Көше бойына орындықтар қойылды
Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Жалғас Дүйсенұлы демократиялық жолмен, сайлау нәтижесі арқылы ауыл әкімі болып тағайындалған еді. Өзінің сайлауалды бағдарламасында округ құрамындағы ауылдардың көшелеріне демалыс орындықтары мен қоқыс жәшіктерін қою жайлы айтқаны есімізде.
Күні кеше Ақтоғай ауылындағы Ә. Ыбыраев көшесіне 12 демалыс орындықтарын қойдырып, бір жағынан өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыра бастаса, екінші жағынан ауыл тұрғындарының, әсіресе, қариялардың, ата-апалардың бірмезгіл азанғы және кешкі мезгілде сол орындықтарға отырып шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құруларына жағдай жасалды.
Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Төлеубай Ақділдаевқа жолығып, осы жаңалық жайлы сұраған едім. Ол кісі берден өзінің риза болып отырғанын білдіріп, «ауыл әкіміне үлкен рахмет, мына орындықтары жайғасып отырып әңгіме, шаруа айтқанға өте дұрыс болды. Әсіресе, әркім қолындағы қоқысты әр жерге шашып кетпей осы орындықтар жанына жапсыра орналастырған қоқыс жәшігіне салады. Әкім орындықтарды өз қаражатына жасатқан екен деп естідім. Алла разы болсын! Қызметіне табыс тілеймін! Ауылымыз осылай бірте-бірте көркейе береді деп сенемін»-деп өзінің жүрекжарды тілегін де жеткізді.
Содан кейін ауыл әкімі Жалғас Дүйсенұлына хабарласып мән-жайды сұрап білген едім. Әкім ендігі кезекте Шоқай датқа көшесіне де осындай орындықтар қойдыру жоспарда бар, ол көшеге де қойылады,-деп уәде етті. Біз де өз кезегімізде ауыл әкіміне рахмет айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледік.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»