«JASTAR LIVE» жастар кеші

0

Қазіргі заманның жастары-елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші, жаңа технологиялар мен білімнің иелері. Бүгінде Сарысу жастары барлық бастамалардың басы-қасында жүр. Қай салада болмасын олар белсенді. Жастарымыз мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, спорт және басқа салаларда жетістіктерге жетуде. Сонымен қатар, аудан жастары еріктілік үлгісін көрсетіп келеді. Олар ұйымшылдықпен тұрғындарға көмек көрсету іс-шараларына үнемі атсалысады және қайырымдылық жасаудың алдыңғы шебінде жүреді.

12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай, қаламыздың орталық алаңында «Jastar Live» атты жастар кеші өтті.
Кешке қатысқан аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жанғозы Жаркенов:
— «Болашақ-бүгіннен басталады» демекші, әр жас азамат бүгіннен бастап өзінің Отан алдындағы міндеттерін түсінсе, елдің жарқын болашағы тек қана алда болары анық. Бұл- әрбір қазақ баласының мойнындағы үлкен жауапкершілік. Сол себепті олар елге деген сүйіспеншілік, білім мен еңбекқорлық жолында бір мақсатта жұмыс істеуі қажет,-деді.
Одан кейін аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Жұмағұлов пен «AMANAT» партия­сы аудандық филиалының консультанты Самат Тоқбанов та жастарға арнап ізгі тілегін жолдады. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда қосқан зор үлесі үшін бірқатар белсенді жастар аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, Жаңатас аспаны әсем әуен мен тәтті күйге бөленді. Сондай-ақ Тараздан арнайы келген көпшіліктің көзайымына айналып жүрген жайдарманшы, блогер Еламан Юсупов пен «Alem band» тобы өнерлерін көрсетті. Кеш жастардың «Қазақ жастары» әнімен аяқталды.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.