Спортшылар марапат төрінде
Тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде спорт күні аталып өтіледі. Бұл барлық спорт саласының қызметкерлері мен сала ардагерлері үшін айтулы күн болып есептеледі. Бүгінде аудан спортын еліміз бен халықаралық ареналарда танытып жүрген жас спортшылар көбейіп келеді.
Қаламыздағы спорт кешенінде Спорт күніне орай, қала және ауылдық округ бойынша мекеме, кәсіпорын және тұрғындар арасында аудандық спартакиада өткізілді.
Шараның ашылуына аудан әкімінің міндетін атқарушы Жанғозы Жаркенов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, зиялы қауым өкілдері, спорт саласының ардагерлері қатысты.
Спартакиада да аудан әкімінің міндетін атқарушы Жанғозы Жаркенов:
-Сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, мықты мемлекеттің негізі– дені сау ұлт. Бұқаралық спортты дамытудың басты бір құндылығы, міне, осында жатыр. Біз Сарысу спортының айбынын асқақтатар жарқын сәттер әлі алда деп сенеміз. Спортты өркендету, спортшыларға жан-жақты қолдау жасау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады,-деді.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков арнайы іс-шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, спорт саласында әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғайтын спортшылардың көптеп шыға беруіне тілектестігін білдірді.
Шара барысында ауданымыздың спорт саласының дамуына қосып жүрген үлесі үшін бірқатар азаматтар облыстық спорт басқармасының, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы және аудандық спорт бөлімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, спартакиадаға қатысушылар спорттың арқан тарту, гір тасын көтеру, кіші футбол, дартс және қол күресі түрленінен бақтарын сынады.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте 1-орынды «Қазфосфат» ЖШС командасы жеңіп алды. 2-орынды»Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» мамандары иеленді. Жүлделі 3-орынды «Жайылма» командасы місе тұтты. Командалық және жекелей жүлдеге ие болғандарға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, медальдар, бағалы сыйлықтар мен кубоктар тапсырылды.
Спартакиада соңында ардагер спортшылар мен үздік спортшыларға аудан әкімінің және мәслихат төрағасының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»