Отан — қуат, Отбасы — шуақ.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді әр адамға жылы және қымбат мереке-Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы үшін отбасы-қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасады.
Отбасы-адамның өсіп-өнетін, қанатын қомдап, түлеп ұшатын алтын ұясы ғана емес, еліміздің мызғымас тұрақтылығының, ауызбіршілігі мен болашағының қайнар көзі. Отанға, ана тілімізге, халқымыздың дәстүріне деген сүйіспеншілік отбасында қалыптасады. Біздің қоғамда отбасы әрқашан рухани және мәдени дәстүрлерді сақтаушы болып саналады. Қоғамның діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі.
Адам баласын мейірімділікке, жақсылыққа үйрететін осы ыстық ұямыз. «Отан-отбасынан басталады» деген даналықты халқымыз текке айтпаған. Жанұялық игі құндылықтар, жақсы дәстүріміздің ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлі зор. Тәрбиелі ұрпақтың ел мен жерге адал қызмет жасауы жанұядағы өнегеден бастау алады.
Мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі-отбасы институтын қолдау және нығайту, отбасылық құндылықтарды, көпбалалы отбасыларды, ана мен бала денсаулығын қорғау. Салауатты ұрпақ тәрбиелеу, аға буынның үлгі-өнегесі мен жақсы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жанұяның қоғамдағы рөлін сараптап, нығайту бағытында іргелі жұмыстар атқарылуда. Ана мен балаға деген қамқорлық, ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру ерекше назарға алынған.
Ауданымыз бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасылармен мақтанады. Бүгінде ауданымыздың тұрғындары бір отбасындай еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып, мемлекетіміздің даму белестеріне лайықты үлестерін қосуда. Тұрғындардың берекелі тірлігінің арқасында көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Осындай нәтижелі жұмыстарымыз тұрғындарымыздың бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі. Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға ықпал етеді.
Ардақты ағайын!
Баршаңызға амандық, отбасылық бақыт, құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, бірлігіміз бекем болсын. Ауданымыздың ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болып, көркейіп, дами берсін!
Шаттық Мұсабеков,
аудандық мәслихаттың төрағасы