Техниканың тілін тапқан шебер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл адал еңбектің адам баласының қалыптасуында атқаратын маңызының зор екенін ұғындырған бастама болды. Расында да толассыз тер төкпей табысқа жету мүмкін емес.
Жасыратыны жоқ, ақпараттық технологиялар дамып, әлеуметтік желінің әлеуеті артқан заманда ауадан ақша жасайтын коуч-тренерлер көбейіп барады. Олардың көбі жылтыраған жүзімен, жылтылдаған киімімен, жарқыраған көлігімен ел-жұртты елітіп, оңай олжаға кенелу туралы ой тастайды. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, сән-салтанатты өмір сүремін деп қыруар ақшаға курстар сатып алып, соңынан сан соғып қалып жатқандар қаншама. Көпшіліктің ойы онға, санасы санға бөлініп, кімге еліктерін білмей жүргенде Президент тура жолды нұсқады.
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек-қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі»-деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда айрықша айту керек, Жаңатас қаласы — нағыз еңбек адамдарының мекені. Мұнда тау қопарып, тас жарған кеншіні де, бармағынан бал тамған аспазды да, құрыш қолды құрылысшыны да, майталман механикті де көптеп кездестіресіз. Олар тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауда туған шаһарын тастап кеткен жоқ. Елмен бірге қиналды. Елмен бірге еңсе тіктеді. Жақсы күндердің келетініне сенім артып, аянбай еңбек етті. Қолынан келгенше қызмет көрсетті. Есесіне елдің ықыласына кенеліп, құрметіне бөленді. Міне, сондай қара жұмыстың қадірін арттырған еңбек адамының бірі де бірегейі Ерғали Көшербаев десек артық айтқанымыз емес.
Кейіпкеріміз 1969 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Дегенмен оның балалық шағы мен жастық кезеңі Жаңатас қаласымен тікелей байланысты. Ата-анасы жұмыс бабымен кеншілер шаһарына қоныс аударып, осында қызмет етті. Әкесі Орынбасар өмір бойы автокөлік кәсіпорнында жұмыс істеді. Ерен еңбегінің арқасында орден-медальдарға ие болды. Ал анасы Әппақ Досбаева сауда саласында тер төкті.
Ерғали Орынбасарұлы Жаңатас қаласындағы Павлик Морозов атындағы мектепте білім алды. Кейіннен Қаратау тау-кен -құрылыс техникумына түсті. Мұнан соң әскер қатарына шақырылып, шекарашы атанды. Жастайынан ЖБИ зауытында жұмыс істеді. Сонымен қатар басқа да кәсіпорындарда механик болды.
-Біз отбасымызда төрт бала тәрбиеленіп өстік. Үлкен әпкем және екі інім бар. Мен үйдің екіншісімін. Бауырларымның барлығы да жандарына жақын саланы меңгеріп, өмірден өз орындарын тапты.
«Алма ағашынан ұзап түспейді» дегендей, әкем автокөлік кәсіпорнында жұмыс істегендіктен болар, біз де техникаға бейім болып өстік. Әкеміз де үш ұлына қаршадай кезімізден кілт бұрауды, көлікті оталдыруды, мотордың дауысын тексеруді үйретті. Кейін келе өзіміз де автокөлік жөндеуді меңгеріп алдық. Бұл дағдының өмір жолымызда көп пайдасы тиді. Мен механик болып жұмыс істегенімде машинасы істен шыққан талай адам көмек сұрап келетін. Жұмыстың арасында, кейде кешкі уақыттарда қол ұшын созуға тырысатынмын.
Содан ойлана келе 2004 жылы өз атыммен аталатын жеке кәсіпкерлік ашып, көлік жөндеуге шындап ден қойдым. Ал 2008 жылы техникалық қызмет көрсету стансасын сатып алып, кәсібімнің ауқымын кеңейте түстім. Сол уақыттан бері тынбай жұмыс істеп келемін. Шүкір, қазір қасымда көмекшілерім бар. Оларға да білгенімді үйретіп, бағыт-бағдар көрсетіп отырамын. Өйткені, келген әрбір тұтынушының көңілінен шығу үшін қызметтің сапалы болғаны дұрыс,- дейді Ерғали Көшербаев.
Шынында да сапалы қызмет көрсетілген жерде сенім де артады, тапсырыс та көбейеді. Ерғали Көшербаев еңбек ететін техникалық қызмет көрсету стансасында қай кезде де қарбалас. Қаз-қатар тізіліп, кезек күтіп тұрған көліктерді көргенде еріксіз риза боласың. Кейіпкеріміз де ешкімге жоқ деп айтпайды. Қолынан келгенше көмектесіп клиенттердің мәселесін шешіп беруге тырысады. Уақыты өте тығыз болса да аянып қалмайды.
— Көлік жөндеу оңай шаруа емес. Таңның атысы, күннің батысы үсті-басымыз май-май болып жұмыс істейміз. Қыстың күні тіптен қиын. Бірақ таңдаған саламыз осы болғаннан кейін ерінбей еңбек етеміз. Автокөлік адам емес. Қай жері сыр беріп тұрғанын айта алмайды. Әйтеуір, өмірлік тәжірибемізге сүйеніп, ақауларды анықтауға, оны қалпына келтіруге тырысамыз. Әркімнің тұрмыс-тіршілігі әрқалай. Қалада пайдаланылып келе жатқанына 30 жылдан асқан көліктер әлі де көп. Уақыт өткен сайын техниканың да «қырыл-сырылы» көбейеді. Соның бәрінің «сырқатын» емдеп, жаңа өмір сыйлағандай етіп жібереміз,-дейді техника шебері.
Иә, әрбір адам баласы өз бейіміне қарай еңбек дүбіріне араласады. Дегенмен техника жөндеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осы кәсіпті меңгеріп, жұмысын жолға қоя білген жанды нағыз өз ісінің шебері демеске лажымыз жоқ. Біз техникалық жөндеу орталығына арнайы келген соң кезек күтіп тұрған көлік жүргізушілерін де әңгімеге тарттық.
-Жаңатас шағын қала ғой. Мұндағы тұрғындар бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан да мұнда қызмет көрсетудің өзіндік ерекшеліктері бар. «Адамның күні адаммен» дегендей, бір-бірімізге қарайласып өмір сүріп келеміз.
Мен кейінгі 2 жылдан бері осында келемін. Былайша айтқанда тұрақты клиентпін. 2007 жылы шыққан «Лада» маркалы көлігімнің анда-санда «ауырып» қалатыны бар. Былтыр радиаторы жарамай қалды. Өткенде моторы істен шықты. Соның бәрін осы Ерекең қанттай қылып реттеп берді. Оның үстіне айтатын бағасы да қолжетімді. Соған қарамастан тамыр-таныстығын алға тартып, техникасын тегін жөндетіп алғысы келіп тұратындар да табылады. Мен бірақ олай істемеймін. Адамның еңбегін бағалау керек,-дейді Жаңатас қаласының тұрғыны Сәрсен Нұрғалиев.
Елдің көркеюі мен болашағының баянды болуы әрбір азаматтың маңдай терімен, тынымсыз еңбегімен тікелей байланысты. Сол шынайы қажыр-қайрат иесі -еңбек адамы.
Еңбек адамдарына деген құрмет ешқашан бәсеңдеген емес. Қазақ халқы ежелден «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек — адамның екінші анасы» деп бекер айтпаған. Бұл халықтың еңбекке деген көзқарасының айғағы.
Бүгінгі таңда жастар арасында еңбекке деген сүйіспеншілікті арттыру аса маңызды. Жастар тек кеңсе жұмысына емес, нақты өндірістік мамандықтарға да қызығушылық танытуы қажет. Себебі нағыз табыс — маңдай термен келген табыс. Осы орайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ерғали Көшербаевтың өмір жолы мен азаматтық ұстанымы көпке үлгі болатындығы сөзсіз.
«Sarysý» АҚПАРАТ