Құрыш қолды құрылысшылар марапатталды
Жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде елімізде Құрылысшылар күні аталып өтіледі. Құрылыс саласы-Қазақстан экономикасының негізгі секторларының бірі екені белгілі.
Осыған орай аудандық «Коворкинг» орталығында аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жанғозы Жаркенов ауданымыздағы құрылыс саласының мамандары және сала ардагерлерімен кездесті.
Жиын барысында Ж.Жаркенов:
-Құрылысшы-қоғам өміріндегі маңызды мамандықтардың бірі әрі бірегейі. Ауыл мен қаланың көркеюіне тікелей үлес қосатын, халықты әлеуметтік нысандармен қамтып, зәулім ғимараттар салатын-Сіздерсіздер.
Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында ауданымыз көркейіп, түрленуде. Жыл сайын аудан тұрғындарының жаңа үйде қоныс тойын тойлауы- Сіздердің жемісті жұмыстарыңыздың нәтижесі,-деп ауданымыздың экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар сала мамандарын «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Одан кейін аудандық мәслихат аппаратының басшысы Б.Жұмағұлов сөз сөйлеп, құрылысшылар мен құрылыс саласының ардагерлеріне адалдық, жанқиярлық және шығармашылық жұмыстары үшін шын жүректен алғыс айтып, аудандық мәслихаттын Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сала мамандарының құрметіне ән мен жырдан шашу шашты.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»