Құлақтан кіріп бойды алар…
Қазақстан халқы адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс-Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуын ерекше құрметпен атап өтуде.
Бұл – халқымыздың қайсар рухын, батырлығын және ел бірлігінің шексіз күшін әйгілейтін маңызды тарихи белес. 1941–1945 жылдардағы қасіретті жылдарда Қазақстан халқы ерлігімен де, еңбегімен де жеңіске сүбелі үлес қосты. Ал бүгін, арада сегіз онжылдық өтсе де, сол Ұлы Жеңістің маңызы кеміген жоқ – керісінше, елдік сана мен ұрпақ тәрбиесінің темірқазығына айналды. Ұлы Жеңіс – отансүйгіштік пен қаһармандықтың мәңгілік үлгісі. Бұл мерейтой өткенді еске алу ғана емес, бейбіт өмірдің, тәуелсіздіктің және ел бірлігінің қадірін ұғынуға бағытталған. Жеңістің 80 жылдығы еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде ауданымызда кең көлемде аталып өтуде.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ұзақбай Сыздықбаев ауылында «Желбіре, Жеңістің жалауы» атты өнер фестивалі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов:
-Біз батыр бабаларымыз бен ардагер аталарымызға бейбіт күн үшін құрмет көрсетеміз. Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жандардың ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Жеңіс туы көкте желбіреп тұрсын,-деп ата-бабаларымыздың сұрапыл соғыс кезіндегі көзсіз ерлігі мен жанқиярлығының арқасында бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылыққа, даму мен өркендеуге қол жеткізгенімізді ерекше атап өтіп, ізгі тілегі мен ықыласын білдірді.
Фестиваль барысында ауыл өнерпаздары өнерлерін көрсетсе, кітапхана қызметкерлері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған кітап көрмесін ұсынды. Сондай-ақ, бишілер мың бұрала билеп, көрермендердің ықыласына бөленді. Аталмыш фестивальде ауылдың өнерпаздары ұлттық домбыраны нақышына келтіріп, дәстүрлі әндерден шашу шашса, оқушылар мың бұрала би билеп, көрермендердің қошеметіне бөледі.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»