Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың Отбасы күнімен құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді сарысулықтар!
Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Отан-отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын маңызын жоғалтқан емес. Отбасы-қоғамның діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі.
Тәуелсіз елдің жас ұрпағын ұлттық рухани құндылықтармен сусындатып, салт-дәстүрі мен мәдениетін жоғары ұстанатын ұрпақ тәрбиелеуде отбасының маңызы зор. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:- Әр­бір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өске­лең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады,-деп отба­сының еліміздің тірегі екенін айқындаған.
Ауданымызда жыл басынан бері 72 отбасы шаңырақ көтеріп, заңды некелерін қиды. 2025 жылдың сәуір айынан бастап ауданымызда «Отбасын қолдау орталығы» өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда орталықта арнайы мамандар халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Бұл-отбасылық құндылықтарды нығайтуға, тұрмыстық қиындықтарға тап болған азаматтарға кеңес беруге бағытталған маңызды қадам. Жыл соңына дейін орталық заманауи стандарттарға сай мекемеге орналасып, қызмет аясын кеңейтпек.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер, аудан­дық алқабилер кеңесі отбасының беріктігін нығай­туда қосып жүрген үлесі зор. Сондай-ақ, «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбан­дарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру» кабинеті, аудандық АХАЖ бөлімі мен медиатор­лар­дың еңбегін атап өткен дұрыс. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында отбасын сақтап қалып, жұптардың жарасып кетуіне ықпал ету, отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу бойынша профилактикалық жұмыстар жемісін беруде. Жыл сайын дәстүрге айналған «Үлгілі отбасы» байқауы ауданымыздағы өнегелі жанұяның бірлігін насихаттауға басты қадам деп білемін. Ауданымыздан іріктелген отбасылар облыстық деңгейде жүлдегер атанып, ауданымыздың абыройын арттырып келеді.
Қадірменді ағайын!
Отбасының қалыптасуы, қоғамның қалыпта­суы­на тікелей байланысты. Ұл — қыздарыңыз әке мен ана еңбегін биіктен көрсетер тұлға болып қалып­тасып, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне адал қызмет атқаратынына сенімдімін.
Мерейлі мереке қарсаңында баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, ұрпақтарыңызға бақ-береке, елімізге тыныштық тілеймін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.