калинин атындағы сов­хозда 2 жылдай жұмысшы болды. 1960-65 жылдары В.И.Ленин атындағы орта мектепте Сарысу аудандық комсо­мол комитетінің жолдамасымен аға пио­нер вожатый болып жұмысқа жібері­леді. 1965-2004 жылдары Әйтеке би атын­дағы орта мектепте мұғалім, оқу ше­берханасының меңгерушісі болып жұ­мыстар атқарды. 1981 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих фа­культетін еңбектен қол үзбей жүріп бі­тірді. Еңбек еткен жылдарында мектеп өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1966-1970 жылдары мектептің оқушылар, оқытушылар бастауыш пария ұйымының хатшысы, 1975-1986 жылдары мектеп кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. 15 жылдай саяси оқытудың же­текшісі, 1991 жылы қоғамдық негізде ауыл­дық кеңестің төрағасы болды. Осы еңбек еткен жылдарында аудандық, об­лыс­тық, республикалық, одақтық деңгей­дегі Құрмет грамоталарымен, медальдармен марапатталған.
1984 жылы Сарысу аудандық құрмет тақтасына, 1985 жылы Жамбыл облыстық құрмет тақтасына суреттері ілінген. 1968 жылы ДОСААФ-тың 50 жылдық құрметіне облыстың Құрмет грамотасымен, 1982 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісін алды.1984 жылы «Еңбектегі жетістігі үшін» және КСРО оқу министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1989 жылы 13 қаңтарда «Еңбек ардагері» медалін алды.
2004 жылдан бастап зейнеттік демалыста.
Амангелді атамыздың жұбайы, ұла­ғатты ұстаз, отанасы Шардарбек Балкүл апа 1949 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген.
1956 жылы В.И. Ленин атындағы орта мектептің 1-ші сыныбына барып, 1966 жылы осы мектепті күміс медальмен бітірген. Мектепте оқып жүрген кезін­де қоғамдық жұмыстарға белсене қа­тыс­­қан. Сол кездегі дружина советінің пред­седателі, комсомол комитетінің хат­шысы болып, қоғамдық жұмыстарды ат­қарған. Сол белсенді жұмыстар үшін 1966 жылы 2 маусымда Талас аудандық комсомол комитетінің мақтау грамотасымен марапатталған.1967 жылы аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен В.И.Ленин атындағы орта мектепке аға пионер вожатый болып жұмысқа жіберіл­ді. Аға пионер вожатый жұмысын жақсы атқарғаны үшін, 1968 жылы ҚазЛКСМ-нің Құрмет грамотасымен марапаттал­ды. 1969 жылдан бастап бастауыш сынып­тарға сабақ берді. 1973 жылы Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетін математика ма­ман­дығы бойынша тәмамдады. 1973 жылдан бастап 5-10 сыныптарға математика пәнінен сабақ берді. Аудандық оқу бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1983 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен наградталды.
1983, 1985 жылдары соцалистік жар­ыс­тың жеңімпазы значогымен наградталды.1984-2004 жылдарда Балкүл апа Әйтеке би атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалысында. Жолдасы Есмахан Амангелді екеуінің жанұя құрғанына 58 жыл болыпты. 3 ұл, 2 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тәрбиелеп өсірді. Бір-бір маман иесі атанып, елімізге абыройлы қызмет етуде. Ұл-қыздарынан 17 немере, 8 шөбере сүйді.
Балкүл апамыз өз сөзінде:
–Отбасы-негізгі тәрбие мектебі. Хал­қы­мыздың «Отан-отбасынан басталады» деуі тегіннен-тегін емес. Халық дана­лығының қайнар көзі, сарқылмас бұ­лағы да «отбасы» деген қасиетті ұғым­нан басталып, ғасырлар қойнауына еніп, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Ата-баба­ларымыздың «Ата көрген-оқ жонар, ана көрген-тон пішер» деген мақалының үл­кен мәні бар. Баланың идеалы-ата-ана. Жарық дүниеге келіп, көзін ашқаннан көрген, аялы алақанына салып, ақ сүтін берген әке мен ана-баланың басты үлгісі. Өзінің өмірлік тұлғасының моделін де сол шаңырақтың тірегі мен отбасының ұйытқысына қарап қалыптастырады. Балаларымыз да өнерден құралақан емес. Отбасымызда ұстанатын ең басты қағида-өтірік айтпау, адамның ала жібін аттамау, салт-дәстүрді берік ұстану. Отбасымызда балаларымызға мейлінше ұлттық тәр­бие беруге тырысамыз және осы дәс­түр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деп сенеміз. Мереке күндерінде дастархан басында қосылып, думанды әрі мағыналы өткізу біздің дәстүрімізге айналған. Ба­ла­ларымызды бауырмалдыққа, кішіпейіл­дікке, мәдениеттілікке, білімге, өнерге баулу ата-аналық ұстанымымыз,-дейді отанасы.
Ғасырлар қойнауынан екшеліп, тара­зыланып, бүгінгі заманымызға дейін жеткен халықтық тәрбиелік дәстүрлер алдымен отбасынан басталып, тұрмыс салтымызға дендеп ену арқылы көпшілік сипатқа ие болады. Көпшілік оның кем-кетігін сынап, жөндеп, сарапқа салып барып, өмірлік ұстанымына айналдырады. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін, өмірімізге тек оң ықпалын тигізетін мұндай отбасылық тәрбиелік дәстүрлерді қайта жаңғырту-жас ұрпақтың парызы.
Ұрпақ тәрбиесінде асыл дінімізге сай, ұлттық негізде тәрбие беру, тілімізді өркендету, дәстүрімізді тану жолында Амангелді атамыз бен Балкүл апамыз еңбегі орасан зор.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.